БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ
Қазақ баласын бизнеске тартудың жолдарын іздеуге неге құлықсызбыз?
Баяғыда біреу үлкен ғұламаға барып «өмірімнің соңына дейін бақытты, сәтті болуым үшін не қажет» деп сұрапты. Сонда ғұлама ол үшін ұрпағыңа кәсіптің көзін табуға үйрет» деген екен.
... Расымен де біз осы ұрпағымызға кәсіп үйретудің тетігін меңгере алып жүрміз бе? Балаларымызды нарықтың заңдылығына қарай сауатты тәрбиелей алып келеміз бе?Қазақ баласын бизнеске жастайынан машықтандыра ала ма? Бүгін «Алаштың бизнес әліппесі» арқылы осы сауалдарға жауап іздемекпіз.
Қазірде қолына қомақты қаржы ұстағысы келетін, әмиянындағы тиын-тебенді көбейтсем деп армандайтын адамдардың саны артып-ақ келеді. Тіпті қазіргінің баласына дейін әке-шешесі «ұсақ-түйегіңді түгендерсің» деп беретін қаржыны тықпыштап жинауға бейім. Мұны қайсыбіреулер «нарық заңына ыңғайлану» деп те түсінеді. Ал бұл, шынымен, нарықтың заңын ұғыну ма? Болмаса біз күнделікті тірліктің қамына бола қаржымызды жинаған болып жүрміз бе?
Нарықтың заңы емес, қарынның қамы екен
Нақ осы ақша жинау турасында қаржыгерлер арасында бір қызық мысал бар: кезінде әлемдік тұрғыда құрыш құюдың алпауыты саналған Эндрю Карнеги: «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын» деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, ол өмірінің соңғы кезінде жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді. Бұған қарап, біздің сарапшыларымыз «Карнегидің тәсілі қазақтың қанына мүлде сіңбеген. Қазақтың баласы бизнес әлемі дегенді әлі толық білмейді. Тіптен жеке кәсіпкерлердің балалары әкесінің кәсібін жалғастырып кете қоюы неғайбыл» деседі.
Қорлан Әбсалықова, академик, ғалым:
- Біздегі бизнеске қауқары бар қауым бүгінде ақша жинаса, не даңғарадай қылып үй салады, не алаулатып-жалаулатып, ата-бабасына ат шаптырып, той жасайды. Сосын барады да, «өлі разы болмай, тірі байымайды ғой» деп терең күрсінеді.Біз бизнес әлемінде шектен тыс дарақылыққа жол береміз. Елде жабайы кәсіпкерлік кеңінен қалыптасып кеткен. Қазақтың кәсіпкерлерінің басым бөлігі қара басының қамын күйттеуден аса алмай жүр. Олар мемлекеттің жалпы экономикасына үлес қосуға, жастарды бизнеске тартуға асқан ынтызарлықпен бел шешіп кірісіп отырған жоқ. Міне, біздің бизнес өкілдерінің нарықтың заңына емес, қарынның қамына жұмыс істейтінін осыдан аңғару керек.
Еврейлердің тәсілі елеуге тұрарлық...
Жалпы, баланы бизнес әлемінен хабардар етуге қатысты еврейлер баласына бес жасынан бастап бизнес әлiппесiн үйретеді. Ондағысы – балам есейгенде ешкiмге кiрiптар болмай, ауқатты жан болса дегенi.Ал жапондардың «Бала капиталы» атты мемлекеттiк бағдарламасын Жапонияның әр отбасы төрiне iлiп қойып, жата-жастана жүрiп оқиды. Бұл да – балаға нарық заңын терең меңгертуді дамытудың бiр үрдiсi. Ал балаларын бизнеске бейімдеп инвестиция салу жайы қозғалғанда, сөз жоқ, бiраз қауым «айлығымыз шай-пұлымызға жетпей жүр» деп қолды бiр-ақ сiлтейді. Дегенмен, біз балаларымызға нарықтың заңын меңгертіп, олар есейгенде қандайда бір кәсіп иесі болсын десек, алдымен баланың болашағына инвестиция салудан тартынбауымыз керек. Экономист са¬рапшылардың бағамдауынша, қазірде Қаза¬қстан халқының 11 пайызы ғана баласына ин¬вестиция салуға ықылас бiлдiретiн кө¬рiнедi. Ал қалғаны «балам жоғары бiлiм алса, болды» деген бағытты көбi¬рек ұстанады.
Жұмаділда Байділдаев, экономист-ғалым:
–Егер біздің қазақ балам белгілі бір кәсіпті меңгерсін десе, алдымен баласына арнап капитал жинауды үйренгені абзал. Ол үшін ауқатты болудың еш қажеттілігі жоқ. Мәселен, әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 10 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi. Қазақтар балаға инвестиция салу мәселесiне мүлде мән бермейдi. Бұл – өте қате нәрсе. Балаға қосымша қор жинауды қазақтың санасына сiңiретiн уақыт жеттi.
