Дәрі-дәрмек жайлы пайдалы ақпарат
Денсаулық сақтау жүйесі – мемлекеттің даму жолындағы басты және негізгі бағыттарының бірі. Халықтың әл-ауқаты тұрақты да баянды болуына осы сала бірден-бір әсер етеді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінен бері көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге және азаматтарымыздың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттыра түсуге бағытталған жаңа даму стратегиялары мен мемлекеттік бағдарламалар кезеңіне айналды. Дәрі-дәрмек жайлы дәйекті әрі өзекті ақпараттың тапшылығы орын алып, қазіргі кезде бұл кеңістікті толтыруға бағытталған көптеген шаралар өткізілуде. Осы тұрғыда, еліміздің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің бүгінгі күнгі сипатын, ақпарат кеңістігінде қандай мәліметтер бар және тегін дәрілерді алуға қандай азаматтар құқылы екенін білу мақсатында Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығының басшысы Молдахметова Баян Салыққызымен әңгімелескен едік.
– Баян Салыққызы, Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығының басты мақсаты мен қызметтері қандай?
– Қазіргі кезде Қазақстанда дәрі-дәрмектердің сапасы, қолданылуы, нәтижелілігі және басқа препараттармен өзара әрекеттесуі жайлы көптеген ақпарат таратылып, жариялынады. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында дәрілік заттар туралы ретсіз агрессиялық түрде жарнамалар жүргізіліп жатыр. Бұл өз алдына, халықтың дәрілік заттарды қабылдау салдарынан соңыңда болатын кері әсерлері мен асқынулары жайында ойланбай, дәрігердің бақылауынсыз, тағайындауынсыз өз еркімен қабылдауына түрткі болуда. Тәжірибеде, халық жарнамалық түрдегі ақпаратты кеңінен пайдаланып, кейбір препараттар, тағам қоспалары барлық аурулардан ем болып саналатын тенденция байқалады.
ДАТО тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде азаматтардың дәрілік қамсыздандырылуға құқықтары, дәрілік заттарды орынды, тиімді және қауіпсіз қолдану, сондай-ақ ықтимал жанама әсерлері туралы дәйекті ақпарат ұсынады. Басты міндетіміз халықтың дәрілік заттарды таңдау барысында сауаттылығын ашу болып табылады.
Орталық қызметкерлерімен халық арасында ағарту жұмыстарынан басқа, медициналық қызметкерлердің білімін жоғарлату мен фармацевтерді оқытуға бағытталған шаралар да жүргізілуде. Дәрілік заттарды дұрыс қолдану жайындағы ұсыныстар, әдістемелік құралдар және анықтамалықтар шығарылып, сонымен қоса медициналық қызметкерлердің дәрілік заттарды тиімді және қауіпсіз қолдануы бойынша сұраныстарға жауап береміз.
– Сіздерде дәрі-дәрмектер жайлы халықты ақпараттандыру қызметі жұмыс істейді. Адамдарды көп жағдайда қандай сұрақтар қызықтырады? Қандай дәрімен емделу керектігі жайлы сұрақтар қаншалықты жиі қойылады?
