Дамуға ықпал етуші басты фактор

Дамуға ықпал етуші басты фактор

Тәуелсіздік алғалы бергі 20 жылдың барысында еліміздің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші 15 есеге артып, экономикамыз­дың жылдық өсімі 1,5 пайыздан 7 пайыз деңгейіне дейін көтерілді. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш. Әрине, өтпелі қиын-қыстау кезеңді басы­мыздан өткеріп, ел ретінде еңсемізді тіктеп, дамуға бұлайша аяқ басуымызда шетелдік инвестицияның рөлі маңызды болды. Егемен ел ретінде тартқан шетелдік капиталдың қатысуындағы тікелей инвестиция көлемі бүгіндері 140 млрд долларды құраған. Яки шетелдік инвесторлардың білігі мен білімі және капиталы арқа­сында Қазақстан ғаламдық экономикалық держава ретінде халықара­лық саяси аренада өз тұғырын бекітуге мүмкіндік алды.
Соңғы 10 жыл ішінде әлемде экономи­калық дамудың орташа деңгейі 6,7 пайыз деп белгіленген, ал ең жоғары шек 10,7 пайызға тең келеді. Осыдан-ақ бүгінге дейін 7 пайыздан асып жығылған жалпы ішкі өнім өсімі көрсеткішімізбен әлемдегі эконо­микасы қарқынды дамушы елдердің қата­рына еніп кеткенімізді анық байқауға болады. Осы жағынан алғанда, биыл күзде Бүкіләлемдік банктің жариялаған жыл сайынғы бәсекелестіктің ғаламдық инде­к­сінде Қазақстанның 51-орынға жылжуын заңдылық деп дұрыс түсінген жөн. Бұл ара­да аталған баяндаманы шетелдік инвес­торлардың күнделігі іспеттес екенін баса айта кетелік. Яғни капиталын басқа мем­лекетке инвестициялағысы келетіндер көбіне осы мәліметтермен қанығуға тыры­сады. «Экономикалық құрылымы жағынан Ресейге ұқсас болғанымен, Қазақстан біз­ден әлдеқайда алға кетіп қалды» деп осы рейтингке өз көзқарасын білдірген ресейлік экономист Михаил Хазин: «Қазақстан ше­тел­­дік инвесторлармен өте сауатты жұмыс жүргізеді. Халықаралық іскерлік әлем­мен өзара құрылған қарым-қатынас қағидалары мен тәртіптерін сақтайды әрі оған аса байыптылықпен қарайды. Бәрінен бұрын, бұл мемлекет өз әріптестерін үркітетіндей міндеттерді алға тартып, асыра сілтеуге жол бермейді», – дейді. Осылайша, маман ше­телдік инвесторларды тартуда Орталық Азия аймағында бәсекесі мықты біздің елімізге қызыға да таңдана қарайды. Негізінен, түрлі сараптама дәйектеріне сүйен­сек, Орталық Азияға тартылған бүгінгі барлық шетелдік инвестицияның 80 пайы­зы Қазақстанның еншісіне тиесілі екен. Бұл – елімізге үлкен салмақ беретін көр­сеткіш.