Бюджеттен бөлінер кірісте артуы тиіс
Негізінде, мамандарымыздың пайымдауынша, елде бала капиталына бюджеттен бөлінер кіріс те артқаны жөн. Мысалы, бала туылғанда берілетін жәрдем¬ақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күті¬міне арналған жәрдемақы да отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай белгіленген. Осыған орай мамандарымыздың дені бұл ретте «мемлекеттік бюджеттен бөлінер кіріс те артқаны жөн» дейді.
Бұдан соң «шағын қаржылық жоспар кез келген отбасында болуы тиіс. Бала-шағасы, отбасы бар адамдардың осы жоспардың болмағаны есебінен ай тығырыққа тіреліп қалып жататын кездері көп кездеседі» дейді мамандар.
Жалпы, түйіндеп айтар болсақ, қазіргінің баласын бизнеске жастайынан бейімдеуіміз керек. Ол үшін әрине, мамандар сөз етіп отырғандай, әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 10 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi. Абзалында қазiр «әр баланың өз несiбесi бар» деп, арқаны кеңге салудың кезi өттi. Негiзiнде, кез келген отбасы, мейлi, 50 мың теңге тапсын, мейлi, 80 мың теңге жалақы алсын, соның тым құры¬ғанда 5 пайызын баласының капиталына салып отырса, сәл де болса қор жина¬латын едi. Сосын ол бiр¬тiндеп көбейе бередi. Бұл жерде ата-ана¬ның мiн¬деттi түрде ау¬қатты болуы шарт емес. Тек балаға қор жинаудың қыр-сырын үй¬ре¬нуге ұмтылса бол¬ғаны, шаруа дөңгеленiп жүре бередi де, кейін балаңыз есейгенде оның өз ісімен айналысуына, көңіле жағымды дүниесін атқаруына бұл үлкен көмек болар еді...
Капитал жинап, болашақты қамсыздандырамыз...
Негізінде, біздің елде балаға капитал жинаудың алғышарттары қалыптасып келеді. Бұл ретте бірқатар банктің өзіндік шарттары мен шаралары баршылық. Біз отандық банктердің «Бала капиталы», «Балапан» депозиттерін есептеп, төменгі кестеге түздік...
Дегенмен, көпшілік қауымның мұндай депозиттерге тіптен қаржы салып отыруға мұршасы да жоқ. Төмендегі инфографикаға назар аударсақ, ел тұрғындарының біразы үшін баласына капитал салу емес, күнделікті күйбең тірліктің мәселесі «бас ауыртарлық» жағдайға жеткен. 70 мың адамды қатыстырып, оларға балаға капитал жинауға не бөгет болып жүргенін талдап, сауалнама жүргізген «Бота» қоғамдық бірлестігінің сауалнамасы осыны айғақтайды.
Жасөспірім миллиардерлер кімдер?
Жалпы, ата-анасы туа салысымен қамын ойлап, есейе келгенде бірден өзіне ұнайтын ісін бастап, ол арқылы қомақты табысқа қол жеткізіп, миллиардер атанып шыға келген жасөсіпірімдер әлемде баршылық. Бұл жастар бизнес әлемінің жас талғамайтынын дәлелдеп қана қоймай, сол бизнестің көшбасшысына айналды. Олар кімдер дейсіз ғой?
Марк Цукерберг – Facebook
Гарвард университетінің студенті болып жүрген кезінде Facebook әлеуметтік желісін ойлап тауып, оның негізін қалаған Марк Цукербергі туралы көбіміз жақсы білеміз. Қазірде бұл әлеуметтік желіде көпшілігіміз сағаттап, тіпті күні бойы уақытымызды өткізуге бармыз. Оның бұл әлеуметтік желісі бір жылдан соң 1 миллион қолданушыға жетсе, 4 жылдан кейін қолданушылар саны жағынан дүниежүзіндегі ең бірінші әлеуметтік желіге айналған. 2010 жылы Facebook аудиториясы 500 миллионды құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш миллиардтан асқан. Марктің әкесі баласының жасөспірім шағының өзінде емханасы мен үйдегі компьютерді жалғастыратын бағдарлама ойлап тапқанын, бала күніне жаңалыққа құштар, ерік-жігері мықты болғанын айтады.
Мэтт Мулленвег – WordPress
Мэтт Мулленвег Хьюстон университетінде оқып жүрген кезінде WordPress-ті ойлап тапқан. Бүгінгі таңда ғаламтор желісіндегі әрбір 6-шы сайт (барлығы шамамен 60-миллион) WordPress арқылы жұмыс істейді. Ал күн сайын 100 мың жаңа сайт пайда болуда.Мэт 12 жасында интернеттегі алғашқы парақшасын ашады, 18 жасқа толған кезде құрып, Вашингтонға барған кезіндегі фотосуреттерді орналастыру үшін жеке блог ашады.Қазірзі кезде біздің елімізде өзін блогермін деп есептейтін бірқатар адам осы WordPress-тің арқасында жеке блогтарын ашып, өзін танытқан болатын.
