Балқашта балық зауыты ашылды
Алматы облысы Балқаш ауданының ең солтүстік бөлігінде жатқан Қарой ауылында күніне 3,5 тоннаға дейін балық өндіретін жаңа зауыт ашылды. Осыған орай, жаңа зауыттың тыныс-тіршілігімен танысуға Алматы облысының бір топ журналистерімен бірге «Алаш айнасы» газетінің тілшісі де аталмыш ауылға барып қайтқан еді.
Алматы қаласынан Балқаш ауданының орталығы, яғни Бақанасқа дейін 210 шақырым. Ал біз баратын ауыл Бақанастан ары қарай тағы 180 шақырым екен. Дегенмен жаяу бара жатқан жоқпыз. Журналистерді артқан автобус ойлы-шұңқырлы трассаны бағындырып, бір ұйықтап тұрғанша Қаройға жүйткіп жетті.
Көрініп тұр, Қарой ауылы кезінде құлдырап, үйлері үйіндіге айналып, қайтадан жандана бастаған ауыл екен. Мәдениет үйі, мектеп, аурухана барлығы да жаңадан салынғаны көрініп тұр. Тіпті сыры кеппеген ғимараттар да бар. Ауыл Балқаш көлінен шамамен 30 шақырым қашықтықта жатыр. Ал Алматыдан осы ауылға келуіміздің басты себепшісі болған «Рахымберлі» шаруашылығының балық өңдеу зауыты Қарой ауылының шетінде орналасыпты. Құрылысы былтырғы жылы басталған кешенге барлығы 105 миллион теңге жұмсалған екен. Мұны біз зауыт директоры Мейірғали Қасымбековтің өз аузынан естідік.
– Негізі, былтыр «Бақанас» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тұтыну корпорациясы арқылы «КазАгро несиелік корпорациясынан» 120 миллион теңге несиеге алғанбыз, – деп Мейірғали Рахымберліұлы сөзін ары қарай жалғастырды. – Ол қаржының 105 миллионы зауыт құрылысына кеткен болса, қалған 15 миллионын айналымға салмақ ойымыз бар.
Сондай-ақ директордың сөзінен ұққанымыз, зауыттың құрал-жабдықтары Германияның «ЭМФ» фирмасынан арнайы тапсырыспен алдырылыпты. Күніне 3,5 тоннаға дейін балық өнімін шығаратын жаңа зауытта 84 адам жұмыс істейтін көрінеді. Осындай ақпараттарға қанығып, директормен әңгімелесіп тұрғанымызда облыс әкімі Серік Үмбетовтің келе жатқаны белгілі болып, сыртқа шықтық. Халық алдына шыққан Серік Әбікенұлы ұзақ сөйлеген жоқ. Тек бұл атқарылып жатқан шаруалардың барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отырған іс екенін баса айтып, осы зауыттың салынуына зор үлесін қосқан меценат-демеуші Өмірзақ Сәрсеновті де мақтап өтті. Бұдан кейін зауыттың лентасын қиған облыс әкімі неміс құрал-жабдықтарының қалай жұмыс істейтінін көзбен көру үшін зауыт ішіне бас сұқты.
– Жалпы, Балқаш көлі мен Іле өзенінің жағасында орналасқан балық аулауға лицензиясы бар шаруашылықтармен келісімшарт жасалған. Сол келісімшарт бойынша балықтар әкелініп жатыр, – деп Мейірғали Қасымбеков зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырып келеді. Ара-арасында журналистердің де сұрағына жауап беріп, зауыттың қауқары жылына 965 тонна балық өндіруге жететінін, одан балық сүйегінің ұнын, балық фаршын, ысталған балық секілді өнімдерді өндіріп, облыс орталықтарына, тіпті шетелге экспортқа жіберу де көзделіп отырғанын айтты. Сондай-ақ зауытта жұмыс істейтін қызметкерлердің екі ауысыммен жұмыс істейтінін, олардың жалақысы әзірге 15-20 мың теңгені құрайтынын да тілге тиек етіп өтті. Жалпы, директордың айтуынша, олар өздерін де, басшылықты да, халықты да, қызметкерлерді де риза қылып отырған көрінеді. Оның сөзі қаншалықты шын екеніне көз жеткізу үшін сол жердегі жұмысшылардың бірін сөзге тартқан едік.
