Идеялар банкі жастар бастамаларына толды
Кеше Алматыда GSM Қазақстан/Kcell компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия Қоры бірлесіп баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз отырысының негізгі мақсаты – жастар бастамаларын қолдау жөніндегі жобалардың өткен жылғы қорытындыларын жариялау.
Жалпы өткен жылы GSM Қазақстан/Kcell компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия Қоры бірлесіп жастардың идея, бастамаларын қолдау мақсатында Activ жастар идеяларының банкін құрған болатын. Аталған банктің Орал, Қостанай, Тараз және Өскемен қалаларында арнайы комитеттері ашылды. Бір жылдың ішінде осы комитеттер бірнеше жобаға қолдау көрсетіп, жүзеге асуына тікелей атсалысты. Жобаны іске асырушылардың айтуынша, банктің жұмысы жолға қойылғаннан бастап, оған жастардың қызығушылығы ерекше болды. Мәселен, өткен жылы Activ жастар идеяларының банкі Қазақстанның төрт қаласында 18 шағын жобаны жүзеге асыруға гранттар бөлген. Әр жоба өзектілік, қауым қажеттіліктерін шешу және жүзеге асыру мүмкіндігі сияқты межелердің негізінде сұрыптаудан өтті. Сұрыпталған жобалар дарынды жастарды қолдауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге, мәдени және спорттық шараларды өткізуге, кәсіби бағдар беруге, ата-аналармен қарым-қатынасты жақсартуға, құқықтық сауаттылықты, еріктілік пен отансүйгіштікті дамытуға бағытталды. Айта кету керек, ынталы жастар топтарына шағын гранттар бөлумен айналысатын жастардың мұндай банкі Қазақстанда бірінші рет жұмыс істеп отыр.
Ринад ТЕМІРБЕКОВ, Орталық Азияның Еуразия қорының атқарушы директоры:
– Мұндай банк, механизм, жалпы, жоба ең әуелі Ирландияда пайда болған. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде аталған идея Батыс Еуропаның басқа елдеріне де кең тарай бастады. Мәселен, Ресейде оның көптеген құрылымдары пайда болды. Біз өз тәжірибемізге Ирландия және Тольятти банктерінің прототиптерін алдық. Қазақстанда бұл әдістеме бірінші рет қолға алына бастады. Оның негізгі мәні – идеялар банкіне айналу, жарқын болашаққа деген сенімі мол жастардың басын қосып, оларға өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қолдау көрсету. Мына мәселені айта кеткім келеді, идеялар банкі ешқандай коммерциялық ұйым емес. Мұнда жұмыс істейтін жастар ешқандай жалақы алмайды. Дегенмен идеялар банкінде жұмыс істей отырып жастарымыз көптеген тәжірибе жинайды, өмірге деген көзқарастарын жақсы жақтарға өзгертеді.
Бір сөзбен идеялар банкін әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыратын үлкен қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің шағын моделі деп түсіндіруге болады. Бұл банктердің өз президенттері, жобаларды таңдап, талдаумен айналысатын, коммуникация мәселесімен шұғылданатын мамандары, жоба менеджерлері бар. Әрине, сырттан қарағанда идеялар банкінің жұмысы ойынға ұқсайды, ал шын мәнінде, жобаның шешімдері өте өміршең, күрделі. Мұнда 15-24 жас аралығындағы жастар жоба менеджерлерінің қызметін атқарады. Олардың жоба таңдау, шешім шығару жұмыстарына ешкім араласпайды. Яғни бұл да жастарға өз ісіне тиянақты болуды, қиын жағдайда шұғыл шешім шығаруды үйретеді. Ең алдымен, банктерде жобалардың байқауы өтеді, содан кейін жастардың идеялары басталады. Банктердің барлық жұмысы халықаралық талаптарға сай жүргізіледі. Бір жобаны жүзеге асыру үшін 500 АҚШ долларына дейін жұмсалынды. Әрине, бұл жерде қаржының көлемі маңызды емес, ең бастысы, оны дұрыс жұмсай білуде, жобаны жүзеге асыруға деген талпыныстың, ынта-жігердің, кәсібиліктің болуында. Идеялар банкі өте тиімді әрі табысты жоба болғандықтан, оны Қазақстанның басқа қалаларына да таратуға болады.