Джек Дорси – Twitter
Twitter әлеуметтік желісінің негізін салушы Джек Дорси. Нью-Йорк университетінде оқып жүрген кезінде оның ойына қысқа мәтіндік хабарламалардан тұратын сервис, яғни Twitter-ді ойлап табу идеясы туындайды.Дорси бағдарламалауды өз бетімен үйрене бастайды. Бала күнінен қала картасына, диспетчерлік қызметке қызығып өскен Дорси жедел жәрдем мен полиция үшін бағдарламалық қамту ойлап табады.2013 жылғы есеп бойынша, Твиеттердің 200 миллионнан астам қолданушысы бар. 140 символдан аспайтын қысқа жазбалардың әлемді жаулап алғаны соншалық, оны қолданушылар жас, кәсіп таңдамайтын күйге жетті.
Канадалық - Райан Росс
Канадада туылған Райан Росс. Кәсіпкерлікке бейімділігі 3 жасынан-ақ байқалған. Өйткені сол шынашақтай кезден бастап үйінің ауласында құс фермасын жасапты. Осы үйінің ауласында өсірген құстарының бағасына үстеме қосып сату арқылы ол алғашқы бизнестік жолын бастаған. Қазір Канададағы ең ірі құс фермасының иесі. Ол мұндай қадамға анасының «Ақшаны қалай тез табуға болады?» деген кітабын оқыған соң барған. Оның бұл тапқырлығы Гиннес рекордтар кітабына енген.
Қазақ баласы- Марат Әбиев
Ал енді осы әлемдік миллиардерлер мен миллионерлердің арасында «Форбс» журналының тізіміне енген ақтөбелік қазақ баласы Марат Әбиевтің жүруі әрине біз үшін қуаныш. Оның қоржынындағы қаржы 11 миллион доллар. Марат Әбиев 13 жасынан бастап, ғаламтор арқылы косметика таратып, желілік маркетинг бизнесімен айналысады.Өзінің ақша табуға деген ынтасы мен қайсарлығының арқасында жас бала, бір жарым жыл ішінде бес мың долларға дейін пайда көреді. Кейінірек компьютер арқылы қызмет көрсетуге кіріп, 19 жасында GPS-құрылғыларын көтерме бағада сатумен айналысады.Мараттың негізгі кәсібі - мұнай және мұнай компаниясына қажет құбыр сату болған. Осыдан кейін жас кәсіпкердің тасы өрге домалап, түсетін пайдасы да көбейді.
Міне, осындай деректерге қарап отандық сарапшыларымыздың дені бала өмірге келе салысымен оған арнап инвестиция салуға дағдылану керектігін, қажет болған жағдайда мұны ата-аналарға міндеттеу де жөн екенін алға тартуда. Расымен де мүмкін, баласының қамын ата-ана бүгіннен ойлауы үшін бір мемлекеттік міндеттеу енгізу қажет шығар. Ойланып көрелікші...
Балаға капитал жинауды ата-аналарға міндеттеу керек пе?
Дұрыс
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
– Бұл үрдіс Қытай Халық Республикасында қазірде жетілдірілген. Қытай елі қазірде өзінде арнайы міндеттемелер жүктеп, бала капиталын жинауға үндеп отыр. Осыдан барып ол елдің балалар қорына өз ата-анасы жалақысынан 15 пайыздық инвестиция салса, олардың ұлттық компаниялары екінші бір инвестиция салуда. Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш елдің сәбилері бесігінде жатқанда-ақ болашағы қамтамасыз етіліп, бала өсіп- өнгенше барлық жағдайы жасалып, дайын тұрады. Сондай-ақ ата-аналарға мемлекеттік міндеттемелер жүктеу арқылы бұл меселені Канада, Ұлыбритания елдері де оңтайлы шешіп отыр. Осыған орай айтарым: біздің осындай міндеттемелер жүктеу арқылы бала капиталын жинап, бала жарнасын ашуға кіріскеніміз жөн.
Марал Төртенова, саясаттану ғылымының кандидаты:
Бұрыс
- Меніңше, мұндай бастаманың қолдау табуы қиын. Себебі біздің қазақ баласы бұған әлі бейімделе қойған жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бұған дейін де бірнеше мәрте айтылды, қозғалды. Бірақ сол кәсіпкерлеріміздің өзі халықтың емес, өздерінің жағдайын ғана ойлап жүр. Ал мұндайда бір табысқа ғана қарап отырған ата-аналар міндетті жарна жинауға келісе қояр ма екен? Жалпы, әркім өз баласына капитал жинауға әрине міндетті. Дегенмен соған мемлекеттік міндеттеуді араластырмай, мәселені шешуді әр ата-ананың өзіне қалдырсақ қайтеді?!
Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru