ENRC акцияларының шоғырлануы нені білдіреді?
Таяуда ағылшынның Sunday Times газеті «әлемдегі ірі шикізат көздеріне ие Glencore компаниясы Қазақстанның тау-кен саласында басымдыққа ие Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының акциясын сатып алғалы жатыр, ал келісімшарт сомасы шамамен 12 миллиард фунт стерлингті, яғни 19,5 миллиард долларды құрауы тиіс» деп ақпарат таратты. Ондағы мәліметтерге сенсек, Glencore-дың бас директоры Айван Глазанберг ENRC-дің басты акционерлерімен, сонымен қатар ENRC-дің 11,65 пайыз акциясы тиесілі қазақ билігімен де келіссөз жүргізген деседі. Бірақ әзірге ағылшын газетінің бұл ақпаратын ешқандай тарап растаған жоқ...
Керісінше, Glencore-дағылар оны жоққа шығарды. «Біз саламыздағы барлық мүмкіндікті қарастырамыз әрі ол іспен үнемі шұғылданып отырамыз. Қазір бірқатар келіссөз жүргізіп жатқанымыз рас, бірақ оның ішінде ENRC-ді сатып алу туралы ұсыныс жоқ», – дейді аталған мәселеге қатысты пікірінде Glencore-дың бас директоры Айван Глазанберг.
Ал ағылшын газетіндегі осы жарияланымға қатысты пікірін білмек ниетте Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының қазақстандық өкілдігіне арнайы хат жолдағанымызда, оған «біз басқа компаниялардың әрекеттеріне комментарий бермейміз» деген жауап алдық. Қалай дегенмен де, осы ақпарат ENRC-дің Лондон биржасындағы индексінің едәуір көтерілуіне ықпал еткен екен. Осыны негізге алған мамандар «бұл компанияның жарнама қадамының бір сипаты болуы ықтимал» деген жорамалдар да жасайды.
Ал тау-кен саласын кеңінен зерттеп жүрген маман Марат Шибұтов бұл арада қазақстандық үлесті сату бойынша қандай да бір дайындық бар секілді деп долбарлайды.
– Компанияның үш-төрт басты акционері бары белгілі. Соның қайсысы екенін дөп басып айту қиын, дегенмен әйтеуір біреуі өз акциясын сатқысы келген болуы керек. Әрине, сатушыға қымбат сатқан тиімді. Сондықтан ол бірнеше инвесторды іздестірген шығар. Міне, осындай жағдайда бұл мәлімет ақпарат көздеріне шығып кеткен болар, – дейді ол.
Акция демекші, бүгіндері компанияның мемлекеттік үлесі шоғырландырылып жатыр екен. Таяуда Алматыда өткен IV тау-кен және металлургия конференциясында осындай мәлімдеме жасалды. «Kazakhmys пен ENRC-дің мемлекеттік үлесін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына өткізу процесі үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс», – дейді аталған қордың тау өндірісі активтерін басқару жөніндегі директоры Жандос Әбішев. Ұлттық әл-ауқат қоры өкілінің пікірінше, бұл компаниядағы мемлекеттік үлес «Самұрық-Қазынаға» өткеннен кейін, ол оның еншілес компаниясы – «Тау-кен Самұрыққа» беріледі.
Еске сала кетелік, Kazakhmys-тың 26 пайызы мемлекеттің меншігіне тиесілі, ал 11 пайызы – онсыз да «Самұрық-Қазынада», ал 15 пайызы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарайды. Ал ENRC-дегі мемлекеттік үлес – 11,65 пайыз.
Яғни, бұл арадағы анығы, аталған компанияның мемлекеттік үлесін бір жерге шоғырландыру процесі жүріп жатыр. Мұның өзі әртүрлі пайым жасауға итермелейді. Дегенмен біз бұл арада асығыстық танытқымыз келмейді.
Тау-кен өндірісі саласында тек өзімізде емес, ТМД мемлекеттері ішінде шикізат қоры бойынша оқ бойы озық тұрған бұл компанияның еліміздің даму стратегиясы – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысатындығын да айта кетелік. Жақында ғана, нақтырақ айтқанда, 23 маусымда ENRC құрамындағы Еуроазиаттық энергетикалық корпорацияға қарасты Ақсу ЖЭО-ның №2 энергоблогы қайта қалпына келтіруден кейін іске қосылды. Жоба екі жылдың ішінде жүзеге асырылды. Инвестициялар шамамен 250 миллион долларды құрады. Қайта қалпына келтіру жұмыстарының арқасында энергоблоктың қуаты 325 МВт-қа жетті. Бұл ЖЭО қуаттылығын 2425 МВт-қа жеткізеді.
Қайта қалпына келтіру энергоблоктың барлық жабдығын ауыстыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, әлемге танымал компаниялардың үздік технологияларымен жасалған жаңа әрі анағұрлым қуатты турбогенератор, котлоагрегат, генератор мен трансформаторлар қойылған. Сонымен қатар атмосфераға шығатын заттардың 99 пайызын ұстайтын электрофильтрлер орнатылған. Қазіргі таңда №6 энергоблокты қайта қалпына келтіру шаралары жүргізілуде, компания оған шамамен 265 миллион доллар бағыттамақшы. Осы жағынан алғанда, ENRC еліміздегі инвестициялық қарқынын бәсеңдетіп алған жоқ деп айта аламыз. Демек, таяу болашақта оның басты жұмыс алаңы негізінен біздің еліміз болатындығына шүбә жоқ.
Дерек пен дәйек
Жалпы, ENRC пайдалы қазбаларды өндіру және байыту саласында жетекші әртараптандырушы компаниялар тобы болып табылады. Ал өндірістік активтеріне мынадай кәсіпорындар кіреді: Қазхром ТҰК, Жәйрем КБК, Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), Қазақстан алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ), Еуразиялық энергетика корпорациясы (ЕЭК) және ENRC Logistics.
Шетелдік активтері: негізінен Африкада орналасқан және оның ішінде Central African Mining and Exploration Company (CAMEC) мен Chambishi Metals PLC компанияларының мыс пен кобальт активтері және Camrose Resources Limited (Camrose) кәсіпорнының 50,5% үлесі бар. ENRC сондай-ақ Ресейдегі Серов ферроқорытпа зауытына, Bahia Minerals BV (BML) мен Mineraзгo Minas Bahia SA (MIBA), Бразилиядағы темір кенін өндіру жобаларына, Қытайдағы (Туоли) Xinjiang Tuoli Taihang Ferroalloy Company-дің 50%-ына және Оңтүстік Африканың негізгі платина өндірушісі Northam Platinum Limited-тің 14,35% акцияларына иелік етеді. ENRC FTSE 100 (Financial Times Stock Exchange Index) тізіміне енеді. ENRC-де қазіргі уақытта 70 000-нан астам адам жұмыс істейді, оның 65 мыңы – Қазақстанда.