Ғарыш туристері деген кімдер?
Адамның Жер шарынан тыс орбитаға шығуы 20-23 миллион долларды құрайды. Алайда бұл қызмет құнының тым қомақтылығы «аспанды бағындырғысы келетіндердің» жолын тежей алмай отыр. Сол себепті 2007 жылдан бастап ғарышқа сапарлау құнының сметасы қайтадан қарастырылған. Сөйтіп, ол 20-дан 30-40 миллион долларға дейін өскен. Осыдан-ақ ғарыш туристерінің өз арманын орындауға миллиондарын шашуға әзір бай-бағландар екенін байқай беруге болады.
Қазір ғарыш туризмі мақсатында тек Халықаралық ғарыш стансысы (ХҒС) қолданылатынын баса айта кетелік (Халықаралық ғарыш стансысы– әлемнің 23 мемлекеті қатысатын өзара халықаралық жоба). Мәселен, ұшу ресейлік «Союз» кемесі мен ХҒС-нің Ресей сегментінің көмегі арқылы жүзеге асырылса, туристерді ұшыруды ұйымдастырумен Роскосмос пен Space Adventures (ғарыш туризмімен айналысатын америкалық компания) айналысады. Ғарыш туристері Мәскеудің жанындағы Жұлдыздар қалашығында дайындықтан өтеді. Space Adventures Роскосмоспен 2001 жылдан бері әріптестікте жұмыс істейді. Олардың көмегімен 2009 жылдың соңына дейін тоғыз турист ғарышта болып қайтқан екен. Соның ішіндегі ерекше бір-екеуіне тоқтала кетелік. Мысалы, алғашқы коммерциялық ғарышкерлер Тоехиро Акияма (Жапония) және Хелен Шарман (Ұлыбритания) «СоюзТМ-11»/ «СоюзТМ-10» ғарыш кемесімен 1989 және 1990 жылдары кеңестік орбита стансысы «Мирге» сапар шеккен екен. Ал 2001 жылы 28 сәуірде америкалық бизнесмен Деннис Тито Халықаралық ғарыш стансысынан «Союз» ғарыш кемесі арқылы көкке көтерілді. Бұл «СоюзТМ-32» экипажы құрамында ресейлік ғарышкер Юрий Батуринмен қатар, жерлесіміз Талғат Мұсабаев та бар болатын. Бұл сапары жайлы Т. Мұсабаев өз естелігінде былай жазады: «Біз орбитаға шыққанымыз сол екен, Деннис қуаныштан жарылып кете жаздады. Өзінің сезімін жасыра алмаған ол: «Мен ең бақытты адаммын! Менің арманым орындалды!» деп айғай салды. Шыны керек, бірнеше сағаттан соң осы «сөзшеңдігі» үшін оған қиын болатынын жақсы білдім...»
2002 жылы 25 сәуірде «СоюзТМ-34» кемесімен Оңтүстік Африка Республикасының бизнесмені Марк Шаттлворт ғарышқа сапарлап қайтты. Ол Ресейдің Федералдық ғарыш агенттігіне бұл сапары үшін 20 миллион доллар төлеген.
2008 жылы 12 қазанда америкалық миллионер, компьютер ойындарын жасап шығарушы Ричард Гэрриот ғарыш турисі атанды. Гэрриоттың әкесі Оуэн Гэрриот та ғарышта сапарда болған. Әрі ол коммерциялық ұйымның тапсырысы бойынша Жерден тыс аймақта ақуыз кристалдарын өсіру бойынша ғылыми тәжірибе жасаған алғашқы ғарыш турисі болып табылады. Ол бұл сапары үшін 30 миллион доллар ақы төлеген.