– Дұрыс айтасыз, өткен жылдың соңында Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығында халықты ақпараттандыру ақысыз қызметі ашылды. Біз ай сайын телефон және сайт арқылы келген сұрақтардың барлығын сараптап, халықты қандай мәселелер жиі мазалайтынын анықтаймыз. 2013 жылдың басынан бері бізге Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам сауал түскен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Қойылған сұрақтардың ішінен 50%-ы дәрілерді қолдануға байланысты, 20 %-ы азаматтардың тегін дәрілерге құқығы жайлы, 16%-ы дәрілердің дәлелденген тиімділігі жайлы, 8%-ы препараттарды ауыстыру мәселесі бойынша, ал қалған сұрақтар дәрі-дәрмектің құны және т.б. ДАТО құзыретіне кірмейтін сұрақтар құрайды. Егер түскен сауал бізге байланысты болмаса, біз міндетті түрде тиісті мекемелердің немесе ақпараттық қызметтердің байланыс ақпаратын ұсынамыз. Осы тұрғыда, өздеріңіз байқағаныңыздай сұрақтардың басым бөлігі дәрілерді дұрыс қолдануға байланысты. Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығы дәрілерді дұрыс әрі тиімді қолдану жайлы ақпаратты науқасқа тек дәрігердің нұсқауы бар жағдайда ғана ұсынады. Арнайы маманға қаралмай, өз еркімен дәріні қабылдауға ниет білдірген, оның тиімділігін анықтау мақсатында хабарласқан азаматтарды біз міндетті түрде дәрігерге бағыттаймыз.
– Қазіргі кезде антибиотиктерді сатып алу қолжетімді болғандықтан, көбі орынды-орынсыз қабылдап жатады. Оның алдын алу шаралары қаншалықты қадағаланады? Және бұл проблеманы шешу жолдары қандай:
– Жақсы сұрақ, біздің Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығының ресми сайтында (www.druginfo.kz) антибиотиктерді қолдануға байланысты әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің 29%-ы ғана антибиотиктерді дәрігердің белгілеуімен, ал қалғандары өз бетімен, фармацевтің нұсқауы және туған-туысқан, таныстардың кеңесімен қабылдайды екен. Кей жағдайларда мұндай дәрігердің бақылауынсыз дәрілерді қабылдау ауру ағымын одан әрі ушықтырып, асқынуға әкелуі мүмкін. Бұл өте қауіпті көрсеткіш, антибиотиктерді өз бетімен қабылдаған науқас дәрігерге нашар күйімен келгенде, көп жағдайда оның жиі қолданылатын дәрілермен жүргізілетін антибиотикотерапияға сезімталдылығы төмендейді. Ал нақты жүргізіліп жатқан шараларға келетін болсақ, Дәрі-дәрмек ақпараттақ-талдау орталығы апта сайын медициналық орталықтарда, дәріханаларда презентациялар, сұхбаттар мен ашық есік күндерін ұйымдастырады. Біздің мамандар өз денсаулығына деген жауапкершілікті арттыру, дәрі-дәрмекті дұрыс қолдану және дәрігерге дер кезінде қаралу бағытында өзекті ақпарат таратады.
Емделу ұзаққа созылып, ауыр өтеді артында. Осындай жағдайлардың пайда болуы тікелей пациенттердің өздеріне байланысты. Дәрілер пайда әкеліп қоймай, сонымен қатар зиян келтіретінін есте сақтаған жөн. Аурудың пайда болу себебін жоюға тікелей бағытталған емді сізге дәрігер ғана тағайындай алады.
Анықтама
Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы азаматтардың сұрақтарына 8 800 080 88 87 бірыңғай телефон желісі арқылы тегін жауап бере алады. Сall-қызмет халыққа дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру негізгі бағыты болып табылатын 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыс істейді. Қазақстан аумағында кез келген стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін. Аталған желі дәрілік заттарды орынды әрі қауіпсіз қолдану мәселелері бойынша кеңеске мұқтаж азаматтарға арналған. Сall-қызметке қоңырау шалып, азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде тегін дәрілерге құқықтары, дәрілік заттарды ауыстыру мен сақтау шарттары, препараттардың тиімділігі мен ықтимал жанама әсерлері жөніндегі ақпараттарды алуға болады. Телефоннан қоңырау шалушылардың барлығына тегін қызмет көрсетіледі. Тұрғындар игілігі үшін іске қосылған жаңа Сall-қызметі халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға және медикаменттерді орынсыз қолдануға жол бермеуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн. Ең бастысы, жаңа қызметтің арқасында сапасыз дәрі-дәрмектерге тосқауыл қойылады.