Бойында Арыстың көзі бар табыстың
1928 жылы құрылған Арыстың, жалпы Арыс өңірінің өзіне тән тағылымды тарихы бар. Өткен ғасырдың басында іске қосылған Орынбор-Ташкент теміржолы салынуымен даламызға өркениет есігін ашты. Арыс заман дауылдарында теңселмей, іргесін бекіте түсті. Бүгінде шағын стансы үлкен қалаға айналды. Көне тарихымызға терең ізін қалдырған алты алашқа белгілі Алатау батырдың, Мұңлық пен Зарлықтың, тағы да басқа ондаған асылдарымыздың есімдері – келер ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бүгінгі заманымыздың толағайы – Жазира Жаппарқұлдай ауыр атлет чемпиондарымен мақтанатын шаһардың жастары да спортқа ерекше мән береді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жылдарындағы еліміздің дамуына өз үлесін қосып отырған қаланың тарихи-мәдени қоры мол, экономикалық-әлеуметтік салалары уақыт өткен сайын қарқынды даму жолына бет алып отыр. Көлемі 6,3 мың шаршы шақырымда орналасқан ауданда бірнеше ұлт өкілдерінен құрылған 67 122 мыңға жуық халық татулықта өмір сүруде. Міне, бұл – ел егемендігінің арқасында жеткен жетістік. Шәмші Қалдаяқовтың әніне арқау болған Арыс өңірі жайлы сәті түсіп Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай мырзамен сұхбаттасқан едік.
– Сейіт аға, ең алдымен Арыс қаласының және оған қарасты елді мекендердің әлеуметтік ахуалына тоқталсаңыз...
– Әңгімені халыққа керекті негізгі және маңызды әлеуметтік нысандардан бастайын. Өңірдің негізгі шаруашылығы – мал және ауыл шаруашылығы. Арыс қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Халықаралық маңызға ие теміржолдың бойындағы қалада әскери гарнизондар да бар. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламаларды ойдағыдай орындап келеді. Алдағы уақытта қаланың көркін көпқабатты тұрғын үйлер салу арқылы аша түспек. Ең басты назарда халықтың денсаулығы тұруы тиіс. Мысалы, Арыс қаласына қарасты алты дәрігерлік амбулатория, 22 медициналық бекет бар, оның төртеуі – фельдшерлік-акушерлік пункт. 2014 жылға бір дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жоспарланып отыр. Басқасының барлығы жаңа. 2016 жылы медициналық бекеттер кестеге сәйкес толығатын болады. Биыл екі медпункттің құрылысын аяқтаймыз. Сонымен қатар бір дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізбекпіз. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында қызмет орны жас мамандармен толығып келеді. Сондықтан осы салада маман тапшылығы жоқ деуге әбден болады. Жыл сайын медицина қызметкерлері тұрақты түрде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады. Арыс қаласын көріктендіру жұмыстарына тоқталатын болсақ, бұрын-соңды қызметі сапасыз бағдаршамдардың орнына жаңасын орнаттық. Тозығы жеткен аялдамаларды жаңарттық. Көшелерді абаттандыру жұмыстары бойынша гүл егетін арнайы орындар дайындап, қазір түрлі-түсті көздің жауын алатын гүлдер жайқалып тұр. Сонымен қатар қаланы көгалдандыру-көріктендіру жұмыстарын жандандыру үшін «Жасыл қала» мемлекеттік кәсіпорны ашылды.
– Бүгінде өзектілігін жоймаған баспана мәселесі төңірегінде қандай да жаңа жұмыстар бар ма? Егер болса, нәтижесі қалай?
– Әрине, осы салаға басымдық беріп, соңғы бірнеше жылда қауырт тірліктер тындырылып жатыр деп айта аламыз. Елбасының тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан үлкен шаруаның бірі – Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы негізінде биыл алты үй күрделі жөндеуден өткізілуде. Шаһардағы апатты жағдайда тұрған екі тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаттары дайындалып, соған жергілікті бюджеттен қаржы да қарастырылып отыр. Енді тиісті жөндеу жұмыстарын бастамақпыз. Ал енді Арыс қаласын және оған қарасты елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету 2015-2022 жылдары жүзеге асады деп күтілуде. Тиісті құжаттарын дайындап, көгілдір отынмен өңір тұрғындарын қамтамасыз ету – кезек күттірмес міндет. Мұнан тыс қала бойынша 86 көшенің жолын жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 3 миллион теңге қаралып отыр. Бүгінгі таңда оның жұмыстары да басталды. Осыған орай 13 көшеге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Күн тәртібінде тұрған күрделі мәселелердің бірі – табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында қалпына келтіру жұмыстары істелінуде. Былтыр көктемгі тасқын кезінде су шайып кеткен Монтай ауылдық округіндегі үш көпірді қалпына келтіру жұмысына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, екеуіне ағымдағы жөндеу, біреуіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша Арыс қаласында «Көктем-2» ықшамауданынан 60 пәтерлі және 90 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің ЖСҚ-сы дайындалды. Республикалық бюджет есебінен тиісті қаржы уақытында берілсе, 2014-2015 жылдары бұл үйлер халық игілігіне беріледі деп жоспарлап отырмыз. 2015 – 2020 жылдар аралығында Арыс қаласындағы коммуналдық тұрғын үйдің санын 133-ке жеткізсек деген жоспар бар.
– Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту басты назарға алынуда. Мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар – соның дәлелі. Ендеше, өңірде соның орындалу барысы қалай?
– Арыстың географиялық шарт-жағдайы осы мүмкіндіктерді пайдалануға сай. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаһар шаруашылығына 2012 жылы 202 бас ірі қара мал алынған болатын. Сөйтіп, тапсырманы түгелге жуық орындадық. Ал биылғы жоспар 500 бас болатын, қазіргі таңда шаруа қожалықтары құжаттарын дайындап отыр. Жалпы, мал өнімдері мен мал басы былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Әрине, дәстүрлі мал шаруашылығының күні қалып барады. Сондықтан мал нәсілін асылдандырып, асылтұқымды малдың санын көбейту жоспарымызда бар. Дәл қазір өңіріміздегі барлық мал басының 4,1 пайызын асылтұқымды мал құрайды. Базары қызып тұрған сойыс малын өсіру де назардан тыс қалған емес. Сондықтан мал бордақылауды да тапсырма бойынша орындап келеміз. Биылға 500 бас мал бордақылау орындарын іске қосу тапсырмасы берілген болатын. Әзірше 150 бас мал бордақылайтын орынды іске қостық. Қалғандары бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жылдың соңына дейін межені аяқтаймыз деген ойдамыз. Жалпы саны бізде 230 мыңнан астам ұсақ мал, 20 мыңға жуық ірі қара, 5,5 мыңнан астам жылқы, 1300-ден аса түйе бар. Ал егістік көлемі – 46 400 гектар. 2012 жылы 20 800 гектар жерді игерсек, биыл 22 233 гектарды игеріп отырмыз. Бұларға тамшылатып суару технологиясы қолданылатынын да айта кетейін.
– Білім саласы бойынша не айтасыз?
– Бүгінгі таңда білім саласы бойынша 37 мектеп, 13 балабақша бар. Енді сегіз жаңа мектеп пен бес балабақша салатын болсақ, 2016 жылы білім саласының нысандары жеткілікті болады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жас туристер мен техниктер стансысы ашылған болатын. Бұл мекеме де жұмысын жүйелі түрде жалғастырып жатыр.
– Жастар арасындағы қылмыспен күресті спортқа тарту арқылы сәл де болса азайтқан аудандар бар. Халықты салауатты өмір салтын ұстануға, жастарды жақсы істерге шақыратын қандай шаралар жасап жатырсыздар?
– Спорттағы жетістіктеріміз ретінде арнайы мамандандырылған мектептер баршылық. Мәселен, бізде жасөспірімдер мектебі, бокс және футбол мектептері бар. Стадионымыз күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар үлкен спорт кешенін салмақ ойымызда бар. Құжаттары дайын. Спорт алаңшаларының да санын арттырып келеміз. Спорт саласындағы мақтанышымыз – ауыр атлет Жазира Жаппарқұл бар. Ол күні кеше ғана Америкадағы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Бұдан басқа да бокстан, күрестен тек республикада емес, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Әкімдіктің өз футбол командасы бар. Өзім бастап, қаладағы барлық мекемелермен жолдастық кездесулер өткіземіз. Футбол ойнағанды өзім өте жақсы көремін. Жалпы, бізде жыл сайын өтіп тұратын ересектер арасында және жастар арасындағы екі чемпионат бар. Осындай шаралар арқылы жастар жаман әдеттерге бой алдырып кетпес үшін жұмыстар жасап жатқан жайымыз бар. Жоғарыда айтып өттім, биыл әлемдік додада чемпион атанып жүрген жерлесіміз Жазира Жаппарқұлдың атында жастар арасында ауыр атлетикадан чемпионат ұйымдастырмақпыз. Елбасы да жылдағы халыққа Жолдауында салауатты өмір салтын қалыптастыруды айтып отырады. Сондықтан мен де жастарды осы жолға бағыттау үшін қаржы да қарастырып, спорттық шараларды жиі өткізіп тұруды және жастардың күнделікті спортпен шұғылдануына жағдай жасауды қолға алып келемін.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рақмет!