Татьяна ФИЛИПЧИК, GSM Қазақстан/Kcell әлеуметтік жауапкершілік жобалары бойынша аға маман:
– Біздің компанияның Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанына он жылдан асты. Осы уақыт аралығында компания тек экономикалық емес, көптеген әлеуметтік жобаларды да қаржыландырып келеді. Біздің корпоративті-әлеуметтік жауапкершілігіміздің ішіне жастарға барынша қолдау көрсету, білім беруді дамыту мақсаттары кіреді. Сондықтан да біз Еуразия қорымен бірлесіп екі жылға жоспарланған Activ жастар идеяларының банкін құрдық. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жастарға жаңа білім, тәжірибе алуға жағдай жасап, олардың идеяларын жүзеге асыру.
Татьяна ЧЕРНАЯ, Қостанай қаласы Activ жастар идеялары банкінің президенті:
– Өткен жылы Қостанай облысының аумағы бойынша жастар идеялары банкінің бастамасымен бес жоба жүзеге асты. Олар: «Жас психологтар форумы», «Құтқарушылар-алға!», «Федоровск ауданы ынталы жастарының слеті», «Лесоков қаласындағы құқықтық сауатсыздықты жою», «Атамекен» ерікті клубы мен облыстық жетім балалар үйі». Мәселен, жас психологтар форумы –біздің ең алғаш қаржыландырған жобамыз. Оның басты мақсаты – жас психологтарды тәжірибелі психологтардың жұмыс тәсілдерімен таныстыру, негізгі технологиялар тілін үйрету. Осы форумнан кейін аталған жобаға қатысқан жастар өз ішінде клуб құрды. Клуб мүшелері осы уақытқа дейін жиналып, келелі мәселелерді талқылайды, сондай-ақ оған барлық қызығушылығы бар азаматтар да қатысып жүр. Бұл форумға 80-ге жуық адам қатысты. Көріп отырсыздар, қатысушылар ауқымы оның қаншалықты маңызды болғанын көрсетіп отыр.
Айдос ПАРИМБЕК, Тараз қаласы Activ жастар идеялары банкінің президенті:
– Тараз қаласында өткен жылы «Менің отаным–Қазақстан», «Белсенді спорт», «Ағылшын театрындағы мүмкін емес–мүмкін» деген үш жоба таңдап алынды. Мен соңғы жобаға тоқталып өтейін. «Ағылшын театрындағы мүмкін емес–мүмкін» жобасына қатысқан жастар өз бетінше ағылшын тілінде пьеса таңдап, қойылымдарға дайындалуда. Оларға үш айға дейін дайындық мерзімі беріледі, берілген уақыт аяқталғаннан кейін олар Тараз қаласының оқушыларына ағылшын тілінде пьесалар көрсетеді.
Зүльфия АМАНДЫҚОВА, Орал қаласы Activ жастар идеялары банкінің президенті:
– Орал қаласында бес грант бөлдік. Оның ішінде ұзақ мерзімге арналған бір жоба жүзеге асырылды. Бұл жобаның аты– «Медия мектеп». Қалған төрт жоба шілде, тамыз айларында іске асады деп жоспарлануда. «Медия мектеп» жобасына келер болсақ, жобаның бір артықшылығы–оған көпшіліктің сұрауы, қызығушылығы бар. Қалада бірінші рет қолға алынып отырған бұл жобаның мақсаты–жас журналистерді дайындау. Дайындық жұмысы үш айға созылды. Жақында мектептің алғашқы түлектерін шығарып салу рәсімін өткіздік.