Ілбіс Тұран жолбарысының жолын құшып жүрмей ме?
Арысы ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздігіміздің, берісі ару қаламыз Алматының символына айналған ілбіс жойылудың аз-ақ алдында тұрған сыңайлы. Дерек көздері аса бағалы теңбіл терісіне бола тұқымы тұздай құрып бара жатқан осы бір түз тағысының елімізде 100-120-сы ғана қалғанын айтады. Осылайша құлқын құлына айналғандардың кесірінен ілбіске түп-тұқиянымен жойылып кеткен Тұран жолбарыстарының тағдырын құшу қаупі төніп тұр.
Жалпы, ілбіске қатысты мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ол осыған дейін айтыла-айтыла ауыр, жазыла-жазыла жауыр болған тақырыптың біріне айналып та үлгерді. Алайда неге екені белгісіз, нақты шара жоқтың қасы. Оның үстіне, бұл текті аңның таралу аймағын, өскен ортасын, нақты санын зерттейтін орталықтар да мардымсыз. Зерттеу жұмыстары оңтүстiк Алтайдан басқа еш жерде жүргiзiлмеген. Тек 2009 жылы ғана өскемендік зоологтер Олег және Ирина Логиновтардың бастамасымен Snow Leopard Fund, яғни ілбіске арналған экологиялық қор құрылды. Бұл ұйым бүгінгі күнде аталған аңды сақтап қалу шараларын күшейту және мемлекеттің қолдауымен ұлттық стратегия жасау жайында бастама көтеріп келеді. Қор директоры, зоолог Олег Логиновтың айтуынша, бұл ұлттық стратегия ілбісті сақтап қалуға қатысты мемлекеттегі жасалып жатқан барлық әрекеттің негізі болуы үшін қажет. Бүгінгі таңда ілбістің Қызыл кітапқа енгеніне қарамастан, браконьерлердің сұғанақтығы тыйылмай отыр.
Ұят дерек
Ілбіс қолға үйретілмейді. Сондықтан оны зообақтарда ғана ұстайды. Еліміз шетелдіктерге «Орта Азияның барысы осындай болады» деп мақтанышпен көрсетуге қар барысын таба алмай, Алматы хайуанаттар бағындағы екi iлбiстi Франциядан әкелген болатын. Мұндай ілбістер әлемнің 70-80 елінің зообағында ғана бар.
Адам мен жабайы мысықтың кездесуінің жартысынан көбі ілбістің өлімімен тынып жатады. Сол себепті ілбіс Тұран жолбарысының жолын құшайын деп отыр. Яғни толықтай жойылып кету алдында тұр. Мұның алдын алу үшін ұлттық стратегиялық бағдарламамыз болуы тиіс», – дейді Логинов жуырда бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатының бірінде.
Расында, еліміздегі қар барысының саны күннен-күнге азайып барады. Еліміз табиғат сыйын табанға салып отырғанда, өзге мемлекеттер баға жетпес байлығын сақтап қалу үшін аянар емес. Көрші мемлекет – Ресейде 2002 жылы ілбісті сақтау туралы ұлттық стратегиялық бағдарлама қабылданып, кешенді шаралар іске асырыла бастады. Ал біздің мамандар енді ғана ұйқысынан оянып жатыр. Ала шапанды өзбек ағайындардың өзі мұндай бағдарламаны 2004 жылы-ақ жолға қойып алыпты. Тіптен Ресейде ілбіс мәселесін ел премьер-министрі Владимир Путиннің өзі қадағалайды екен. «Сол себепті бұл мәселені Президенттің өзі қадағаламаса, жағдай оңалмайды», – дейді Олег Логинов.
Баға жетпес аңға бақыр қимағанымыз ба?
Бүгінгі таңда Орталық Азия тауларында қанша ілбіс мекендейтінін ешкім тап басып айта алмайды. Кейбір ғалымдар олардың санын сегіз мың десе, кейбіреулері төрт мыңға да толмайды деген пікір білдіріп жүр. Қалай болғанда да бұл көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес. Ресейлік зоологтардың есептеуінше, Орталық Азия мен Ресей аумағын мекендейтін ілбістердің саны бар болғаны 700-ге жетер-жетпес қана.
Ал өз еліміздегі ілбістің санын айту тіптен ұят. Өйткені оның жыл сайынғы есебiн түгендеуге және арнайы қорғауға көк тиын да ақша бөлiнбейді. Осыдан бiраз жыл бұрын ормандағы жабайы аңдардың санағы жүргiзiлiп, ел аумағында 141 сiлеусiн мен ілбіс барлығы анықталды. Одан бері қаншама уақыт та өтті. Ал олардың қаншасы қырылып, сұр мергеннің оғына ұшқаны бір Аллаға ғана аян.
