Дастарқаннан қорғасын мен қалайы, күшала мен кадмий үзілмейді
«Ас – адамның арқауы» деген атам қазақ. Бүгінде Қазақ тағамтану академиясы адам денсаулығының мықтылығын ішкен тамағымен байланыстырады. Тіпті тұрғындардың жас ерекшелігіне, кәсібіне қарай жұмсайтын қуат шығынын да есептеп қойды. Алайда ғалымдардың ұзақ жылғы еңбегін жоққа шығаратын бір түйткіл бар. Ол – дүкен мен базарда сатылатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі.
«Байытылған» тағамдар
Обалы не керек, ел ішінде сатылатын тағам атаулы жиі-жиі тексеріліп тұрады. Негізінен, мұндай жұмыспен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті айналысады. Былтырғы жылы осы комитет сапасы нашар және сәйкестік сертификаттан жұрдай өнімдердің 5159 партиясын (811 млн теңге) сатуға тыйым салды. Сондай-ақ азық-түлік саудалайтын кәсіпорындарда 1252 тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде 810 келеңсіз жайтты әшкереледі.
Сөйтіп, Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, «Одесса консерві зауытынан «Господарочка» маркасымен (Украина) шыққан консервіленген көкөністер, «Алтайская сказка» жүгері жармасы (Ресей, «Мельничный комплекс «Роса»), «Semki» күнбағыс шекілдеуігі (Украина) қорғасынға «бай» болып шықты.
Сонымен бірге ет-өсімдік консервілерінде (Қорған ет комбинаты, Ресей) қорғасын, «Лекрасэт» сауда маркасымен шығатын «Целебный дар» шай сусынында («ЛекраСЭТ» Ресей, Алтай өңірі) мырыш, «Потеха» (ПП Раздолье» шекілдеуігінде мөлшерден тыс кадмий табылған.
Комитеттегі мониторинг және талдау бөлімінің бастығы Айгүл Қасымованың айтуынша, анықталған фактілер бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жіберілген. «Еліміздің бүкіл аймақтарында зиянды өнімдер жойылды» деп сендірді ол.
Шыны керек, қауіпті азықпен біздің адамдарды таңғалдыру қиын. Дастарқаннан аспен бірге күшала, қорғасын, патогенді сальмонелла, қорғасынның «үзілмейтіні» үйреншікті құбылысқа айналған. Консервіленген арпа ботқасынан қалайы, шай сусынынан күшала мен өңез (плесень), қуырылған шекілдеуіктен – қорғасын мен кадмий, қарбыздан – сальмонелла мен кадмий, күріштен күшала оқтын-оқтын табылып тұрады.
Қылмыс пен жаза
Жарайды, зиянды қоспасы бар тағам әшкереленді делік. Әрмен қарай не болады? Комитет санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерді құлағдар етіп, олар өз кезегінде сауда нүктесінің жұмысын тоқтату туралы сотқа құлаққағыс жөнелтеді (бір жақсысы, көзге әшкереленген тауарға нарыққа қайта енуіне жол берілмейді, яғни «қара тізімге» ілінеді. Келесі жолы ол өнім шекарадан өте алмайды).
Әлбетте, жабдықтаушы айыппұлын төлеп құтылады. Әйтсе де, мұнымен іс бітпейтіні келесі қылмыс (артық айтқандық емес) ашылғанда айқын болмақ. Өйткені, мамандардың айтуынша, қауіпті азық-түлік саудасының жолын кесудің әлгіндей механизмі мәселені шешпейді. Бұл бұрыннан келе жатқан «дерт». Денсаулықтың жылдан-жылға сыр беруі осыдан туындап отырған жоқ па? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, аурудың 70 пайызы және өлім-жітімнің 60 пайызы тамақпен байланысты. Ал елімізде ас қорыту жолдары, эндокриндік жүйе және қатерлі ісік ауруларының жыл санап көбейіп келе жатқаны жасырын емес.
Айта кетейік, бұрынғы техникалық реттеу заңының аясында 2007 жылы азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы жаңа заң қабылданған болатын. Сол кезде құжаттан «сапа» деген сөз алып тасталып, «қауіпсіздік» деген сөз қалдырылған. Мақсаты – сапаға өндіруші жауап беруі қажет. Демек, түйткіл заңнан шығады. Өйткені «сапа» мен «қауіпсіздік» – екі түрлі ұғым. Оның үстіне біздің отандық талаптар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, әлемдік тағамтану институттарының стандарттарынан кенже қалған. Біздің заңда алақол өндірушінің өнімін жедел тексеріп, қалтасына тиетіндей айыппұл салып, тіпті лицензиясын алу сияқты қатаң жазалар қарастырылмаған. Әрі аймақтарда тағамдағы зиянды қоспаларды, ағзаға тигізер зиянын анықтайтын жоғары техникалық, заманауи зертханалар да жоқ.
Бәрібір кепілдік жоқ
Бір қызығы, кеден қызметі ел аумағына әкелінген өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты емес. Өтініш-декларация деген құжаты болса, кез келген кәсіпкер тауар әкеле алады. Бұл ереже 2008 жылдан бері қолданыста және импорт тауардың барлық нормаларға сәйкес екенін растау үшін енгізілген. Кез келген жабдықтаушы шекарада қағазын көрсетсе болды, тауары тексеруден өтпейді де. Кеден қызметкерлерінің айтуынша, ереже бойынша, мұндай декларация бір айға беріледі. Ал осы мерзім ішінде тауар бұзылуы не тасымалдау кезінде зақымдануы мүмкін.
Бұрын импорт тауарларды санитарлық қызмет мекемесі жүзеге асыратын. Соған сәйкес, әр кеден бекетінде зертхана жұмыс істейтін. Тазалық дәрігерлер өнімді тексеріп, қорытындыны қолға ұстататын. Қазір ондай зертхана жоқ. Бақылау-санитарлық пункттер барынша қарапайымдандырылды. Енді санитарлық қызметкерлер базар мен дүкенді аралап тексеруге көшті. Бұл – Кеден кеңістігін кеңейту шеңберінде енгізілген бизнесті қолдауға арналған жаңа нормалар. Тек ішімдіктер, минералды су, парфюмериялық тауарлар егжей-тегжейлі тексеріледі.
Жуырда Кеден одағының комиссиясы айрықша белгі эскизін бекітті. Ол барлық өнімдерге, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Беларусь өнімдеріне қойылады. ЕАС деген белгі «Еуразиялық сәйкестік» дегенді білдіреді. Ол әрбір тауар бірлігіне, қорабына және оның құжатына соғылады. Осы белгіні әзірлеушілер маркіленген өнім Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкестігін білдіреді дегенді айтады. Бірақ бұл өнім сапасының, шын мәнінде, сапалы және қауіпсіз екеніне кепілдік бере ала ма?