Гуманитарлық ғылымның мәселесі қайтсе шешімін табады?
Ғылым қанша қарыштап дамыған сайын оның күрмеуі шешілмей жатқан мәселелері де азаймайды, керісінше, молая түспек. Соның ішінде ғылымның әлеуметтік және гуманитарлық бағытында проблемаларды шешу үшін оқымысты-ғалымдар алдында зор міндет пен үлкен жауапкершілік тұр. Осыған орай кеше Астанадағы Еуразия гуманитарлық институтында гуманитарлық ғылым мәселелері талқыға салынған республикалық ғылыми-конференция өткен болатын.
Астана, Алматы, Қостанай, Семей, Тараз, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Петропавл қалаларынан келген ғалымдармен бірге аталмыш басқосуға Киевтен келген арнайы делегация қатысты. Шараны ұйымдастырудағы басты мұрат әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдағы педагогика, психология, философия, филология, экономика пен құқықтанудағы өзекті мәселелерді талдау болып отыр. «Білім берудің басты бағытының бірі рухани дамыту, мәдени әлемге ықпал ететін гуманитарлық саланы ілгерілету. Шындығында, Қазақстан өз алдына дербес ел болғалы мемлекеттік сабақтастықтың дәстүрін негіздеп, ел тұтастығын сақтау мен қоғамның тұрақты болуына гуманитарлық ғылымның қосқан үлесі зор», – дейді институт ректоры Аманкелді Құсайынов.
Конференция барысында сөз болған басты мәселенің бірі – білім беру мен ғылымды дамыту, маман даярлау және қайта оқытудағы басымдықтарды анықтауда технологиялық көзқарастың кеңінен етек алуы. Бұл да төтеден туып отырған дүние емес. Себебі білім беру саласы көп жағдайда ақпараттық технологияны жетік меңгеріп, алайда гуманитарлық саладан мақұрым қалған маман-технологтарды дайындауға бағытталуда. Ал мамандар мұның салдары араға уақыт салып кері әсерін тигізетінін айтып алаңдайды. «Өйткені техникалық прогресс адамгершілік, мәдени және рухани құлдырауға әкеледі» дейді шараға қатысқан ғалымдар.
Жиын барысында қазіргі гуманитарлық ғылымдағы мәселелер терең текшеліп, бірқатар ұсыныстар жасалған еді. Атап айтқанда, алқалы отырыс алты бағытта түрлі-түрлі ұсынысты әзірлеп шықты. Енді оны іске асыру алдағы күннің еншісінде болмақ. Ұсынысқа келсек, әуелі ұлттық білім беру жүйесін отандық және әлемдік классикалық оқытудың дәстүрлерін жетілдірудің қажеттілігі айтылады. Оқу орындарының бәсекелестігін арттыруға, экономиканың тұрақты өсуі жолында баршаны оқыту арқылы білім беру жүйесін жетілдіруді жалғастыруға маңыз берілуі де ескерілмек. Сонымен қатар еңбек нарығының сұранысын, ел дамуының индустриалды-инновациялық міндеттерін жетілдіре отырып, білім сапасындағы жоғары деңгейге қол жеткізудің мүмкіндігі де зор болатынға ұқсайды. «Студенттердің өзін-өзі жетілдіруге деген қажеттілігін қалыптастыра отырып, білім беру жүйесінің дамуына ықпал ету. Қазақстанның жоғарғы мектептерін еуропалық білім беру жүйесінде Болон үдерісінің міндетті өлшемдерін енгізу жұмыстарын жалғастыру. Және білім ошақтарында үш тілдің өміршеңдігін арттырып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің практикалық курстары бойынша жаңа құралдар жазуды қамтамасыз ету қарастырылуы шарт» делінген ғалымдар басқосуынан туындаған ұсыныстарда.
Аманкелді ҚҰСАЙЫНОВ, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры:
– Егемен елдің бүгінгі жетістігі жолында пәрменді де белсенді қоғамтанушылар тобын құру мен оны іске жұмылдыру, қоғам санасын қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасын жасау, гуманитарлық зерттеу бағытын айқындап, өлшемдер әдіснамасының негіздерін жасау аса маңызды дүние ретіне саналады. Расында, әлеуметтік гуманитарлық ғылымдардың бағытын қарап, оның сұранысын айқындау – бұл өзекті мәселе. Ең алдымен, гуманитарлық ғылымның өзі көп қырлы әрі мұнда қарама-қайшылықтың көп екені мәлім. Екіншіден, ғылым мен білімдегі даму үдерісін жалпы ғана сипаттап шығуға болады. Сондықтан оның көптеген қыры бізге беймәлім.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылымының докторы:
– Қазіргі уақытта гуманитарлық ғылымның мәселесі ұшан-теңіз. Соның ішінде ең маңыздысы «біз оқытуда кімдерді маман етіп дайындаймыз» деген мәселе. Бұрын ғылымның ең биік шыңы профессор болатын. Қазір түрлі құрылымдар мен мемлекеттік жүйелер өзгеріп жатқанда біз Болон үдерісіне ендік. Содан кейін «PhD докторы» деген шығып отыр. Қазір оны алу соншалықты қиын шаруа емес. Егер әрбір бала екі жыл магистратура оқып, үш жылда докторантураны тәмамдап шығып біліктілікті ала беретін болса, ол ғылымның үлкен мақсаты қандай болмақ? Қазір Еуропаның ғылыми ордалары да, ғалымдары да осыған қатысты қатты толғанып жатыр. Біздің ең соңғы нәтижеміз не болады? Сол мемлекетке қызмет ететін білікті адам болу керектігін барлығы түсінеді. Ал біліктілік деген өлшем не? Біліктілікті бұрынғы ғылыми өлшеммен алып қарасақ, ол үлкен тұжырымдамалық жаңалық ашуы тиіс. Кеңес заманында осы жағы қатал болды да, осылай міндеттелетін еді. Қазір белгілі бір бағытта ғылыми нәтижелер көрсеткен белгілі бір шарттылықты орындағандар ғана ғалым делінеді. Қайшылық та жетіп-артылады.