– Бұрын есепші болып істегенмін. Бірақ ол жұмысым қысқарып қалып, осында ауыстым. Мұнда компьютерлік таразыда өндірілген өнімдердің бағаларын қойып отырамын. Шүкір, қолым үйреніп қалды, – деп жауап берді өзін Төлеген Хабарұлы деп таныстырған жас қызметкер.
– Ал жалақыңыздың мөлшері қанша болады? Ол жағын келістіңіз бе?
– Қанша айлық алатынымды әзірге айта алмаймын. Бірақ кейін жұмыс істегенімізге қарай жалақымызды өсірулері керек.
Дегенмен бейресми деректерге сүйенсек, алдағы бір-екі айда қызметкерлердің орташа жалақысы 38 мың теңгеге дейін көтерілетін көрінеді. Әлбетте, 38 мың теңге дегеніміз соншалықты көп ақша болмаса да, шамамен 2-3 мың тұрғыны бар Қарой секілді ауыл үшін өте жақсы. Алайда шаруашылық қожайындары қызметкерлерді тек бір ғана ауылдан емес, бүкіл Балқаш өңірінен қарастырамыз дейді.
Халық алдына шығып сөз сөйлеген меценат-демеуші, «Бақанас» ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің тұтыну корпорациясының төрағасы Өмірзақ Сәрсенов облыс әкімі Серік Үмбетовке былай деп ұсыныс тастады.
– Балқаш өңірі балығымен ғана емес, төрт түлігімен де мақтана алады. Егер сіздің тарапыңыздан қолдау болса, онда келесі жылы мал өнімдерін өңдейтін жаңа зауыт ашайын деп едік. Мұнда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «КазАгро несиелік корпорациясының» Алматы облысындағы өкілдері тұр. Осылар демеп жіберсе дұрыс болар еді. Бұл жерде сіздің қолдауыңыз керек, – деп еді, мұқият тыңдаған Серік Әбікенұлы Талдықорғанға бара салысымен бұл істі қолға алуға уәде етті. Демек, ендігі жылдың күзінде Балқаш ауданы Қарой ауылынан тағы бір зауыттың ашылуын күтеміз.
Серік ҮМБЕТОВ, Алматы облысының әкімі:
– Осының алдында бұл ауылға келгенімде ештеңе жоқ болатын. Халық жадау күн кешіп отырған. Қазір Аллаға шүкір, жағдайдың оңалғаны көрініп тұр. Ал жалпы, бұл атқарылып жатқан шаралардың барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жол картасы» бағдарламасының аясында жасалып жатыр. Осы бағдарламаның аясында ашылған балық зауытының да мәні өте зор. Көлдің жанында тұрып, өз балығымызды өзіміз өңдей алмасақ, несіне ел болып жүрміз?
Өмірзақ СӘРСЕНОВ, меценат-демеуші, «Бақанас» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тұтыну корпорациясының төрағасы:
– 1990 жылдардың басында тәуелсіздігімізді енді ғана алып, халық өз-өзіне келе алмай жатқан кезеңде ауылдың көптеген азаматтары мемлекеттен қалған ғимараттарды бұзып, кірпіштерін алып, аудан орталықтарына, қалаға көшіп кеткен болатын. Байқаймын, солардың көбісі қайтып көшіп келіп жатыр. Бұл дегеніміз – бүгінде ауылда дағдарыс жоқ, керісінше, дағдарыс қалада дегенді білдіреді.