Ядролық «дәл соққының» қызығын қашан көреміз?
Қазақстан үшін қатерлі ісік аурулары ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін дерттердің қатарында тұр. Қазір елімізде 80 мың адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Жылына бұл дерттен шамамен 18 мың адам көз жұмады. Дәрігерлердің айтуынша, бұған онколог-мамандардың жетіспеуі, ауруханаларда қажетті жабдықтардың тапшылығы себеп. Әрі онкологиялық ауруды ерте бастан анықтау жағынан да ақсап жатырмыз. Батыс елдері диагностиканың соңғы үлгілерін қолдануға айрықша мән береді. Соңғы жылдары қатерлі ісік ауруларының алдын алу мен оны емдеуде, әлемде ядролық медицинаның үлесі артып келеді.
Батыс елдері онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің осы тәсілін өткен ғасырдың ортасында-ақ бастаған. Бұл салада АҚШ, Жапония, Канада секілді елдер үлкен жетістіктерге жетті. Ядролық медицина өнімін шығара алатын, тәуелсіз ядролық медицина орталығын құруға мүмкіндігі бар елдер саны әлемде 30 шақты ғана. Қазақстан осы отыздықтың қатарына кіреді. Алматының іргесіндегі ядролық физика институтының мамандары, институт негізінде отандық ядролық медицинаның негізін қалауға болады деп отыр. Осындағы зерттеу бағытындағы су-сулы атом реакторы арқылы радиациялық медицинаға қажет радиоизотоптар дайындалып жатыр.
Бұл зерттеу реакторы әлемдегі бірегей санаулы зерттеу реакторларының қатарына жатады. Реактордан алынған радиоизотоптар – радиофармпрепараттар дайындайтын кешенге жеткізіліп, онда медицина мен өнеркәсіп мұқтажына қажет өнімдер жасалады. Қазір мұнда негізінен технеций мен йод-131 элементтерінің негізінде радиофармпрепараттар дайындайды. Диагностикалық препараттар негізінен Алматыдағы онкологиялық және радиологиялық аурулар ғылыми-зерттеу институтына, Астанадағы медициналық орталыққа жеткізілуде. Қажетті өндірістік қуаттың жоқтығынан радиофармпрепараттар кешені сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Және біз ядролық медицинаның тек диагностикалық мүмкіндігін ғана пайдаланудамыз.
Қазірдің өзінде радиофармпрепараттардың тапшылығы сезілуде. Оның үстіне технеций секілді элементтің негізіндегі сұйық қоспалар небары 6 сағатқа дейін жарайды. Отандық мамандар қазір технецийдің жарамдылық мерзімін ұзартудың технологиясын жасаған және технецийге арналған реагенттердің жинағын дайындап қойған. Ол диагностика ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Алайда радионуклидті препараттарды өндіретін орталық құрылмайынша, толыққанды ядролық медицина препараттарына ие болу мүмкін емес.
Радиофармпрепараттар шығару өте жоғары технологиялық өндіріске жатады. Яғни жоғары рентабельді сала. Бұл – медицина нарығындағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Мамандар, «Қазақстанның ядролық медицина өнімдерін сату жағынан, әлемдік экспортта ойып тұрып орын алуына толық мүмкіндігі бар» деп отыр. Ядролық физика институтындағы атом реакторы қажет радиоизотоптардың бәрін дайындап бере алады. Тіпті радионуклидті дәрі жасамаған күннің өзінде, оларды дайын шикізат ретінде шетелге сатуға болады.
Ең бастысы, бұл мыңдаған қатерлі ісікке шалдыққан жандарға нақты көмек беретін мүмкіндік. Ядролық медицинада қалқан безінің ісігі ауруларын операциясыз, сәулемен күйдірусіз емдеу әдістері бар. Мұндай операция жасату үшін Ресейдің Обнинск қаласына барып, бес жыл бұрын кезекке тұру қажет.
Отандық ғалымдар заманауи талапқа жауап бере алатын ядролық медицина орталығының жобасын жасап қойған. Бұл іске қатысқан халықаралық атом энергетикасының мамандары оған үлкен баға беріп отыр. Жобаның құны – 7 миллиард теңге. Орталық радиофарм препараттарды шығару, оны өндіріске енгізу технологиясынан бастап, осы салаға қажетті мамандарды дайындауды да қамтиды. Яғни ядролық медицина толық циклда осы орталықта дамытылатын болады. Ядролық физика институтының басшылығы «орталық бес жыл ішінде өзін ақтап қана қоймай, қазынаға пайда әкеле бастайды» деп отыр.
Ел үкіметі мамандардың ядролық медицина орталығын құру туралы ұсынысын қабыл алғанымен, қажетті қаржы бір-екі жылдан кейін ғана бөлінбек. Ал ғалымдар келесі жылдың өзінде жұмысты бастауға 1 миллиард теңге қажет деп отыр. Бірінші кезекте атом реакторын модернизациядан өткізу жұмыстарын бастау керек.
Мұндай орталық құру үшін өзге мемлекеттер 500 миллион АҚШ долларын жұмсайды. Бұл дегеніміз – 75 миллиард теңге. Ал отандық ғалымдар 7 миллиард теңгеге әлемдік деңгейдегі орталық құруды ұсынады. Ғалымдар «егер жедел қимылдамасақ, Қазақстан ядролық медицина саласында тым артта қалады» деп отыр. Өйткені әлемдік ядролық медицина саласы нейтрондардың жылдамдығымен дамып келеді.
Уақыт жоғалтқан сайын, біз қаншама адамдардың денсаулығын, әлемдік нарықтағы орнымыз бен баға жетпес мамандарымызды бірге жоғалтатынымызды ойлауымыз керек.
Керек тастың ауырлығы жоқ
Ядролық медицина — ауруды анықтау мен оны емдеу мақсатында ядролық процестердің қасиеті қолданылатын медицинаның саласы. Медицинаның бұл түрінде радионуклидттері бар фармацевтикалық препараттар қолданылады. Олар – иненің көзіндей қатерлі ісікті анықтап, оны емдей алады. Әскерилер тілімен айтқанда, радионуклидттер «дәлдеп соққы беру» арқылы тек ауру ұлпаны жояды. Әсіресе жүрек, өкпе, қатерлі ісік, бауыр мен бүйрек және сүйек ауруларын анықтау мен емдеуде теңдесі жоқ нәтижелер береді.
Ұсыныс
Радиофармпрепараттарды өзімізде өндірсек, олардың бағасы екі-үш есеге, ал кейбірінікі он есеге дейін арзандар еді. Қазір Қазақстан тек химиялық препараттарды сатып алуға жылына 25 миллион доллар жұмсайды.