Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою
Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, бақылау-касса машинасын пайдаланатын жерi бойынша салық органдарына есепке қоюға модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары жатады.
Сауда автоматтары және (немесе) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалдарымен жарақтандырылған компьютерлiк жүйелер болып табылатын бақылау-касса машиналары әрбір сауда автоматының және (немесе) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалының орналасқан жерi бойынша салық органында есепке қойылуға тиiс.
Автодүкендерден және (немесе) шатырлардан көшпелi сауданы жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын бақылау-касса машиналары мұндай салық төлеушiлердiң орналасқан жерi бойынша салық органында есепке қоюға жатады.
Салық органдары осы Кодекстің 645-бабының 1-тармағына сәйкес, бақылау-касса машиналарын қолдану бойынша талап қолданылмайтын салық төлеушілердің бақылау-касса машиналарын есепке қоюды жүргізбейді.
Бақылау-касса машиналарын есепке қою салық төлеуші бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірін бере отырып және бақылау-касса машинасының карточкасын бере отырып жүргізіледі.
Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын қоспағанда, бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қойған кезде салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) іске қосу фискалды режимді орнатпай-ақ мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтерді қамтитын бақылау-касса машинасын;
3) дайындаушы зауыттың паспортын;
4) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен расталған қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын табыс етеді.
Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машинасын есепке қойған кезде салық төлеуші өзінің орналасқан жері бойынша салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) компьютерлік жүйенің жұмыс істеу мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасын;
3) салық органында тіркеуге қою үшін мәлімделген компьютерлік жүйе моделінің «Салық инспекторының жұмыс орны» модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулықты табыс етеді және онымен жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.
Салық органының лауазымды адамы компьютерлік жүйелерді қоспағанда, бақылау-касса машинасын есепке қою кезінде:
1) салықтық өтініште көрсетілген мәліметтердің ұсынылған құжаттарға сәйкестігін тексереді;
2) таңбалау тақтайшасында көрсетілген бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін дайындаушы зауыттың паспортында көрсетілген бақылау-касса машинасының нөмірімен салыстырады;
3) қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын рәсімдеудің дұрыстығын тексереді;
4) бақылау-касса машинасы жұмысының фискалдық режимін белгілейді;
5) бақылау-касса машинасының корпусына салық органының пломбасын орнатады;
6) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын рәсімдейді;
7) қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын өз қолымен, салық органы басшысының қолымен және салық органының мөрімен растайды;
8) салық төлеушіге:
- фискалдық жұмыс режимі белгіленген және салық органының пломбасы орнатылған бақылау-касса машинасын;
- расталған қолма-қол ақша есебінің кітабы мен тауар чектерінің кітабын;
- бақылау-касса машинасын дайындаушы зауыттың паспортын қайтарады.
Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын есепке қойған кезде салық органының лауазымды адамы осы баптың 6-тармағының 1), 4) және 6) тармақшаларында көзделген іс-қимылдарды жүзеге асырады. Бұл ретте компьютерлік жүйеге фискалды режим белгілеу ақпаратты компьютерлік жүйенің фискалды деректеріне рұқсатсыз қол жеткізуден криптографиялық тұрғыдан қорғайтын құралдардың белсенді жұмыс істеуін білдіреді.
Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы салық төлеушіге бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қою кезінде беріледі, бақылау-касса машинасының бүкіл пайдалану мерзімі бойына сақталады және салық органдарының талабы бойынша көрсетіледі.
Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының, тауар чегінің, фискалдық есеп-қисапты алу актісінің, қолма-қол ақша есебі кітабы мен тауар чектері кітабының нысандарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
(Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша салық басқармасы. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің құжаттарын қабылдау және өңдеу бөлімінің бас маманы-бас салық инспекторы Аязбаева Г.Е.)