Тағы бір әлемдік қаржылық дағда­рыстың белгілері барына қарамастан, қазір дүниежүзілік инвестициялар нарығында бәсеке күшейіп тұр. Инвестиция тарту үшін ғаламның барлық дерлік мемлекеті өзара тартысқа түсуде. Сондай тайталас ішінде АҚШ, Еуропалық одақ, Қытай секілді ал­пауыт мемлекеттердің өзі де жүр. Осы мәліметтен-ақ инвестиция тарту додасында көкпарды қолға ілу қаншалықты қиын екенін аңғаруға болады. Әсіресе алды-арты әлі күмәнді алғашқы Тәуелсіздік кезеңде бұл істі жүргізу қиямет күш-жігерді талап ет­кені белгілі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің IV-V шақырылымының депу­таты Зейнолла АЛШЫМБАЕВ былайша еске алады:
– Қазақстанда шетелдік компанияларды қызықтырған үлкен мұ­най кен орындары болды. Оның алғашқысы Теңіз кеніші еді. Кенішке көптеген шетел компаниясы келді. Бірақ елдегі инвес­ти­циялық ахуал қандай? Бұл елде сырттан келетін компаниялар үшін кепілдік қалай болмақ? Жұмыс жасаудың мүмкіндіктері қандай? Міне, осындай жа­уабы дүдәмал сұрақтардың басын ашып, елге қаржы құюдың басы-қасында Елбасы­мыздың бір өзі жүрді. Қызмет барысымен шетел мұнай компанияларының азамат­тары­мен, басшыларымен пікір ал­ма­сып, сөйлесіп, кездесіп жүрген кезде бар­лы­ғының да ауызында осы жоба болды. Мен мүшесі болған Хьюстон мұнай клубының кездесулерінде кейде ТМД елдері, оның ішінде, Қазақстан мұнай өнеркәсібі жөнінде әңгі­ме­лер болған кезде біздің Президенттің аты­на ылғи жылы сөздер айтылатын. Себебі біздің аймақта атқарылып жатқан шаруа­лар­ға, заң жобаларына талдау жасалып оты­рады. Олар баспасөз беттерінде жария­ланып, түкпір-түкпірге тарап жататын. Ше­телдіктер үшін жіліктің майлы басы осы Теңіз кеніші болғандығын анық білемін. Сон­дықтан елімізге іштей тілектес болып жүрдік. Сонда Президентіміз жағдайды сұң­ғы­лалықпен сезіп­-біліп, Теңіз кенішіне бай­ланысты инвесторларға кепілдеме беріп, 1990 жылы 6 сәуірде Шеврон кор­порация­сы мен Қазақстан Республикасы арасын­дағы келісімге үлкен мән бере отырып, өзі келісімшартқа қол қойды. Оның «ғасыр жобасы» атанғандығынан хабардар бол­дық. Бұл үлкен саяси шешім болатын. Мұн­дай келісімге Үкімет басшысы, болмаса мұнай-­газ министрі қол қоя алар еді. Алайда бұл маңызды қадамды елге ин­вестор шақыр­ған­да олардың сенімін арт­тыру үшін, кейін келетін инвестиция тас­қынына жол ашу үшін жасағанын Елбасы осы іс-қи­мылымен ұқтырған еді.
Иә, шетелдік инвесторлар үшін бірінші кезекте біздің жерасты байлығымыз тар­тымды болды. Сондықтан осы секторға негізінен басымдық беріліп, инвестициялар ағылып, нәтижесінде біз әлемдік нарыққа минералдық шикізаттарды экспорттаушы ел ретінде ендік. Қазір мемлекетімізде шетел­дік капиталдың қатысуымен 10 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Шикізатты игеруші әлемдегі «Арселор Миттал», «Шеврон», «Дженерал Электрик» секілді алпауыт ком­паниялар бүгіндері елімізде жұмысын жемісті жүргізіп жатыр. Өз кезегінде осының бірінің ел эконо­микасына қосып жатқан үлесін мы­салға келтіре кетейік. Тәуелсіздіктің 20 жыл­дық мерейтойында бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі бойынша респуб­ликалық «Парыз» сыйлығының бас жүл­десін алған, мұнай мен газ саласындағы өндіруші ірі компания – Теңізшевройл, мәселен, 1993-2011 жылдар аралығында Атырау облы­сының әлеуметтік жобаларына 700 мил­лион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұм­саған («ТШО» ЖШС серіктестері: «Шев­рон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, «ЭксонМобилҚазақстан Инк» – 25% және «ЛукАрко Б.К.» – 5%). Осынау қар­жының шамамен 185 мил­лион доллары Атырау облысының әлеуметтік инфра­құрылымын жақсартуға ар­налған ТШО-ның ерікті «Игілік» бағ­дар­ла­масына бағыт­талыпты. Компанияның мәліметінше, биыл осы бағ­дарламаға тағы да 20 мил­лион доллар кө­лемінде қаржы бөлініпті. Атал­мыш қаржы­ның негізгі үлесі Құлсары қала­сының су­мен жабдықтау жүйесін жаңарту жо­ба­сына жұмсалуда. Сол секілді компания экологияны ластамау шарттарын орындауда 2000 жылдан бері газды алауда жа­ғу­дың жалпы жиынтық көлемін 94 пайызға қыс­қартып, Теңіз кен орнында мұ­найдың ілеспе газын кәдеге жарату көр­сеткіштерін 99,6 пайызға жеткізген. Бұл – әлемдік мұнай өндірісіндегі үздік көр­сет­­кіш­термен деңгей­лес нәтиже. Өз компаниясының ел эко­номи­касына қосқан үлесі бойынша мақтана алатындығын айтқан «ТШО» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер «2011 жылы ТШО қазақстан­дық қам­ту­шы­лардың 1,6 мил­лиард дол­ларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланып, тағы бір мәрте рекордтық көрсеткішке қол жет­кізді. Сөйтіп, 1993 жылдан бергі бұл са­лаға жұм­салған қар­жылар көлемін 11,3 мил­лиард дол­ларға жеткізді. ТШО қа­зақ­стандық қамтуды арт­тыру стратегиясын дә­йекті түрде жалғас­тыруда, бұған шағын жә­не орта бизнесті қолдау бағдарламасы бо­йынша несие көлемі 2011 жылдың ая­ғы­на таман 13 миллион доллардан астам қар­жыны құра­ғаны дәлел», – дейді.