Ресми дерек көздеріне қарағанда, ілбістердің азаюы 1990 жылдардан бастап біліне бастаған. Оған себеп – аталмыш жануардың ғажайып терiсi. Зерттеу барысында бір ілбістің терісі шамамен 4 мыңнан 60 мың АҚШ долларына дейін бағаланатынын білдік. Яғни әзірше ілбістің киесінен АҚШ-тың көк қағазы құнды болып тұр.
Қызыл кітап та ілбістің бағын аша алмай тұр
Ілбіс – Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабы мен Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануар. Яғни қандай жағдай болса да, оларды аулауға немесе атуға болмайды. Елімізде Ақсу-Жабағылы және Алматы қорығы мен төрт ұлттық паркте толық қорғауға алынған. Алайда сол екі бірдей Қызыл кітап ілбістің бағын аша алмай тұр. Ебін тапқандар ел аумағынан жасырын жолмен ілбіс терісін өткізіп жатады. Арасында тұтылып та жатыр. Тұтылғандар 5-тен 10 жылға дейін арқалап темірторға тоғытылады. Бұл, әрине, жеңіл жаза емес. Алайда ілбістің киесінен гөрі көк қағазды «әулие» көретіндер азаймай отыр. Осындайлардың бірі 2004 жылы Алтай Республикасы арқылы 15 ілбіс терісін алып өтпек болған кезде қолға түскен болатын.
XIX ғасырдың орта тұсына дейін ілбістер сирек кездесетін аңдар қатарына қосылмады, керісінше, зиянды жыртқыш ретінде оны жыл бойына аулауға рұқсат етілді. Тек Кеңес Одағы аумағында 1936 жылдан 1970 жылдарға дейін зообақтар мен экспортқа шығару үшін 400-ге жуық ілбіс ауланғаны белгілі.
Ілбістің болмысы – елдіктің белгісі
Негiзiнен, мысық тұқымдастарға жататын ілбістің өзіне тән сырбаздығы мен жұмбақтығы адам баласын ертеден-ақ баурап алғанға ұқсайды. Оның тағы бiр ерекшелiгi, аштан қатса да, ешқашан өлексеге ауыз салмайды екен. Ілбістің болмысын жақсы білген түркі халықтары оны киелi тұтқан. Оны ұлттық таңба ретінде бейнелеген. Орталық Азияның сәні саналатын ілбіс – Қазақстан Республикасының ұлттық символы. Сонымен қатар ілбіс Алматы қаласының Елтаңбасында, Татарстанның мемлекеттік елтаңбасында, Хакасияның Елтаңбасында, сондай-ақ Красноярск өлкесіне қарасты Шушенский ауданының және Бішкек қаласының елтаңбаларында бейнеленген.
Барыс-ақпарат
Қар барысын қазақтар ілбіс деп те атаған. Орталық Азияның Гималай, Памир, Тянь-Шань, Алтай Батыс Саян, Үлкен Кавказ секілді таулы аймақтарын мекен етеді. Түрік тілінен аударғанда (ирбиз) қар мысығы дегенді білдіреді. Қазіргі қар барысы атауы осы мағынадан туса керек. Ілбіс — әлі толық зерттелмеген, сыры жұмбақ аң. Адам аяғы жете бермейтін биік шатқалдар мен құздарда тіршілік етеді. Үнi мысықтiкiне ұқсайды, айырмашылығы жуандау естiледi. Дене тұрқы – 120-130 сантиметр, салмағы 30-40 келi тартады. Қазақстанда Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы жоталарында, Үлкен Алматы шатқалында, Тарбағатайда, Оңтүстік Алтайда, Күршім жотасында, Бұқтырма өзенінің бастауында, Марқакөл атырабында ғана кездеседі.
Барыс-МАРАПАТ
Елімізде 1999 жылы үш дәрежелі «Барыс» ордені белгіленді.
Бұл орденмен ел егемендігін нығайту iciнe, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға ерекше еңбегі сіңген тұлғалар марапатталады.
Кеңес Одағы территориясындағы барлық бес тауды — жетімыңдықты бағындырған альпинистерге «Қар барысы» атты ресми емес атақ беріліп келді. Қазір бұл атақ әлі де өз мәнісін жойған жоқ. ТМД елдері арасында әлі де сыйлы.