Дағдарыс кезінде шыңдала түсеміз
Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету – шағын және орта бизнестің басты мақсаты. Осы ретте, құрылыс өнімдерін өндіруде кенжелеп қалған саланың бірі – шыны өндірісі. Соңғы кезге дейін құрылыс әйнектерін Ресейден, жоғары сапалыларын Еуропадан импорттап келдік. Тек соңғы жылдары ғана аздаған бетбұрыстар байқалғандай. Осы саладағы өзгерістер мен тенденциялар туралы еліміздегі құрылыс шыныларын өндірудегі бірегей кәсіпорындардың бірі – «КазСтройСтекло» ЖШС бас директоры Тоқмади Мұратхан Шакерханұлын сөзге тарттық.
– Сіздің кәсіпорын еліміздің шыны өндірісінің дамуына қаншалықты үлес қосып отыр?
– Осы уақытқа дейін құрылысқа пайдаланылатын шыны әйнектердің 89%-ы шетелдерден импортталып келді. Еліміздегі құрылыс саласының қарқынды дамуына байланысты шыны өндіру де қарқын ала бастады. Біз сырттан келетін өнімдермен бәсекеге түсе алатын, сапасы да, бағасы да көңілден шығатын шыны шығаруды қолға алдық. Еуропаның ең озық технологияларын пайдаланып отырмыз. Осы ретте, баса айтарымыз – шыныларымыздың сапасы. Олардың басқа әйнектерден ерекшелігі – қуат түрлерін үнемдеуге мүмкіндік береді. Экологиямызға да оң ықпал етіп, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Бүгінгі таңда электр энергиясының тапшылығы сезіліп отыр. Қуат көздерін үнемдеу мәселесін шыны арқылы шеше аламыз ба?
– Елімізде электр энергиясының тапшылығы жылдан-жылға артып келеді. Біз электр энергиясын үнемді пайдаланып отырған жоқпыз. Өндірілген энергияның 30%-ы ысырап болуда. Қуат көздерін үнемдейтін технологиялардың болмауы – осы жайдың бір себебі. Осыған байланысты елімізде қуат үнемдеуге сеп болатын, қауіпсіз материалдар шығаратын кәсіпорындардың басын біріктіретін KazClassEnergy ассоциациясын құрдық. Күн, жел, су сияқты табиғи қуат көздерін пайдалану да басты назарда. Мысалы, тұрғын үйдің сыртқы алаңының 30-40 пайызы әйнектен тұрады. Осы әйнектер арқылы қыста жылудың көп мөлшерінен айырыламыз. Егер жылуды қалыпты ұстап тұратын шыны пакеттерін пайдалансақ, жылу жоғалтуды 50%-дан 12%-ға дейін төмендетер едік. Еуропа елдері 1970 жылдардан бастап осындай әйнектерді пайдалануға көшті. Ғимараттар тұтынатын электр энергиясының 70%-ы жазда салқындататын, қыста жылытатын қондырғыларды пайдалану еншісінде. Сондықтан да біз нарыққа жылуды сыртқа шығармайтын және күн жылуын өткізбейтін әйнектердің түрлерін ұсынып отырмыз. Мұндай шынылар электр энергиясын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Ал экологиямызға қаншалықты тиімді?
– Дәстүрлі қуат көзі ретінде газ, мұнай, көмірді жаппай пайдаланып келеміз. Ал тұрғын үй коммуналды шаруашылығына ауаға таралатын улы заттардың 40 пайызы тиесілі. Ғимараттардың бір шаршы метрін жылыту кезінде жылына ауаға 84 келі улы газ бөлініп шығады. Егер жылуды үнемдейтін шыныларды пайдаланатын болсақ, улы газ мөлшерін 13%-ға дейін төмендетуге болады.
Энергияны үнемдеу қай жағынан болсын тиімді. Мысалы, Балтық жағалауы елдері арнайы бағдарлама қабылдап, бес жыл ішінде ғимараттардағы барлық әйнектерді жылу сақтайтын және күн қызуын өткізбейтін шыныларға айырбастап шықты. Дамыған елдердің барлығы дерлік жай шыныларды мүлде пайдаланбайды. Өйткені қазір қуатты үнемдеу басты орынға шықты. Осы мақсатта біз жобалаушылармен, құрылысшылармен үнемі кездесулер өткізіп, осы мәселеде олардың санасын өзгертуге, дұрыс көзқарас қалыптастыруға күш салып жатырмыз.
– Шынылардың қауіпсіздігі тұрғысынан не айтасыз?
– Адам өмірі мен денсаулығы – ең қымбат байлық. Қазіргі біз пайдаланып отырған әйнектер апатты жағдайда немесе байқаусызда сынса, оның қырлы, үшкір сынықтары адам өміріне қауіп тудырады. Мысалы, Алматы – сейсмикалық қауіпті аймақ. Астана, Қарағанды қар көп түсетін, суық, жел-дауылы қатты аймақтарға жатады. Әр аймақтың осындай ерекшеліктеріне орай, әйнектер де арнайы талаптарға сәйкес болуы керек. Біздің шығарып жатқан шыныларымыздың сапасы жай шынылардан алты-жеті есе жоғары. Сына қалған жағдайда қауіпсіз ұсақ бөлшектерге бөлініп кетеді. Әйнек бірінші кезекте апатты жағдайларда адамдар өміріне қауіп төндірмеуі қажет.
– Отандық өнім өндірушілердің дамуына ықпал жасайтын үкімет тарапынан жасалынып жатқан қандай әрекеттерді айта аласыз?
– Біріншіден, осындай қысылтаяң шақта демеу болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы. Ол арқылы барлық мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компаниялар отандақ өнімдерді сатып алуға міндеттенді. Сонымен қатар Алматы қаласының әкімдігімен бірлескен кеңес құрылып, ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Үкіметтің шешімімен сырттан келетін шыны өнімдеріне кедендік салық 30%-ға көтерілді. Біз үшін бұл – үлкен демеу.
– Қазіргі жағдайда құрылысқа қажетті шыны өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз ете аламыз ба?
– Біздің кәсіпорын жоғары технологиялы өнім өндіріп отырғандықтан, сұраныс өте жоғары. Қазір еліміздің құрылыс компанияларымен қатар шетелдерден де тапсырыс қабылдаудамыз.Терезеге арналған шынылармен қоса, ғимараттардың сыртын қаптауға, ішін шыны қабырғалармен бөлуге арналған, жиһаз өндірісіне қажетті шыныларды шығарудамыз. Еліміздің нарығын толық игеруге мүмкіндігіміз жетеді.
– Дағдарыс сіздерге қалай әсер етіп жатыр?
– Иә, құрылыс саласының тоқырауға ұшырауы бізге көп зиянын тигізді. Бірқатар жоспарларымызға өзгерістер енді, кейбір инвестициялық жобаларымызды қайта қарап жатырмыз. Бірақ дағдарыс болды екен деп, еліміздегі құрылыс тоқтап қалған жоқ. Жаңадан салынып жатқандары бар, бітіп жатқандары бар, жөндеуден өтіп жатқандары бар – бәріне де әйнек керек.
Ал дағдарыстың әсері оны қалай қабылдауға байланысты. Мысалы, біздің өндірістік пештерімізде шыны 600-700 градустық ыстықта шыңдалады. Сол сияқты біз де дағдарыс кезінде шыңдала түсеміз.