Балдырғандар қиялы – ақ қағазда
Әдетте психологтер 3 жастан асқан балалар өзі туралы және қоршаған ортаны қалай түсінетінін сурет салу арқылы жеткізетінін айтады. Осындай бір топ бүлдіршіннің қиялынан қағаз бетіне түскен суреттеріне «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы шығармашылық байқау жариялады. Өздерінің асқақ арманын қылқалам арқылы жеткізген байқау жеңімпаздары Астанаға саяхаттау мүмкіндігіне ие болды.
Шара, Балаларды қорғау күніне орай, еліміздегі мұнай саласында еңбек ететін қызметкерлердің балдырғандарына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Сурет сайысына 7 және 14 жас аралығындағы балдырғандар қатысып отыр. Жас суретшілерге қойылған басты талап – олар «Менің арманым», «Мен және менің отбасым» деген тақырыптарға өздерінің туындыларын ата-анасының көмегінсіз салып, бізге жолдауы керек. Үздік деп танылған туындылардың иелеріне компания атынан арнайы диплом мен кәдесыйлар үлестіріледі. Ең бастысы, еліміздің жүрегі – Астананы көруге, көрікті орындарын аралауға мүмкіндік жасап отырмыз. Байқаудың мақсаты – жас буынды патриоттыққа баулу, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, отбасылық құндылықтарға және ұлттық бірлікке баулып тәрбиелеу. Балалардың шығармашылық әлеуетін одан әрі дамытуға жәрдемдесетін осындай байқауларды жыл сайын өткізуді дәстүрлі шараға айналдырсақ деген ойымыз бар», – дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Мәлік Сәулебай. Осылайша аталған компанияның орталық аппаратында еліміздің Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Қызылорда қалаларынан келген үздік суретшілер марапатталды. Шарапатты шараға 2005 және 2007 жылдардағы әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев, «Балапан» телеарнасының бас директоры Ләйла Сұлтанқызы қатысып, кішкентай жүректердің қуаныштарымен бөлісті.
Ләйла Сұлтанқызы, «Балапан» телеарнасының бас директоры:
– Сөздің шыны керек, соңғы кездері отбасылық құндылықтарды өз деңгейінде бағалай алмай жатамыз. Қазір ата-аналардың көбі тұрмыс қамымен жұмысбасты болып жүр. Соның салдарынан балғындардың көкейінде қандай тілектері, армандары бар, ол жағына үңілуге уақыт мұрша бермей жатады. Кез келген бала көкейіндегісін, арманын сурет салу арқылы жеткізеді. Неге десеңіз, кішкене баланың өз ойын жеткізу үшін тіл байлығы жетпеуі мүмкін. Сондықтан олар арманын ақ қағазға түсірерде міндетті түрде отбасымен, зәулім қалалармен байланыстырады. Яғни бала өзінің арманын, мақсат-мүддесін қағазға түсіре отырып, психологиялық тұрғыдан отбасы құндылықтарын өзінше түйсіне алады. Өкініштісі сол, кейде олар салған суреттер еленбей қалады. Осы жағынан келгенде, «Менің арманым», «Мен және менің отбасым» секілді шығармашылық байқауларды ұйымдастырудың маңызы зор.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің 7 және 9, 10 және 12, 13 және 14 жас аралығындағы балғындар қатысқан байқауда әр жас санаты бойынша үш жүлделі орын белгіленген. Жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың басты сыйлығы – Астана қаласына саяхат. Қазылар алқасына Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Қоңыр Мұхамедиев жетекшілік етті. Оның айтуынша, жеңімпаздарды анықтау барысында комиссия мүшелері балалардың тақырыпты ашу шеберлігіне, суретті безендіру талғамына, жұмыстың талаптарына сәйкес орындалуына баса назар аударылды. Нәтижесінде, 7 мен 9 жас аралығындағы қатысушылар арасында жүлделі 1-орынды ата-анасы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ында қызмет істейтін 7 жасар Махаббат Жеңісқызы жеңіп алды. Сондай-ақ қазылар алқасы Жаңаөзен қаласынан келген Ерасыл Рахметов пен ата-анасы «Ембімұнайгаз» АҚ-ында қызмет істейтін Реджепмұрат Рамазанов салған туындыларды үздік деп таныстырды.
Махаббат Жеңісқызы, байқау жеңімпазы:
– Мен байқауда жеңімпаз атанып, Астана қаласына жолдама алдым. Көптен бері Астанаға барып, әсем қаланы араласам деп армандайтын едім. Тілегім орындалды. Өзімнің шығармамда отбасымды салдым. Болашақта дәрігер болуды армандаймын. Өйткені олар ауырған адамдарды емдейді.
Реджепмұрат Рамазанов, байқау жеңімпазы:
– Мен өз туындымда, ең алдымен, алып спорт алаңын салдым. Өскенде Қазақстанның атын әлемге танытатын күрескер спортшы болғым келеді. Бүгінгі күні Серік Сәпиев ағамыздың қолынан диплом алып, өте қуанышты күйде тұрмын.
Ал 10 және 12 жас санаты бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерінің қызы Жадыра Қуанышова жеңімпаз атанды. Атыраулық бүлдіршін туындысында өз қиялын Астанамен байланыстырған. Бұдан бөлек, Ақтау қаласынан келген Ақпанай Метерованың, маңғыстаулық Қалбек Садуақасованың шығармалары таңдаулылар қатарынан көрінді. Сондай-ақ 13 және 14 жастағы қатысушылар арасынан үздік суретті жолдаған маңғыстаулық Әйгерім Дүйсембай болды. Жүлделі 2-орынды– Ақтау қаласынан келген Арайлым Жұмабаева, 3-орынды Жаңаөзеннен келген Толқын Рахметова иеленді.
Байқауға қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасы жүлделі орындардан бөлек, ерекше қызығушылық тудырған бірнеше суреттерді айрықша атап өтіп, бұл балалардың да Астана қаласына саяхаттап келуі туралы шешім қабылдапты. Атап айтқанда, 9 жасар Дилназ Мадениетова, 7 жасар Айдана Айдын, Қызылорда қаласынан келген Камила Сапиева, 6 жасар Полина Пан, 11 жастағы Балнұр Жайдарбек.
Мәлік Сәулебай, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
– Байқауда мұнайлы өңірлерден келген 130-дан астам бала бақ сынады. Былтыр қатысушылардың саны 50-ден аспаған еді. Балалар салған суреттерден еліне, жеріне, ата-анасына деген ыстық махаббатты, асқақ армандарды көрдік. Араларынан үлкен азамат, атақты мұнайшы, атақты суретші, басқа да маман иелері шығады деген үміттеміз. Өнерпаз балғындарды Астана қаласының көркі шабыттандырады деген мақсатпен елордаға жинадық. Бұдан былай да компания тарапынан дарынды балаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп тұратын болады.