Әрине, мұның бәрі еліміздің инвестор­ларға қолайлы жағдай туғызудағы ынта­ландыру шарасы аясында мүмкін болды. Мысалы, бизнесті жүргізу және инвестиция құюға тартымды ететін елдің имиджін қалыптастыру; арнайы экономикалық аймақтарды құру, қажетті инфрақұрылым­мен қамтама­сыз етуді қосқанда, инвес­торларға түрлі жеңілдіктер мен пре­ферен­циялар ұсыну; трансұлттық компаниялар үшін фис­калдық, қаржылық және қаржы­лық емес механизмдер арқылы оңтайлы жағдай құру. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсететін тікелей тәсіл ретінде заңнамалық базаны жақсартты. Жыл сайын көкейіндегі ойын бетпе-бет айтуға мүмкін­дік беретін алаң – Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Оны Елбасымыздың өзі жүргізеді.
Бүгінгі таңда инвестицияны тартудың бағыттары өзгерген. Негізінен, енді шетел­дік инвесторларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясына үлес қосу үшін тартуға басымдық берілген.
Рахман АЛШАНОВ, экономика ғылы­мының докторы, профессор:
– Соңғы кездері инвестициялық сая­сатқа өзгеріске ұшыраған жағдайларға байланысты түзетулер енгізілді. Енді ел мүмкіндігінің артуымен байланысты шетелдік инвесторларды таңдау жүзеге асырылады. Мемлекетіміз стратегиялық мақсаттарына сай, мүдделер теңдігін сақтай отырып, әлі де инвестициялық жағрафия­сын кеңейте түскісі келеді. Соңғы кездері исламдық бағытта жұмыс қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Таяу жылдары елімізге тарты­латын Араб елдерінің инвестициясы 10 млрд долларды құрайды деп күтіліп отыр. Ұлттық экономика өсімінде шетелдік инвес­тицияның рөлі әлі де үлкен рөл атқарады. Бүгінгі таңда ел экономикасын әртарап­тандыру үшін отандық және шетелдік капи­талды тиімді пайдалану жағын ойластырып жатыр. Елбасымыз шетелдік инвесторларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына атсалысып, шикізат­тық емес сектордан орын тебуге, жаңа тех­но­логия мен озық идеяларын ала келуге ша­қырып отыр.

Кеден одағын құрып, Бірыңғай эконо­микалық кеңістікті қалыптастырудағы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы әріптес­тіктігі бойынша белсенді іс-қимылымыз ха­лықаралық қауымдастыққа қатысушылар алдында біздің еліміздің қаншалықты ашық және жауапты екенін аңғартатын жайт. Мамандардың айтуынша, осы фактор біздің инвестициялық тартымдылығымызды одан сайын күшейте түсуі тиіс.

«Сыйға – сый, сыраға – бал» деген қа­ғида бойынша да еліміз өз кезегінде инвесторлаға бірқатар талаптарды алға тартқан: а) Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі (ком­пания жұмыс істеп отырған өңірге әлеумет­тік қолдау көрсетуі тиіс); ә) Қазақстандық қамтуды 50-ден 70 пайызға жеткізу міндеттелген (шетелдік компа­нияларға басшылығына және ең қажетті салаларға сырттан мамандар тартуға рұқсат берілген, негізінен, мұндағы жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті халық құрауы тиіс, әрі олардың білігі мен білімін, тәжірибесін арттыру бойынша жауапкершілік жүктел­ген); б) Қазақстандық қамтудың тағы бір бағыты – шетелдік компанияға тұтынатын тауарлары мен қызмет түрлерінде жергі­ліктіні 50 пайызға дейін пайдалану мін­деттелген және т.б.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста