«Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай желісі ашылды
«ҚазҚұрылысҚызмет» компаниясы «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай желісінің құрылысын мерзімінен бұрын тәмамдады. Кеше Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ кентінде «Қазақстан-Қытай» мұнай желісінің екінші бөлігі – «Кеңқияқ-Құмкөл» іске қосылды.
Мұнайды тұңғыш рет желі арқылы жіберу рәсіміне тапсырыс беруші өкілдері – «Қазақстан-Қытай құбыр желісі» ЖШС, «ҚазҚұрылысҚызмет» АҚ және мұнай операторы «ҚазТрансОйл», cондай-ақ Қытайдан арнайы келген қонақтар қатысты.
Осы жобаны жүзеге асыруға «ҚазҚұрылысҚызмет» пен қосалқы мердігерлік мекемелерден 2500 жұмысшы қатысқан. Компания Ақтөбе мен Қызылорда облыстарынан келген 200-ден астам маманды жұмыспен қамтамасыз етті.
Мұнай желісінің толық құрылысы 2008 жылы мамыр айында басталған еді. Келісімшартына сәйкес, құрылыс 2009 жылдың тамызында аяқталуы тиіс болатын. Алайда жұмыс мерзімінен бұрын бітіп кетті.
«Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай желісінің ұзындығы – 793 шақырым, құбыр диаметрі – 813 мм. Бастапқы кезеңде мұнай желісі арқылы 10 млн тонна жылына мұнай жіберілмек. Келесі жылғы меже – 20 млн тонна. Ресурстық база ретінде Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан кеніштерінде өндірілген «қара алтынды» пайдалану көзделді.
Жобаны жүзеге асыру бүкіл мұнай саласына үлкен әсерін тигізіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Экономикалық жағынан тиімділігі де дау тудырмайды: «ҚазМұнайГаздың» болжамы бойынша, тек «Кеңқияқ-Құмкөл» аумағы ғана 2010-2020 жылдары елімізге 60 млрд теңге көлемінде салық табысын әкеледі.