Кеден одағының пайдасы туралы
Оңтүстік астанада өткен «Үшжақты Кеден одағына Қазақстан Республикасының қосылу мәселелері» деген тақырыптағы басқосу талай түйткілдің басын ашып, біраз күмәнді сейілтті. Рас, Кеден одағын құруға байланысты жұмыстар аяқталған жоқ, әлі де толықтыратын тұстары жетіп-артылады. Әйтсе де, ең бастысы, оның қағидалары халықаралық стандарттарға толық жауап береді.
Тәуелсіздігімізге қауіп жоқ
Сыртқы сауда саясатын Ресей, Беларусьпен бірлесіп шешуіміз тәуелсіздігімізге ешқандай қауіп төндірмейді. Одақ комиссиясына мүше мемлекеттерден Үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейінде бір өкілден кіріп отыр. Комиссия алқалық орган болып табылады. Дауыстар Қазақстан мен Беларусьте – 21,5 пайыздан, Ресейде – 57 пайыз. Алайда барлық шешімдер осы үш мемлекеттің концессиялық шешімі арқылы ғана іске асырылуда. Егер қандай да бір шешіммен келіспесек, ол шешім қабылданбайды және жүзеге асырылмайды. Бір мәселе бойынша Үкімет басшылары орынбасарлары деңгейінде келісімге келе алмаса, онда ол Кедендік одақтың жоғарғы органы – Мемлекет басшыларының арасында талқыланатын болады. Ал мемлекет басшылары шешімді тек қана концессия механизмі арқылы ғана қабылдайды. Кеден одағы комиссиясының негізгі міндеттері – сыртқы елдермен сауда саясатын бір деңгейде жүргізу және сауда саясатын жүргізуге жағдай жасау.
Өтпелі кезеңде өндіріс дамиды
Кеден одағы құрылғанға дейін үш елдегі кедендік баж деңгейінің 40 пайызы бірдей еді (бұл – 4500 код деген сөз). Қалған 60 пайызын біріздендіруде тараптар өзара түсіністікке келді. «Ресейдегі кедендік баж деңгейі неғұрлым жоғары болғандықтан, еліміз 400-ден астам тауарға өтпелі кезең алу келісіміне қол жеткізді. Мысалы дәрі-дәрмекте – 5 жыл, химиялық өндіріс шикізаты және полимерлерге– 4 жыл. Целлюлоза, теміржол вагондары, медициналық құрал-жабдықтар сияқты, өзімізде өндірілсе де экономикамыздың қажеттілігін өтей алмайтын, сол себепті өзге елдердің импортына тәуелді болып отырған тауарлар өндірісін осы кезеңде орнына тұрғызуымыз керек», – деді экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.
Техникалық стандарттар мен талаптар бір деңгейге келтіріледі
Осы орайда экономиканы әртараптандыру ең маңызды мақсат болып табылады. Ресей мен Беларусьтің техникалық реттеу және ветеринарлық шараларының бір қалыпқа келтірілуі нәтижесінде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі үшін үлкен мүмкіндіктер пайда болады. «Бүгінгі күні біз Ресейдің теміржол және газ, мұнай құбыры өкілдіктерімен екіжақты келісімдер жүргізудеміз. Бұл келісімдердің барысында біздің экспортқа бағытталған өндіріс мекемелеріне басқа шетелден келетін компанияларға беретін тарифті емес, 8-10 пайызға төмендетілген тарифті қолданып отыр», – дейді Жанар Айтжанова. Министрдің айтуынша, техникалық стандарттар мен талаптарды бір деңгейге келтіру отандық тауарлардың Ресей мен Беларусь нарығына шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазір біздің төрт облыс қана Ресейге ет жеткізе алады. Себебі Ресейдің ветеринарлық талаптарына біздің ет өнімдеріміз сәйкес келмейді. Егер ветеринарлық, санитарлық талаптар бір деңгейге келтірілсе, ет өнімдерін Ресейге емін-еркін тасымалдай аламыз.
Бюджет түсімі азаймайды
Үшінші елдерден келетін импорттан кедендік түсім үлесі 3,5 пайызды құрайтын, алайда Кеден одағы шеңберінде түсімдерді бөлуге қатысты келісімге сәйкес, еліміздің үлесі 7,33 пайызға көбейді. «Ресей мен Беларусь Қазақстан үлесін арттыруға келісім беру себебі қарапайым экономикалық логикадан туындайды – тарифтерді көтерген кезде бюджетке түсетін қаржы көлемі де екі есе ұлғаяды. Осыған байланысты бюджеттің қаржыдан қағылатыны жөніндегі әңгімелерді естудің өзі оғаш. Үлесті бөлісу туралы келісімдерден кейін ел бюджетіне түсетін қаржыны 61 млрд теңгеге көбейттік», – деді қаржы министрі Болат Жәмішев.
Біздің кәсіпкерлер қосымша пайдаға кенеледі
Тауарларды кедендік рәсімдеуді барынша қарапайымдандыру мәселесі де қарастырылуда. Өзара саудада кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу мерзімі шегеріледі. Бізде Кеден одағында жанама салық жинау қызметі (ішкі саудада ҚҚС, акциз жинау) кеден органдарынан салық мекемелеріне беріледі. Бұдан кәсіпкер не ұтады? Өзара саудадағы нормалардың өзі ҚҚС төлемін 50 күнге шегеруді қарастырады. Ресей, Беларусь және Қазақстанда тауарларды экспорттауда нөлдік мөлшерлеме бекітілген, бұл экспорттаушыларға ҚҚС қайтарылады дегенді білдіреді. Кеден одағынан отандық кәсіпкерлер қосымша пайдаға кенеледі. Өйткені еліміздегі салық мөлшері Ресеймен салыстырғанда төменірек. Еліміз ең төменгі салық мөлшері саясатын ұстанып келді және ұстана береді. Салыстырсақ, Беларусьте ҚҚС – 20 пайыз, Ресейде – 18, бізде – 12 пайыз. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап шекарада кедендік рәсім болмайды – декларация және барлық кеден төлемдері алып тасталынады. Ал келесі жылғы 1 шілдеден бастап шекарада кедендік бақылау мүлде жойылады.
Тимур НАЗХАНОВ, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:
– Кеден одағының тиімді қыры – бизнес шығындары төмендейді. Тауарлардың тез жылжуына кедергі келтіретін кеден бекеттері болмайды. Көп жағдайда кедендік амалдардың ашық бола бермейтіні, шиеленісті тұстары көп екені және процедуралардың жиі өзгеріп тұратыны жасырын емес. Оған қоса, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар процедуралық жаңалықтарды дер кезінде ести бермейтіні тағы бар. Ал жаңа талаптарды орындауға қаржы қажет әрі уақыт кетеді. Уақытша сақтау қоймаларында тауарларын сақтау үшін кәсіпкер ақша төлеуі керек. Сондықтан тауарлар қазақстандық кеденнен өткен кезде делдалдардың, шекарашылардың, фитосанитарлық инспекцияның, СЭС қызметінің, ветеринарлық қадағалаудың, сондай-ақ көлік бақылауының болмайтыны игі бастама. Көптеген құжаттарды әзірлеудің, оларға уақыт кетірудің, сондай-ақ аралық уақытша сақтау қоймаларына қомақты ақша мен уақыт жұмсаудың қажеті болмайды.