Басқаруды орталықсыздандыру не береді?
Мемлекет басшысы 2012 жылы өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жағынан жетілдіру: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында ХХІ ғасырдың сынақтарына жауап беретін толыққанды әкімшілік реформаны ұсынған еді. Бұл бастама біздің қоғамда толық қолдауға ие болды. Соның бір мысалы – ауыл әкімдерінің сайлауы.
Жаңадан сайланған әкімдердің корпусында еліміздегі 23 ұлттың өкілі бар. Ал оларды мамандық түрлері бойынша бөлетін болсақ, 627-сі (25,6 пайызы) – педагог, 501-і (20,4 пайызы) – ауыл шаруашылығы маманы, 417-сі (17 пайызы) – инженер, 367-сі (14,5 пайызы) – экономист, 281-і (11,5 пайызы) – заңгер және 271-і (11 пайызы) – басқа мамандықтардың өкілі. 2454 әкімнің 280-і, яғни 11,4 пайызы – әйелдер. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 32-ге көп. Статистикалық мәліметтерден Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында әйел-әкімдердің саны 6 пайызға дерлік ұлғайғанын көрдік.
Әкімдердің орташа жасы – 47. Олардың ішінде көпшілігі 55 жасқа дейінгі адамдар, олар әкімдер корпусының 80,3 пайызын құрайды. «Жалпы алғанда, әкімдер құрамы біршама жасарды. Бұған дейін 55 жасқа дейінгі әкімдер 74,5 пайызды құраған болатын. Ал жаңадан сайланған әкімдердің ішіндегі ең жасы 25 жаста», – деді Қуандық Тұрғанқұлов сайлау қорытындысы бойынша өткен жиында. Айта кетелік, бұған дейін Павлодар облысы Успен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып келген 25 жастағы Тимур Жанғазинов қайта дауыс берудің нәтижесінде аталған аудандағы Қозыкеткен ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сондай-ақ Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі болып 28 жастағы Азамат Қойсарин сайланды. Ол бұрын аудандық жер қатынастары мен кадастр бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. Бұл – аймақтық саясатта мемлекеттің жастарға үлкен үміт артып, сенім білдіргенінің бір көрінісі.
Қазақстандағы ең жас басқарушылардың бірі – Павлодар облысындағы Заңғар ауылдық округінің 25 жасар жаңа әкімі Хамза Оразбеков. «Еліміздегі ауыл әкімдерін сайлаудың демократиялық жүйесінің нәтижесінде 25 жасымда елді мекенді басқару құқығына ие болдым, – дейді Хамза pavlodarnews.kz сайтына берген шағын сұхбатында. – Ендігі жоспарым – ауылда кәсіпкерлікті дамытып, балабақша салу». Павлодар ауданында туып-өскен Хамза өз ауылының қандай күрделі мәселелері барын бес саусағындай біледі. Мемлекеттік қызметте 3,5 жылдық өтілі бар жас жігіт сайлауға дейін кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек етіпті. Атап айтарлығы, әкімдік қызметке 7 тамызда Хамзамен бірге Заңғар ауылындағы тағы екі адам кандидатурасын ұсынған. Олардың жасы да, тәжірибесі де, еңбек өтілі де Хамзадан айтарлықтай асып тұрған. Алайда ауылдастары жас жігітті таңдаған. Ал Хамзаға дейін «жасы жағынан» ең іскер, белсенді болып танылған қостанайлық 23 жастағы Татьяна Новикованың депутат болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
«Сырткөз сыншыл» деген сөз бар. Соңғы кездері шетелдік тұлғалар біздегі әкімдер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің жасына қатты таңғалып жүр. Солардың бірі – тамыз айында елімізге келген Тайландтағы Amata индустриялық корпорациясының басшысы, 60 жастағы жазушы, ізгі ниет елшісі, «Азия керуені-2013» экспедициясының көшбасшысы Викром Кромадит. Әлемге әйгілі тай елінің саяхатшысын Қазақстандағы басшы кадрлардың жастардан болғаны қатты таңғалдырыпты. В.Кромадит отандық БАҚ-тың біріне берген сұхбатында әлемнің ешбір елінде 35 жастағы адамның қала не облыс әкімі болғанын көрмегенін мойындаған. Ал бізде бұл – қалыпты нәрсе.
