Ирак мұнайын кім игереді?
Инвесторлар 40 жылдан кейін Иракқа қайта орала бастады. «Қазір Ирак жаңа соғыс алаңына айналып отыр. Бұл – ірі мұнай концерндерінің арасындағы Ирак мұнайы үшін басталған талас» дейді The Independent басылымы.
30 маусымда Бағдатта ірі кен орындарын игерудегі келісімшарттар жасау жұмыстары басталды. Коррупциялық кінә тағылмас үшін бар процесс теледидар арқылы ашық арнада өтуде. 115 миллиард баррельді құрайтын Ирактың мұнай бассейнінің қоры әлемдегі үшінші орында. Сонымен қатар мұнай саласының сарапшылары «қазір әлемдегі аса ірі барланбаған кен орындары Ирак пен Ираннан ғана табылуы мүмкін» деп отыр. Сондықтан соғыс қимылдары әлі басылмаса да, америкалық мұнай компаниялары ирактық нарыққа лап қойды. Кеше бәске қойылған Румалия кен орны «Бритиш Петролеум» бастаған консорциумға бұйырды. Оның құрамында қытайлық CNPC бар. Ресейлік «Лукойл» компаниясы да Саддам Хусейн кезіндегі келісімшарт бойынша игеруді бастаған «Батыс Курна-2» кен орны үшін таласып көрмек.
Алғашында бұл конкурсқа америкалық Exxon Mobil да қатысқан болатын. Бірақ «Ирак үкіметі оның ұсынысын коммерциялық жағынан тиімді емес деп тапты» деген күлбілте мәлімдемеге қарағанда, америкалық компаниялардың шөміштен қағылуы саяси себептерге байланысты тәрізді. Себебі қанша жыл «демократиялық» соғыс қимылдарын жүргізіп, мыңдаған сарбаздарынан айырылған АҚШ Ирактағы әскери науқанды ондағы мұнай келісімшарттарын өзге елдердің компанияларына алып беру үшін жасамағаны белгілі. Сондықтан америкалық Exxon Mobil да, Chevron мен Conoco Phillips компаниялары да әлі талай келісімшарттарға қол жеткізе алатыны анық.
«Бұл аукциондар әлемдік мұнай нарығының таяу болашақтағы архитектурасын анықтайтын болады» дейді The Wall Street Journal басылымы.