Бала капиталы қазаққа жат дүние ме?!
Еврейлер баласына бес жасынан бастап бизнес әлiппесiн үйретедi. Ондағысы – «балам есейгенде, ешкiмге кiрiптар болмай, ауқатты жан болса» дегенi.
Ал жапондардың «Бала капиталы» атты мемлекеттiк бағдарламасын Жапонияның әр отбасы төрiне iлiп қойып, жата-жастана жүрiп оқиды. Бұл да – бала капиталын дамытудың бiр үрдiсi. Ағылшындар тапқан табысының 25 пайызын мiндеттi түрде баласының есепшотына салып отырады. Ол да – ержеткенде баласының алдында жерге қарап қалмаудың бiр амалы.
Ал Қытайда балаға инвестиция салуға үкiметпен қоса мемлекеттiк компания да жәрдемдеседi. Қытайда қазiр 100 мыңға тарта мемлекеттiк компаниялар бар. Мiне, сол компаниялар тапқан табысының 25-28 пайызын балаларына жәрдемақы ретiнде мемлекет қазынасына аударып отырады. Сонда Қытай балалары үкiметтен бiр қаржыландырылса, мемлекеттiк компаниялар бiр қаржы бөледi. Одан соң әр ата-ана баласына мiндеттi түрде қор жинайды. Ресейдің «Ана капиталы» да бүгінде үлгі боларлықтай деңгейде... Ал қазақтар ше?
Болашаққа салынар капитал...
Жалпы, балаға салынған инвестиция болашаққа капитал екенін бүгінде бірқатар қауым мойындап та үлгерді. Экономист сарапшылардың бағамдауынша, Қазақстан халқының 8 пайызы ғана баласына инвестиция салуға ықылас бiлдiретiн көрiнедi. Ал қалғаны «балам жоғары бiлiм алса болды» деген бағытты көбiрек ұстанады. Негiзiнде, Қазақстан халқының 58 пайызының баласына инвестиция салуға мүмкiндiгi бар.
Бұл ретте экономист-ғалым Сағындық САТЫБАЛДИН:
– Әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 12 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi. Қазақтар балаға инвестиция салу мәселесiне мүлде мән бермейдi. Бұл – өте қате нәрсе. Балаға қосымша қор жинауды қазақтың санасына сiңiретiн уақыт жеттi. Қазiр «әр баланың өз несiбесi бар» деп арқаны кеңге салудың кезi өттi. Негiзiнде, кез келген отбасы мейлi 30 мың теңге тапсын, мейлi 50 мың теңге жалақы алсын, соның тым құрығанда 5 пайызын баласының капиталына салып отырса, сәл де болса қор жиналатын едi. Сосын ол бiртiндеп көбейе бередi. Бұл жерде ата-ананың мiндеттi түрде ауқатты болуы шарт емес. Тек балаға қор жинаудың қыр-сырын үйренуге ұмтылса болғаны, шаруа дөңгеленiп жүре бередi, – дейдi.
Баланың өзіне қаржы жинатып үйреткен жөн...
Бұған қоса мамандар әр баланың өзіне қаржыны үнемдеуді, қаржы жинауды үйреткен абзал дейді... Абзалында бүгінде қолына қомақты қаржы ұстағысы келетін, әмиянындағы тиын-тебенді көбейтсем деп армандайтын адамдардың саны артып-ақ келеді. Тіпті қазіргінің баласына дейін әке-шешесі «ұсақ-түйегіңді түгендерсің» деп беретін қаржыны тықпыштап жинауға бейім. Мұны қайсыбіреулер «нарық заңына ыңғайлану» деп те түсінеді. Ал бұл, шынымен, нарықтың заңын ұғыну ма? Болмаса біз күнделікті тірлік қамына бола қаржымызды жинаған болып жүрміз бе? Нақ осы ақша жинау турасында қаржыгерлер арасында бір қызық мысал бар: Кезінде әлемдік тұрғыда құрыш құюдың алпауыты саналған Эндрю Карнеги 15 жасында-ақ: «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын», – деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық, ол өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, ол өмірінің соңғы кезінде сол жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді. Осыған қарап, «Карнегидің ақша жинау әдісі қазақтың қанына да сіңер ме еді» деп қоясың амалсыз...
Негізінде, нарыққа тез бейімделгіш адамдардың дені «нарықтың басты заңдылықтарының бірі – алдыға мақсат қоя білу» деп түсінеді. Сарапшылар «егер қандай да бір адам ең әуелі алдына мақсат қоя білсе, кез келген қиындықты жеңіп шығады» деп сендіреді. Рас, адамның жетістікке жетуінде алдыға мақсат қоюдың рөлі зор екені даусыз. «Сондықтан балаға қатысты капитал жинауда да, балаңызға қаржының бар-жоғын үйретуде де осы алдыға мақсат қою тәсіл көмекке келмек»...
Несие алып нәресте сүйіп жатқандар да бар...
Бала капиталы туралы сөз еткенде Адам ұрпағын өрбіту орталығының бас маманы Салтанат БАЙҚОШҚАРОВАНЫҢ мына бір сөзі еріксіз ойға оралады: - Менің алдыма бала сүйгісі келіп бір әйел келді. Ол осы әрекеті арқылы отбасын сақтап қалғысы келетінін, өмірге бала әкелсе отбасылық мәселелері шешілетінін айтты. Мен біздің орталықта адам ұрпағын өрбітудің құнын есептеп беріп едім әлгі әйел ондай қаржысы жоқ екенін айтып, жағдайын түсінуін өтінді. Сонымен өз құнынан бірнеше есе арзан бағамен біз ол әйелдің өтінішіне құлақ астық. Сөйтіп әлгі отбасы, біздің орталықтың бірнеше есе арзан етіп ұсынған бағасының өін тауып бере алмайтын болып, банктен несие алды. Сол банктен алынған несие ақша екенін ескеріп біз барымызды салып әйелге өзіндік тәсілімізді қолдандық. Іс нәтижелі болп әлгі кейіпкеріміз дүниеге бала әкелді. Бір қынжыларлығы әйелі мына жақта қиналып бала әкелу үшін тырысып, отбасын сақтап қаламын деп жанталасып жатқанда күйеуі ішімдік ішіп, ойынхана іздеп қолда бар ақшасын сонда тігіп, тіпті несиеге алынған әлгі қаржыны да ұттырып жібермек болған кездер болды. Осындай жағдайлар мені еріксіз толғантады. Бала сүйгісі келіп несие алып нәресте сүйіп жататын жайттар бізде жиі кездеседі. Бұған байланыстыра айтарым, әр нәресте дүниеге несиемен емес, несібемен келсін десек, балаға арнап капитал жинаған артық болмайды. Сондықтан біздің қаракөздер айлық табысының кем дегенде 5 пайызын баласына арнап салып отырса жөн болар еді... Балаға арнап инвестиция жинау бұл болашаққа капитал жинау, сол баланың болашағын қамтамасыз ету. Демек мұны бізге үйренетін кез әлдеқашан жетті...
«Алаш айнасы» мұрағатынан