Ауылдарға ауыр техника қажет
Мамандардың айтуынша, биылғы жылы түскен қар көлемі жылдағыдан 1,5 есеге артық. Осының салдарынан көктем мезгілінде бірқатар елді мекенді су басуы ғажап емес. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, төтенше жағдайдың алдын алу негізінде әзірленген «Жол картасы» бойынша Керекудегі жұмыс қызу.
Мәселен, Павлодар қаласында аталмыш мақсатта арнайы штаб құрылып, тиісті жұмыстарды қолға алған. Облыс орталығына қарасты 41 аумақта төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Сол себепті, қар суын ағызып шығару ісі қолға алынуда. Арнайы техника да сақадай сай тұр. Бұқтырма қоймасынан су жіберу кезінде Кенжекөл ауылындағы бірнеше тұрғын үйді су басу қаупі бар. Ленин кентінде осыған ұқсас жағдай орын алуы мүмкін.
Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қала-аудан өңірлерін қардан тазалау жұмысы жүйелі жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін қардың 700 мыңнан астам тоннасы шығарылып, оған 50-ге жуық техника жұмылдырылған. Суды бөгеуге арналған құм толтырылған қапшықтар, қиыршық тас және т.б. материалдар жеткілікті көлемде жиналған. Лебяжі, Успен және Май аудандарында аталмыш істің жүзеге асырылуы тиісті деңгейде емес. Күрмеуі қалың мәселелердің туындауына қарды тазалау, суды айдап шығаруға арналған техниканың жетіспеуі себепші болуда. Бұл тұрғыда облыс басшылығы, жалпы, ақпаратпен шектелмей, сөзден іске көшуге ниетті. Сондай-ақ облыстағы ауылдық елді мекендерді ауыр техникамен қамту мәселесі шешімін табуы керектігін айтты. Осыған орай тиісті жоспар әзірленбек.
Мылтықбай АЙТЖАНОВ, Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы:
– Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды су тасқынына қарсы іс-шараларға техниканың 373 бірлігі дайын. Мамандардың мәліметінше, үстіміздегі наурыз айының 20-сынан бастап қардың жылдам еруі мүмкін. Бүгінгі таңда бұл жерлерде мән-жайды анықтау іс-шаралары үздіксіз жүзеге асырылуда, сондай-ақ Баянауыл ауданының Қарағанды облысымен шекаралас орналасқан Ақжар, Қаратоқа бөгеттерінің (плотина) және Сілеті суқоймасының (Ақмола облысы) техникалық жағдайы бақылауға алынды.