NASA жоспары
NASA өз қызметінің рентабельділігін арттырудың көзі ретінде ғарыш туризмін және жапсарлас ұйымдар арқылы ғарыш айлағына қызмет көрсетуді қарастырып отыр. Қазір мұндағы танымал туроператор – Ричард Брэнсонның Virgin Galactic-і. Таяуда ол SpaceShipTwo туристеріне арнайы транспорт әзірлеп берген. Бұл аппараттың паркі 10 жылдан кейін 40-45 туристі орбитаға алып шыға алады. Осыдан кейін Virgin Galactic күніне үш-төрт ракетапланмен туристер тасымалдайтын болады. Ал билеттің құны ол кезде 200 000 долларды құрауы тиіс. Міне, бұл – NASA-ның ғарыш индустриясындағы алдағы 10 жылға деген жоспары.
Роскосмос жоспары
2005 жылы Роскосмос және SpaceShipTwo кәсіби емес ғарышкерлерді және Айға ұшу туралы коммерциялық жобаны жүзеге асырушы инвесторды іріктеу жөнінде өзара меморандумға қол қойған. Ол бойынша SpaceShip Two кәсіби емес ғарышкерлерді және Айға ұшу туралы коммерциялық жобаны жүзеге асырушы инвесторды іріктеу және маркетинг жөнінде айрықша құқыққа ие болады. «Энергия» РКК аталған жобаның техникалық жұмысын атқаруды міндетіне алады. Ұшу қайтадан жинақталған «Союз» кемесі арқылы жүзеге асырылады.
2008 жылы Ресейде Virgin Galactic-тің SpaceShipTwo кемесімен ұшу үшін билеттер сатыла бастады. Бір билеттің құны – 5 миллион рубль, яғни шамамен 200 000 доллар. Бұл билеттерді сатумен Virgin Galactic-тің Ресейдегі өкіл компаниясы Elegant Resorts айналысады. Virgin Galactic туристерін суборбитальдық орбитаға алғаш рет 2011 жылы алып шығады делінген. Тура осындай жобаны EADS 2012 жылы жүзеге асырмақшы.
Ғарышты жерден тамашалау
Біреулер туристерін ғарыш айлағына дайындап, жеткізгені үшін, екіншісі әлемдегі ең ірі ғарыш айлағын жалдап, сол сапар шеккіштерді ғарышқа тасымалдауда қыруар табысқа кенеліп жатқан жайы бар. Ал осы «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан Қазақстан одан керемет пайда көріп жатыр деп айта алмаймыз. Оны ішінен тамашалау үшін де Ресейге ақша төлейміз. Ал ол қанша тұрады?.. Ол үшін ғарышта жүргендей сәтті бастан кешіргісі келетін азаматтар екі апта бұрын бес күнге билетке тапсырыс беруі керек екен. Ресей мен Қазақстан азаматтары күніне 50 000 рубль (250 мың теңге), шетел азаматтары бұл қызмет түріне 80 000 рубль төлеуі тиіс екен.
Ғарышта болып келген кез келген адамның ғарышпен байланысты науқасы болады. Мәселен, бой ұзарады екен, өйткені қан қысымы төмендеп, салмақсыздық күйде ол омыртқаға қатты әсер етеді. Ғарышқа сапарлап қайтқан туристердің бойы шамамен екі дюймге (1 дюйм – 2,539 см) өседі екен.
Қазақстанда ғарыш туризмі қашан қолға алынады?..
Талғат МҰСАБАЕВ:
– Туризмнің бұл экзотикалық түрі бүгіндері әлемде жоғары сұранысқа ие. Көптеген адам ғарышқа барып, жерден тыс құбылысты өз бойымен сезінгісі келеді. Алайда ғарыш туризмімен айналысатын мемлекеттердің бұл реттегі мүмкіндігі шектеулі, ал кезек күтіп, бір жыл бұрын жазылып қойған туристердің легі көп. Сондықтан Қазақстанның бұл бағыттағы мүмкіндігін бағаламауға болмайды, бірақ тым асығыстық жасап та керегі жоқ. Ең алдымен, ғарыш саласын аяғынан тік тұрғызып алуымыз керек. Ғарыш аппараттарын өздігінен ұшыруға барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бүгіндері біздің агенттік осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Ал содан кейін барып ғарыш туризмі туралы арнайы бағдарлама жасаймыз. Ол – уақыттың еншісіндегі дүние, әр нәрсе өз орнымен жүзеге асырылуы тиіс...