Франчайзинг – отандық кәсіпкерлікті дамытудың бір бағыты
Қолданыста тиімді жұмыс істеп, тарихы тереңге бойлаған дайын бизнес те саудаланады. Оны нарық тілінде «франшиза» деп атайды. Кәсіпкерліктің бұл түрі әлемде бизнесті жүргізудің прогрессивті формасы ретінде кеңінен танымал. Дамыған мемлекеттерде франчайзинг қызмет көрсету саласының 50 пайызын, өндірістік саланың 15 пайызын қамтиды. Ал біздегі мұндай көрсеткіш 4-ақ пайызды құрайды. Сондықтан еліміз осы бағыттағы көлемді арттыруды көздейді. Кеше Алматыда KazFranch-2013 көрмесі аясында өткен дөңгелек үстел барысында мамандар Қазақстандағы франчайзингтің өзекті мәселелері мен оны дамытудың тетіктері жайын кеңінен талқылады.
Франчайзинг – дайын бизнесті сатушы-делдал, яғни өндірістік базасы, кеңсесі, құрал-жабдықтары және жылжымайтын мүлкі бар, бизнестің әрі оның жан-жақты құрылымының жоспарына дейін дайын бүтін компанияны саудалаушы. Ал сатып алушы оған қаржы салып, жұмысын дөңгелетіп әкете барады. Бірақ еліміздегі франчайзинг дамуы жағынан, мәселен Нидерландыдан 35 жылға қалыс келеді екен. Сондықтан бұл салада түгендеп, жамап-жасқайтынымыз жетерлік сынды.
«Қазақстанда бүгіндері шағын және орта кәсіпкерліктің – 4 пайызы, Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде 1 пайызы франчайзингті қолданады. Бұл статистика франчайзинг бизнес-құрылым кооперациясы формасы ретінде кеңінен қолданысқа ие екенін байқатады. Біз әзірге жолдың басында тұрмыз, аталған көрме – біздің басқан алғашқы қадамымыз, дөңгелек үстел аясында франчайзингтің проблемалары мен мүмкіндіктерін талқыладық, оны ары қарай дамытуға барынша күш саламыз», – деді көрменің ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова. Оның айтуынша, бұл бизнес түрін дамыту мемлекеттің экономика мен кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, белсенді шаруашылық нысандары санын арттыру, елімізді сапалы тауар мен қызмет көрсету түрлерімен қамтамасыз ету және жылдық жалпы ішкі өнім өсімінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін көбейту сынды міндеттерді орындауда өзіндік рөлі бар.
Жалпы, кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламаларында франчайзингті дамытудың арнайы құралдары қарастырылмаған екен. Арнайы талқы үшін дөңгелек үстел басына жиналған мамандар «Даму» қоры басшысына осы мәселеге айрықша көңіл бөлуді сұрады.
Қазақстандағы франчайзингтің жылдық айналымы, ауыз толтырып айтарлықтай – 2,6-2,7 миллиард доллар. 2007 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда, бұл 100 пайыз артық көлем екен. «Жыл сайын бұл бағыттағы сан 30-40 пайызға артып отырады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 150-ден бастап 220-ға дейін франчайзинг желісі жұмыс істеп тұр. 2014 жылы отандық нарыққа әлемге танымал 30-35 мықты бренд аяқ баспақшы, оның ішіндегі үшеуі халықаралық мәртебеге ие. Бәрінен бұрын ресейлік франшиза қатары да көбейеді. Бастапқыда АҚШ бизнесі Қазақстанға қолайлы болды. Ал қазір бізге жақыны – еуропалық және ресейлік модельдер. Негізінен, Ресей франшизаны өрістетуде әлем бойынша 4-5 орында. Сондықтан олардың біздің нарыққа келуі – заңдылық», – дейді сөз кезегінде Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының басшысы Бекнұр Қисықов. Оның айтуынша, елімізде кеңінен табысты франчайзи желісі – бөлшек сауда. Танымал брендтегі киім-кешек және аяқкиімнің елімізге келуінің ең оңтайлы жолы осы көрінеді. «Өкінішке қарай, бізде ұзақ мерзімді қамтитын жобалар жоқтың қасы. Мәселен, еліміздің фасфуд нарығы дамуға жол таппады. Сол секілді 2013 жыл барысында франшиза жолымен жұмыс істейтін компаниялардың 9-10 пайызы жұмыс істеуден бас тартты. Олардың бұлай істеуі банкроттықпен байланысты немесе франшиза жүйесіне көңілдерінің толмауынан туындаған секілді», – дейді ол.
Аталған көрме аясында бірінші рет қазақстандық брендтерге басымдық беріліп отырғандығын баса айта кетелік. «Бүгін біз франчайзинг нарығының біршама пайызын қамтитын қазақстандық франшизаларды тамашалаймыз. Біздің мақсатымыз – отандық франшизалар көлемін арттыру және өнімімізді экспорттық әлеуетке ие ету», – дейді Б.Қисықов.
«Кеден одағының Бірыңғай экономикалық кеңістікке ұласуы барысында отандық франчайзинг жүйесін құру және оны дамыту айрықша маңызды» дейді мамандар да. Осы мақсатта көрме аясында өткен талқыда мынадай мәселелерге жіті көңіл бөлінді:
- жыл сайын отандық франшиза ұсынысы мен ізденісі үшін арнайы алаң құру;
- франчайзинг саласындағылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік тудыру;
- мемлекеттің, сол секілді өзге де ұйымдардың франчайзингілік жобаларды қолдаудың мүмкін тетіктерін әзірлеу;
- отандық брендтер мен франчайзинг жүйесін дамыту мен нығайту жолында бизнесті ұйымдастырудың осы формасын кеңінен насихаттау;
- кәсіпкерлер қауымына франчайзинг технологиясы туралы мәліметтермен кеңінен қанығу үшін мүмкіндіктер жасау;
- Қазақстандағы франчайзинг нарығын зерттеу, аталған технология бойынша дамушы отандық брендтерге мониторинг жүргізу.
Негізінен, 90-жылдардың басында нарығымызға Coca-Cola-ның келуімен байланысты Қазақстан заты бөтен «франчайзинг» терминін сөз қолданысында пайдалана бастады. Осы кезеңнен бастап елімізде франшиза бойынша жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді. Алматы көшелерінен атын кездестіріп жүрген «Бургер Кинг» мейрамханалар, InterContinental Hotels Group мейманханалар желісі осы франчайзидің туындылары болып табылады. Міне, осы секілді ертең «Рахат» кәмпитінің немесе, мәселен, «Цесна» ұн өнімдерінің брендтері өзге елдерден көрініс тауып жатса, онда отандық франшизаның кеңінен қанат жайғанының куәсі болар едік. Біздің еліміздің бұл арада діттеген мақсаты да – осы.