Қуатты мемлекетке айналуымыз үшін іс жүзіндегі демократияны жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқарудан бастадық. Әділ сайлау – қуатты мемлекет құрудағы қадамдарымыздың бірі. Мәселен, ауыл әкімдерінің сайлауы еліміздегі әкімдер корпусының 91 пайыздан астамын қамтыды. Яғни аймақтарды дамытуға толығымен бетбұрыс жасадық. Өңірлерді дамыту министрлігінің құрылуы, аймақтарды дамыту бағдарламаларына (моноқалаларды дамыту, шағын қалалар) бюджеттен қомақты қаржы бөлу – бұлардың бәрі Қазақстанның аймақтық саясатын күшейтуінің белгілері. «Елімізде жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару реформасы жүргізілді. Ауылдық деңгейге қосымша 5 мың штаттық бірлік бөлініп, оларға 67 мемлекеттік функция бекітілді. Қазіргі кезде ауыл әкімдері салық жинауға, бюджетті қалыптастыруға, тұрғындардың қатысуымен жергілікті мәселелерді шешу үшін қаржыландыру құқығына ие болды. Бұл барлық әкімдерге өз отандастары мен мемлекет алдында аса зор жауапкершілік жүктейді. Әрбір әкім сол жауапкершілікті сезініп, өз міндеттерін лайықты атқаруы тиіс», – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5-шақырылған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде. Яғни мемлекет осы сайлау арқылы ар-ұжданы таза, ашық, патриот, халықшыл «жаңа типтегі» басшылардың билікке келгенін қалап отыр деген сөз. Оларға, біріншіден, елінің мүддесіне қызмет етуге мүмкіндік берілсе, екіншіден, мансабын өсіріп, «А» корпусына өтуіне жол ашылады. Сондай-ақ бұл сайлау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарымыздың бірі. Жергілікті жерлерде жүргізілген реформа төмендегі басқарушылардың қатарын жемқорлықтан тазалауға көмектесетіні сөзсіз. Мұндай пікірді Парламент депутаттары да қолдайды.
– Бұл жерде, біріншіден, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заң бұзылмауын қадағалауымыз керек, – дейді Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова. – Екіншіден, халықтың өзі жемқорлық әрекеттердің субъектісіне айналмауы тиіс. Былайша айтқанда, халық пара бермесе, әкім оны қайдан алады? Сондықтан ауылдық жерлердегі тұрғындардың өзі белсенді болып, өз мемлекетін құруға атсалысуы керек. Өйткені мемлекет деген – халық емес пе? Ал жаңадан сайланған әкімдер сол халықпен жұмыс істей біліп, зар-мұңын тыңдап, заңның аясында шетін мәселелерін дер кезінде шешіп беріп отыратын болса, мемлекет те дамиды. Ол үшін әрбір әкім өз ісінің білгірі, сауатты, отаншыл болуға міндетті. Елбасы мемлекеттік қызметшілерге неге жоғары деңгейде талап қойып отыр? Себебі билік мықты болмаса, халықтың тарапынан құрмет пен қолдауға ие болмаса, онда мемлекет те болмайды.
Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Надежда Нестерованың пікірінше, демократияны дамытудағы жаңа қадамымыздың аса маңызды екенін халықтың өзі терең түсінуі тиіс.
«Билеушілер халықты патриот емессің деп айыптамауы керек, керісінше, олар халық отаншыл болуы үшін, өз қолдарынан келетін істің бәрін жасап, үлгі көрсетуі керек» депті философ-ойшыл Т. Маколей. Елбасы мен халық үміт артқан әкімдерге патриоттықтың нағыз үлгісін көрсететін кез келді. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл прагматикалық патриотизм. «Азаматтар мемлекетке сенуі үшін, сол мемлекеттің болашағы жарқын болуы тиіс, дамуға, жеке адамның кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік болуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал жарқын болашаққа баратын жол – «Қазақстанның – 2050» стратегиясы. «Біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан – 2050» стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл стратегияның негізгі алға қойған мақсаты – 37 жылдың ішінде, мүмкін, одан да бұрын әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің тобына ену», – деді мемлекет басшысы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде. Президенттің пікірінше, бұл межеге жету тек қана ішкі өнімнің өсуімен бағаланбайды. Онда адамның дамуы, әлеуметтік жағдай, білім беру, денсаулық сақтау бағыттарындағы қарқынды өсу мәселелерін ескеру керек. Олай болса, біздің билік алыс аймақтардағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға қадам жасады. Бұл – бүкіл халықты, ұлтты, елді бірлікке шақыратын қадам. Бұл демократиялық қоғам қалыптастырудағы, қуатты мемлекет құрудағы таңдаған стратегиялық бағытымыздың өміршеңдігін көрсетеді.