Бала тууға тыйым салудан басқа жол жоқ па?
Оңтүстікте ана өлімімен күрес, үгіт-насихат жүргізу жұмыстары бұрын кісендеулі аттай кібіртіктеп тұратын. Бүгінде үгіт жүргізудің арқасында бұл жұмыстың көрігі қызып тұр. Тіпті бұл мәселе әкімдердің басына таяқ болып тиетін кездері де бар. Сондықтан да болар, алты айлық, жылдық есеп беру кезінде әкімқаралар бұл мәселені айналып өте алмайды. Әңгіртаяқтан аулақ болу үшін болар, әкімдер бүгінде қойын кітапшасының ең керекті бөлігіне осы мәселені түртіп қоятын болыпты.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бүгінде олар жауапты мамандарды жүгіртіп, жүктілікке қарсы «майдан» ашып жатқандай. Енді ана мен бала мәселесіне тек денсаулық сақтау саласының мамандары ғана емес, аудан, қала әкiмдiктерi тарапынан арнайы «штаб» құрылып, жұмыс жасалуда. Мүлде бала көтеруге болмайтын әйелдердің тізімі тіпті әкімдердің қатаң бақылауында болады дейді дәрігерлер. Ол үшін баланы жоспарлау кабинеттері барлық аудандарда ашылған. Денсаулығында кінәраты бар, бала көтеруге мүлдем болмайтын аналарға кеңестер беріліп, контрацептикалық заттар тегін таратылады. Әрине, мұның барлығы да – ана мен бала өлімінің алдын алу үшін атқарылып жатқан шаруалар. Дұрыс емес дей алмайсыз. Дегенмен бұл еліміз бойынша әрбір бесінші баланы дүниеге алып келетін оңтүстіктік аналардың құрсағына құлып салғанмен бірдей көрінетіні рас. Мұндайда «бөпе бумы» қайдан болсын? Әрине, ана мен бала денсаулығы үшін жанұшырып жүгіріп жүрген дәрігерлердікі де жөн. Қандай жағдай болсын бала сүю бақытынан бас тарта алмайтын аналарға да кінә қоя алмайсыз. Таразы басын тартып кете беретін осындай жағдайда төрелік айту да артық болар, әрине...
Бүгінде дәрігерлер де, мейірбикелер де туу жасындағы аналарды қайта-қайта тексерілуге шақырып, үй-үйді аралап, шарлап жүр. Қазекемнің «баяғыда сабан тасып жүріп босанып қалдымнан» басталатын әңгімесі әлі де тыйылған жоқ. Жүкті әйелдер ерте есепке тұрудың орнына, ауруы әбден асқынғаннан кейін келеді. Оған дейін дәрігерлер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбей не бітіріп жүр дейтіндер де табылар. Алайда ана өлімінің алдын алуға баяғыда-ақ оңтүстікқазақстандық ақ халаттылар бел буып, білек сыбанып кірісіп кетті. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бала көтеру жасындағы 695 500 әйелдің 9 571-іне босануға мүлдем болмайды. Өңір сәбилер санымен мақтанғанымен, туу жасындағы әйелдер денсаулығы ең төмен аймаққа жатады.
Әрине, ауру анадан ауру бала туылатыны анық. Тіпті созылмалы сырқаты бар аналардың босану үстінде бақилық болуы да ғажап емес. Сол үшін дәрігерлер бастап, әкімқаралар қостап шабылып жатқаны тегін емес. Жуырда облыс әкiмдiгiнде ана мен бала өлімінің алдын алу мәселесіне арналған жиын өткен болатын. Қатысушылар осы мәселені түртінектеп, жауап іздеді.
Балжан Исабекова, Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Облысымызда ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін барынша жағдай жасалуда. Бірақ соған қарамастан жағдай мақтанарлықтай мәз емес. Босану жасындағы аналардың өз денсаулықтарына жіті көңіл бөлмеуі басым. Учаскелiк дәрiгерлерiмiз әрбiр аяғы ауыр анаға хабарласып, тиiстi ем-домын қабылдауға шақырып жатады. Соның өзіне келмейтіндері бар. Өзi ауырса да, баласы ауырса да, асқындырып, әбден нашарлағанда ғана ауруханаға келедi.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде жылына 70 мыңнан аса сәби өмірге келеді. Өткен жылы 72 370 бала дүние есігін ашса, жыл басынан бері 37 829 бала туылған. Балалар жәрдемақысының көтерілуіне байланысты оңтүстікте бала туу көрсеткішінің де күрт артқанын дәрігерлер жасырмайды. Бала туу көрсеткіші көбейгенімен, көңілге көлеңке түсірерлік тұс та жоқ емес. Туа бітті дертпен туылып жатқандар да баршылық. Жағдайы жақсы отбасыларда бала саны артпағанымен, тұрмысы төмен отбасыларда керісінше көбейген. Мұның себебін мамандар жәрдемақыға қызығушылықтан әрі балаларды асыраудың төте жолы деп есептейді. Өйткені ауылдық жерде тұратындардың көбісі жұмыссыз екендігі белгілі. Балаға берілетін көмек ақшамен күн көріп отырғандар жетерлік. Сол себепті де денсаулығының нашарлығына қарамастан бесінші, алтыншы перзентін өмірге әкелуге ниеттенгендер жоқ емес. Бүгінде облыс орталығында 72 мыңнан астам ана жәрдемақы алады. Ай сайынғы берілетін 8 мың теңге қосымшасын қоссаңыз, кейбір отбасыларға бұл – үлкен көмек. Осы ақшаға телміріп бір үйлі жанды бағып отырғандар да жетіп-артылады. Денсаулығы нашар, ағзасында ақауы бар аналарға дәрігерлер «тууға болмайды» дейді, түрлі себебі барын айтып, аналар «қалай болғанда да, осы баламды босанам» дейді. Сөйтіп, екі арада түсінбеушілік туады. Дәрігерлерге көп жағдайда, әрине, ана мен бала денсаулығының жақсы есебі керек, ал аналарға ұрпағының көп болғаны қажет. Аз қазақты көбейтуге күш салуға ниеттенген аналардікін де дұрыс емес дей алмайсыз. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?...
Осылайша, ана өлімімен күрес күшейіп тұр. Құлақ та тыныш, есеп те дұрыс...
Гүлім Шалқар, ата-ата:
– Өзім емханада бронхиалды астма дертімен есепте тұрамын. Дәрігерлер бала көтеруге болмайды дейді. Тіпті «егер аяғым ауырлап қалған жағдайда дәрігерлерге қояр кінәм жоқ» деп жаздыртып та алды. Мен қалай болғанда да бала көтеруге талпынып жүрмін. Дәрігер ұсынған түрлі контрацептикадан да бас тарттым. Ешкімнің де, ешқашан да, қандай жағдай болса да бала тууға болмайды деп тыйым салуға қақысы жоқ емес пе?