Исламдық сақтандырудың ең басты артықшылығы – тұтынушылардың мүддесі үшін еңбек ету

Исламдық сақтандырудың ең басты артықшылығы – тұтынушылардың мүддесі үшін еңбек ету

Құралай Елдесбай, «Тақафул» халал сақтандыру өзара сақтандыру қоғамының басқарма төрайымы:

Соңғы жылдары қаржы нарығында ислам қаржылары, исламдық қаржыландыру, ислам банкі, ислам қаржы құралдары секілді ұғымдар ғана емес, бұл тіркестердің арғы жағында ақырындап болса да, халық игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан бірлі-жарым исламдық қаржы нарығының түрлері бар. Солардың бірі – «Тақафул» халал сақтандыру өзара сақтандыру қоғамы. Ашылғанына небәрі екі жыл болса да, бүгінде компанияның 600-ге жуық тұтынушысы бар әрі дербес қызмет сапасы қалыптасып үлгерген. Исламдық сақтандырудың дәстүрлі сақтандыру жүйесінен қандай айырмашылықтары мен артықшылықтары бар екенін, қызмет көрсетуде нендей негіздерге сүйенетінін, сондай-ақ бүгінгі заңның аясында қалай жұмыс істеп келе жатқандығын білу мақсатында «Тақафул» халал сақтандыру өзара сақтандыру қоғамының басқарма төрайымы Құралай Елдесбайды әңгімеге тарттық.

