«Гемба-кайдзені» меңгерсең кем болмайсың
Америкалық «Дженерал Моторстан» әлемнің ең ірі автокомпаниясы атағын тартып алған «Тойота» корпорациясында басшылық ауысты. Енді оны концерннің негізін қалаушы Оно Тойоданың немересі Акио Тойода басқаратын болды. 2008 жылы «Тойота» көліктерінің саудасы 4 пайызға кеміп, компания былтыр 8 миллион 970 мың көлік сатқан. Осыған байланысты наурыз айында автокөлік құрастырушы концерн өз тарихында тұңғыш рет шығынға батқаны туралы ресми мәлімдеме жасады.
Елдің бәрі Акио Тойодадан кереметті күтуде. Өйткені ол 70 жыл бұрын «Тойотаны» өмірге әкеп қана қоймай, жапон экономикасының рухани бейнесіне айналған Тойоданың ісін жалғастырушы болып табылады. Салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтауға ұмтылатын Күншығыс елі жаңа әлемдік дағдарыспен ескі жапон менеджменті арқылы күресіп көрмек. Әлемді таңғалдырған жапон экономикасы кереметінің түпқазығы – жапондық басқару үлгісі қандай?
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі сұмдық дағдарыс пен күл-талқан болған ұлттық өнеркәсіпті мұраға алған жапон экономикасы феникс құс секілді жанданып шыға келді. Автомобиль компаниясының негізін қалаушы Оно Тойода «тек сапалы өнім» деген ұранға негізделген жалпыұлттық идеяның көсеміне айналды. Мұқияттылықты жаны сүйетін, әр нәрсені бақайшағына дейін есептейтін жапондар жұмыс орындарында өзіндік құны төмен жоғары сапалы өнім өндіруді жолға қойды. «Тарих үшін 20 жыл тым қысқа» деушілердің құлағына алтын сырға, өткен ғасырдың 70-жылдары Американың автокөлік өнеркәсібі жапон автокөлік өндірісімен бәсекеге түсуден қала бастады. Тойоданың арзан әрі сапалы көліктері Американың мақтанышы «Форд» зауытының өнімдерін артқа тастады. Жапонның арзан әрі сапалы теледидарлары АҚШ-тың электронды өнеркәсібіндегі бірнеше ірі компаниялардың жабылуына себеп болды. Күншығыс елі экономикасының дамығаны сонша, АҚШ үкіметі жапондардан экономикасының қарқынын біраз тежеуді сұрауға мәжбүр болған да еді.
Жапонияның экономикалық кереметінің сыры «гемба кайдзен» деп аталатын жапон менеджментінің ерекшелігіне кеп тіреледі. Жапондар «сапа – бұл сананың күйі, ал өнімділік – қайырымды іс жасаудың бір тәсілі» дейді. Біз тұрмақ, Батыстың бизнестегі білгірлері түсіне алмаған қағида Күншығыс елі экономикасының негізі боп табылады. «Ең бастысы – сапа» дегенді жапондар ұран деп емес, жұмыстағы басшылыққа алынатын ереже деп түсінеді. Ал сапалы басшылықтың түпқазығы мамандар дайындауда жатыр. Жапон компаниялары жаңа маманды бір жылдай оқытады. Одан кейін тікелей өндірісте шағын топ болып тағы да оқудан өтеді. Жапондар үнемі білім жетілдіру, тәжірибе алмасу, жас мамандар мен бұрыннан келе жатқан кәсіпқойлар арасындағы тығыз қарым-қатынас ерте ме, кеш пе, өнімнің сапасын жақсартуға оң ықпал етеді деп есептейді. Шығынды азайту, басы артық жұмыс түрін мейлінше қысқарту, уақыт үнемдеу, жұмысшылардың рухын көтеру — бұл жапон компаниясының көздейтін мақсаты. «Адамдар мен бизнестегі үдерісті басқарудың жетілген жүйесі қалыптасуы керек» деген қағида әрбір жапон компаниясының алтын заңына айналған. Жалпы, жапон менеджментінің құндылығы машиналардан бұрын адамдарды басқаруға басты мән беруінде жатыр. Оны жүзеге асырудың тәсілі – компанияларда сапаны қадағалау үйірмелерін құру. Қарапайым тілмен айтсақ, жұмыс орнындағы тәртіп пен тазалыққа басшыдан бастап, аула сыпырушыға дейін қатысуы керек. Оның мағынасы біреуі көрмеген кемшілікті екіншісі байқайды дегенге саяды.
Дәл осы жапондық жүйе америкалықтардың үнемді өндіріс идеясының кіндік әкесі саналады. Компанияның адам, қаржы, материалдық ресурстарын тиімді пайдалану – үнемді өндірістің негізі.
Қазір отандық бизнес, ең алдымен, қаржы тапшылығынан қиындық көріп отыр. Ал сапаны жақсарту мен оны бақылау кәсіпкерге ірі қаржы көзінсіз-ақ үлкен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Өндірісті дамыту, өнімнің құнын арзандату, сапасын жақсарту – инженердің ғана емес, жұмысшының да міндеті. Сөз реті келгенде айтайық, жапон инженері
1 жылда кем дегенде 1-2 өнертапқыштық идеясын ұсынып, оны өндіріске енгізбесе, жұмысынан ғана емес, инженер дәрежесінен де айырылады екен.
Бір қуантатыны, соңғы кезде біздің елде де жұмысшыға корпоративті әріптес ретінде қарау үрдісі қалыптаса бастады. Уран өндіру және оны экспортқа шығарумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық операторы біраздан бері өндірісті басқарудың ең озық жүйесіне көшкен. Компанияға қарасты кеніштерде сапаны қадағалау мен жақсарту үйірмелері жұмыс істейді. Мәселен, бір ғана «Иіркөл» кенішінде «гемба кайдзен» жүйесі 400 мың теңге табыс әкелген. Жұмысшы ұсыныс жасағаны үшін 500 теңге алады, ал ол өндіріске енсе, мың теңге сыйақы беріледі.
Әзірге шикізат көзіне бай, далиған даласына бес Франция сыйып кететін Қазақстан үшін үнемді өндіріс ұғымын сіңіру қиынға соғуда. Алайда әлемдік дағдарыс бұл қағиданың уақыт талабы екенін көрсетіп отыр. Соғыстан титықтап шыққан жапон экономикасының кереметі соған дәлел. Жапондардың жүйесін әрі қарай дамытып, әлемге инновациялық, жаңа технологиялы экономиканы көрсеткен «Азия жолбарыстары» осыны көрсетіп отыр.
«Кайдзен философиясы» үнемі ізденісте болуды, сапаны жақсартуды жетілдіруді үйретеді. Бірақ ең маңыздысы, жапон менеджменті адамдармен жұмыс істеуді бірінші кезекке қояды. Құдай шикізат қорынан кенде қылған Күншығыс еліндегі басты ұранның «біздің байлығымыз – адам» болуы да осыны аңғартады. «Ең жаңа технологиялар мен инновацияны енгізуіміз қажет» деген қазақ Үкіметі сол технологиялардың адамсыз құны көк тиын екенін де ұмытпаса екен.
Керек тастың ауырлығы жоқ
«Гемба кайдзен» ережесі бойынша компания қызметкерлері ақша табатын және ақша таппайтындар болып екіге бөлінеді. Тікелей өндірістегі жұмысшылар мен инженерлер басты ақша табатындар болып саналады. Жапондардың айтуынша, ең жақсы компанияда ақша таппайтын бір-ақ адам болу керек. Ол – осы компанияның президенті.
Бір мысал
«Тойотаның» 6 мың адам істейтін көлік құрастыру зауытында бір жылда өндірісті жақсарту жөнінде 66 мың ұсыныс жүзеге асқан. Яғни бір жылда зауыттың бір жұмысшысы 11 ұсыныс айтты деген сөз. Ал біздің кәсіпорындардың жұмысшысына бір жылда осындай көлемде сөгіс беріліп, айыппұл салынады екен. Осыдан кейін кімнің жұмысы өрге басатынын пайымдай беріңіз.