Электр қуатын үнемдеуге отандық құрылғы көмектеспек
Жамбыл облысында жаңадан ашылып жатқан ірі және кішігірім өндіріс орындары жетерлік. Олардың барлығы да электр қуатын молынан пайдалануға тәуелді. Сондықтан да бүгінде электр қуатын үнемдеу күн тәртібінен түспей келеді.
Осы мақсатта облыстағы ірі «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі энергия үнемдеу мақсатында автоматтандырылған жүйе енгізуді қолға алып отыр. Осы мақсатта аталған серіктестік пен «Жамбыл-Жарық-Сауда — 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 2010-2012 жылдарға арналған құны 1 744 684 мың теңгенің инвестициялық бағдарламасы бар. Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған жоспар бүгінде 148 пайызға орындалып отыр. Жеткен жетістік те, нәтиже де жаман емес. Электр қуатын үнемдеу артығымен орындалып, ысырап төмендетіліп, 18,15 пайызды құрады. Жыл аяғына дейін нормативтік ысыраптарды тағы 16,2 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Бұған жамбылжарықсаудалықтардың екі жыл бұрын қолға алған автоматтандырылған электр энергиясын бақылау және есептеу жүйесін енгізуінің арқасында қол жеткізілді.
Аталмыш серіктестік осы уақыт аралығында 22 мыңға жуық электр қуатын есептейтін құралдар орнатты. Артықшылығы мол жүйе енгізілген аудан, ауылдарда электр қуатын үнемді пайдалану байқалып отыр. Бұрынғыдай ысырап жоқ. Нормативті ысыраптар 15 пайызға төмендеген. Мамандар осыған дейін электр қуатын ұрлаушыларға қанша тосқауыл қойса да ол мүмкін болмайтын. Әсіресе жеке жер үйде тұратындар арасында мемлекет меншігіндегі дүниені тегін пайдаланғысы келетіндер көп болатын. Оларды қолға түсіру де оңай емес. «Өнертапқыштар» қуат ұрлаудың неше түрлі амал-айласын жетік меңгеріп алған. Ақыры көп асқандарға бір тосқан болып, мына жүйе тұзақ құрып, тоқтатып отыр. Осы уақытқа дейін электр энергиясының шығыны 45 пайыздан да асып кеткен кездері болған. Электр қуатын бақылау және есептеудің автоматтандырылған жүйесінің енгізілуі энергетик мамандардың жұмысын жеңілдетті. Серіктестік орнатқан электр қуатын есептегіш құралдарға тұрғындар көз аларта алмайды. Одан ұрлау мүмкін де емес. Неше түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып, қуат ұрлауға құныққандар болса бірден құрыққа ілігеді. Яғни қашықтықтан бақылау арқылы мекемеде отырған операторларға белгі түседі, ары қарай оларды қолға түсіру де қиын емес.
«Жамбыл-Жарық-Сауда — 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрын электр қуатын есептейтін құралдарды шеттен сатып әкелетін. Ол әрине, қымбатқа түседі. Сол себептен қазіргі таңда мұндай құралдарды өздерінде құрастыруды қолға алды. Облыс орталығында көп салалы электр қуатын есептейтін құралдарды құрастырып шығаратын зауыт салынды. Жуырда ғана «Аспан Қазақстан» тауарлық маркасы бар электр қуатын есептейтін құралдардың алғашқы легін тұтынушыларына ұсынды. Бағасы да тиімді. Өтімді тауар өндіріп отырған өндіріс орны толық қуатында жұмыс істесе, айына 10 мың есептегіш құралын шығара алады. Облыстағы бүкіл тұтынушыны қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Алдағы уақытта өзімізде өндірілген отандық өніммен алыс-жақындағы облыстарды қамтуды көздеп отыр. Тиімді тәсілі мол құрылғыға құда түсушілер әлден-ақ тапсырыс бере бастаған.
Электр қуатын ұрлайтындар бұрын Қордай және Шу аудандарында көп кездесетін. Ілкімді жүйенің арқасында көзге көрінбес ұрлыққа тосқауыл қойылды. Жамбылда жасалған жаңа есептегіш құралдардың тиімді тұстары өте көп. Егер электр қуаты бірден артып кетсе не болмаса азайса, автоматты түрде өзі өшіріледі. Оның тұрғындарға тиімділігі орасан. Тұрмысқа аса қажетті құралдардың істен шықпауына әсері мол. Электр қуатын реттеп тұратын стабилизатор сатып алуға артық қаржысы жоқ тұрғындарға бұл өте тиімді болып отыр. Пайдасы мол жүйе бүгінде облыс орталығындағы тұрғындары көп ықшамаудандар мен ұрлық көп орын алатын аумақтарда орнатылды. Алдағы уақытта Тараз қаласын толық қамту жоспарға енгізілді.
Марат ДҮЙСЕМБИЕВ, «Жамбыл-Жарық-Сауда — 2030» ЖШС өткеру бөлімінің бастығы:
– Болашақта бұл жүйе облыстағы барлық аудандарда қолға алынатын болады. Тиімділігі мол жүйенің арқасында жұмыс жеңілдеді. Тұтынушыға да, мамандарға да айтарлықтай тигізер септігі мол.
Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бағдарламаға сәйкес, биыл Таразда қаншама жылдардан бері жөндеу көрмеген стансылар жаңғыртылуда. 26 шақырымда ескі желі ауыстырылуда. 15 шақырымда жоғары кернеулі, 7 шақырымда төменгі кернеулі желі құрылысы қарқын алып отыр. Қосалқы стансылардың төртеуі жаңадан жарақтандырылудан өтуде. Жоспарланған жұмыстың біразы еңсеріліп қалды. Енді жамбылдықтар электр қуатын үнемдеп, өзгелерге үлгі болмақ.