– Дәстүрлі сақтандыру мен ислам­дық сақтандыру жүйелерінің ұқсас­тық­тары мен айырмашылықтарына тоқ­тала кетсеңіз...
– Исламдық қаржы жүйесінде дәстүрлі қаржы жүйесінде ұсынылатын барлық нарық түрі бар, бірақ, әрине, өзінің шари­ғатқа сай келетін құралдарымен. Сақ­тандыру нарығына келсек, дәстүрлі жүйе­де жай сақтандыру болса, исламдық сақтандыруда ол тақафул деп аталады. Оны ең алғаш Малайзия мемлекеті қол­дан­ған. Тақафул 1979 жылы Суданда пайда болса, 1984 жылы Малайзияда «Тақа­фул акт» дейтін арнайы заң қабылданып, содан бастап исламдық сақтандыру қол­да­нысқа ене бастады. Түбірі арабтың «ка­фа­ла» дейтін сөзінен шықса, «та» қосыл­ғанда такафул, яғни өзара көмек деген мағынаны береді. Ислам ғалымдарының айтуынша, бұл жай сақтандыру сияқты емес, өзіндік айырмашылығы бар.
Мәселен, адам жай сақтандыру компаниясына келіп, бір тәуекелім бар, ол құрып кетуі мүмкін, сол тәуекелімді сіздер сатып алыңыздар, сол үшін сіздерге ақша беремін дейді. Оқыс жағдай болған кезде сақтандыру компаниясы сол шығынның ақшасын қайтарып беруі тиіс. Енді қара­ңыз, ислам ғалымдары кез келген тәуекел қарауға, ұстауға келетін зат болуы керектігін айтады. Себебі ол тәуекелдің не зат екендігін білмей тұрып, оны сатуға да, сатып алуға да болмайды. Оған дәлел ретінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис­тері де бар. Дәстүрлі сақтандыру жүйе­сінен негізгі айырмашылық – осында.
– Исламдық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеу механизміне кеңінен тоқ­тала кетсеңіз...
– Исламдық сақтандыруда өзара кө­мек үшін арнайы сақтандыру қоры құры­лады. Бұл қордың иесі жоқ, онда сақтан­ды­рылатын азаматтардың қаржылары жа­тады. Қордың ұйымдастырушысы онда кімнің қандай тәуекелі барын, кімге қанша мөлшерде ақша төлеу керектігін біліп оты­руы тиіс. Сәйкесінше, ол қаржы айна­лым­да болып, жұмыс істеп тұруы қажет. Міне, осы мәселелердің барлығын қадаға­лап отыратын қаржы мекемесі немесе тақафул операторы құрылады. Бірақ, осы тұста айта кететін бір мәселе, ол оның иесі емес, ол – тек ұйымдастырушысы. Екінші мәсе­ле, дәстүрлі қаржы жүйесінде сақтан­дыру компаниялары сақтанды­ры­лу­шы­лардың ақшасын әртүрлі қаржы құ­рал­дарына, мәселен, депозиттерге, сан түрлі обли­гацияларға салады. Бұл енді ис­ламдық қаржы жүйесінің қызметіне сай келмейді. Сондықтан исламдық сақтан­дыруда ақша тек қана шариғат рұқсат ете­тін қаржы құралдарына салынады. Үшінші ерекшелігі, дәстүрлі сақтандыруда «өмірді сақтандыру» дейтін түсінік бар. Ал ислам­дық сақтандыруда оны отбасылық сақ­тан­дыру деп атайды. Төртінші мәселе, дәс­түрлі сақтандыруда сақтандыру компаниясы оқыс жағдай орын алғанда шығын­ды өз қалтасынан шығаратынын ескерсек, ол оны толығымен төлемеу үшін барлық амал-әрекетін жасайды, ол ақшаны акционерлеріне береді, қысқасы, келісімшарт сақтандыру компаниясының пайдасына қарай құрылады. Исламдық сақтандыруда ол жоқ. Тақафул оператор қорға иелік етпейді. Қордағы ақша көп пе, аз ба – ол оның қаржылық жағдайына әсер етпейді. Ол тек қана қор жұмысын ұйымдастыру­шы болады. Сондықтан тақафул компа­ния­ларының ең басты ерекшелігі – ақ­шаны толығымен уақытында төлеуінде.
– Дүниежүзі бойынша тақафул сақтандыруды қолданатындардың көп бөлігі мұсылмандар ма, мұсылман емес азаматтар ма?
– Ол мемлекетке байланысты. Мәсе­лен, Сауд Арабиясы, БАӘ сияқты мемлекеттерде, әрине, негізгі тұтынушылар – мұ­сылмандар. Ал Малайзия секілді аралас дін өкілдері бірге тұратын мемлекеттерде салым жағынан қарағанда мұсылман емес адамдардың айналымдағы қаржысы көп болып шықты. Саны азырақ шығар, бірақ салым мөлшері көбірек болып тұр. Олар неліктен қызығушылық білдіріп отыр десеңіз, бүгінде тиімділік тұрғысынан қа­рап отыр.
– Сонда бүгінгі таңда ислам қаржы­ларының даму қарқыны қай дең­гейде?
– Қазір қарқыны жақсы. Жыл сайын өтетін дүниежүзілік конференцияларда ай­ты­лып жүргендей, исламдық қаржы жүйе­сі жылдан-жылға мұсылман емес Еуропа елдерінде, АҚШ, Жапония сияқты көптеген мемлекетте қанатын жайып келеді. Мә­селен, АҚШ ислам банктерін ашып жатыр, Жапония сукук шығаруда т.б.
Оның үстіне бізде дағдарыс дейтін ұғым бар ғой. Біреулер дүниежүзілік үшін­ші дағдарыс басталып кетті десе, екіншілері енді басталады деп байбалам салуда. Сонда адамдар бұл дағдарыстың себебіне, шығу негізіне үңіледі, яғни қазіргі қар­жы нарығындағы ақша айналымында нақты активтер аздық етеді немесе жоқ­тың қасы. Осы тұста орыстың қаржы саласында жүрген зерттеуші ғалымдары ис­лам­дық сақтандыруды дағдарыстың негізгі тосқауыл құралдарының бірі деп айтып жүр. Дағдарыстан шығу үшін Ресейде ислам банкі ашылуы мүмкін деген пікірлер де айтылып келеді.
– Исламдық сақтандыру Қазақ­стан­ның сақтандыру нарығына қан­ша­лықты лайықты деп ойлайсыз?
– Енді қараңыз, қазір сұраныс бар. Жылдан-жылға мұсылмандардың саны артып келеді, бұл – бір мәселе. Екіншіден, ЖИР, яғни жылдамдатылған индустрия­лық революция дейді, соның қарамағын­да ислам елдерінен Қазақстанның зауыт, фаб­рикаларына инвестиция тартылады деп күтілуде. Осы тұста міндетті түрде сақ­тан­дыру қызметі пайдаланылады деп күтілу­де. Үшіншіден, бізде банк жұмыс іс­теп жатыр. Банктің басқа да өнімдері ұсы­нылса, оларды сақтандыру керек болады. Осындай мәселелер орын алуда, яғни сұраныс бар. Ал заңнама тұрғысынан біз әлі де дайын болмай шықтық. Тіпті Әзір­байжан мемлекетінің Ұлттық банкімен сөйлеске­німде олар өз заңдарында ис­лам­дық сақ­тандыру қызметі өзара сақтан­дыру қыз­метін жүзеге асыра алады деген сөздерді бұрынырақта қосып жіберген. Сондықтан олар қазіргі таңда ешқандай қиындықсыз исламдық сақтандыру қыз­метін пайдалануда. Ал біздің заңға біраз өзгерту енгізуге тура келіп тұр. Осы жыл­дың аяғында ол заңнама қабылданса, онда біз де ис­лам­дық сақтандыруды на­рық­қа енгізуге да­йын боламыз.
– Ал қазіргі заңның аясында «Тақа­фул» қалай қызмет атқарып жатыр?
– Қазір біз дәстүрлі сақтандыру аясында өзара сақтандыру қоғамы ретінде жұмыс істеп отырмыз. Сондықтан заңнама жағынан біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі. Мәселен, міндетті сақтандыруды ұсына алмаймыз, қаржыны қандай қағаздарға салуға болатыны я болмайтыны шешілмеген. Тек ерікті сақтандыру түрін ұсына аламыз. Оның ішінде жеке тұлғаны сақтан­дыру­дың бірнеше түрі бар, ол медици­наға, оқыс жағдайларға қатысты.
– Бүгінде тұрақты тұтынушыла­рыңыз бар ма?
– Бар. Шетелдерге шыққанда оқыс жағ­дай­лар болып, біз оларға шығында­рын төле­ген жағдайлар орын алған. Кейін қайта келіп, қызметімізді пайдаланып, ри­за­шы­лық­тарын білдірді.
ТМД мемлекеттерінде исламдық сақ­тандыруға деген қызығушылық бар. Мә­се­лен, Әзірбайжанда тақафул ашыл­ғалы жатса, Ресейде дәстүрлі сақтандыру өзінің қарамағынан исламдық деп өнім­дерін шығарып жатыр.
– Ал исламдық сақтандыру дәстүр­лі сақтандыру нарығының орнын баса алады деп ойлайсыз ба?
– Таза исламдық мемлекеттерде ис­ламдық сақтандыру нарығының орны ерек­ше. Ал Малайзияда исламдық сақтан­дыру­дың өз орны, дәстүрлі сақтандыру­дың өз орны бар. Егер мұсылмандар таза шариғатқа сай сақтандыру түрін пайдаланамыз десе, жай адамдар өздеріне қайсы­сы тиімді – соны таңдай алады. Алайда соң­ғы кезде ғалымдар ол екеуінің біріне-бірі сәйкес келмейтін, бәсекелес бола алмайтын қызмет түрлері екендігін айтып жүр. Енді Қазақстанның жағдайына келер бол­сақ, өз тәжірибемізде дәстүрлі сақтан­ды­ру­дың ішіндегі міндетті сақтандыру қыз­меті исламдық сақтандырудың ішінде бол­са, пайдаланар едік дейтін азаматтар кез­десіп жатыр. Олардың әрқайсысы өз алдына жұмыс істеп, бәсекелес болмауы тиіс деп есептеймін.
– Құралай, әңгімеңізге рақмет. Іс­тер­іңізге сәттілік тілеймін.
– Сізге де рақмет.

Табира БЕКМЫРЗАЕВА, «Қазақстан Қаржылық Қоры» ИАИТИҚ» АҚ баспасөз хатшысы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста