Киелі судың қадірін кетірдік
Шымкент шаһарын қақ жарып ағатын Қошқарата өзенінің суы ауруға ем, дертке шипа екені баршаға мәлім. Дертіне дауа іздегендер мұнда қысы-жазы ағылып келіп жатады. Тіпті оның шипасын көру үшін қиыр облыстардан да ат арылтып келіп жатқандар аз емес.
Киелі көлдің көңілге көлеңке түсірер тұсы да жоқ емес. Шіліңгір шілдеде мұнда жай ғана шомылу үшін келіп, ішімдік ішіп, айналасын күл-қоқысқа айналдыратындар да табылады. Тіпті кілем, алашаларын сүйреп келіп, бұлақтың көзіне жуып жатқандар да бар. Бұлақ көзі қоршауға алынып, тазаланып тұрады. Дегенмен киелі көлдің киесінен қорықпайтындар ойларына келгенін істеп бағуда. Қошқаратаның «жыры» жылда қайталанады. Шымкенттік шенеуніктердің «бас ауруына» айналған десе де болғандай. Жыл басында Қошқарата өзені айрықша қорғалатын аумақ мәртебесіне ие болған-ды. Өзен бастауын алатын бұлақтан бастап Ордабасы алаңына дейінгі 12,3 гектар аумақ қалалық дендробақтың еншісіне берілді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде «Шымкент мемлекеттік дендрология бағы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын аумағын кеңейтудің табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесін бекіту туралы» қаулыға қол қойылған-тын. Шымкенттің шығыс бөлігінен шығатын екі үлкен және ондаған ұсақ емдік қасиеті бар бұлақтардан бастау алатын Қошқаратаның күтімге алынғаны таяуда ғана.
Осыдан екі жыл бұрын Қошқарата өзенiн абаттандыру мен көгалдандыру мәселесiн шешудiң нақты жоспары жасалғаны жайлы жария етілген еді. Осы жерден керемет зәулім үйлер тұрғызылып, абаттандырылатын болған. Қошқарата өзенiнiң басты жобасын италиялық "Озсой контракшн енд архитекстс" компаниясы жасады. Жоба бойынша мұнда зәулiм қонақүйлер, спорт алаңшалары, демалыс аймақтары тағы да басқа тұрғындарға қажеттi инфрақұрылымдар жүзеге асатын болған. Бұл жобаға қазақтың ұлттық нақыштары мен әдет-ғұрып салттары кеңiнен орын алуы тиiс деген пiкiрлер де айтылды. Дағдарыстың дауылы жайпап кетті ме, әйтеуір, қазір тыныштық. Ешқандай тіршілік белгісі байқалмайды.
Қаладағы демалыс аймақтары мен аквапарктердің бүгінде саудасы қызып тұр. Күннің ыстығынан қорғанып, көлеңке, сая іздегендердің бәрі осында. Бағасы да анау айтқандай арзан емес. Жан басына 1200 – 2000 теңгенің аралығында. Оған ішетін тамағыңыз бен қосымша шығын шығарсаңыз, тіпті ұшып кетеді. Сондықтан мұндай аквапарктерге барып, шығынданғысы келмегендер Қошқаратаны қош көреді. Себебі мұнда тегін. Ешкім ақы алмайды. Дертіне дауа іздегендер де, ерігіп ермек іздегендер де осында...
Жуырда СЭС мамандары қала тұрғындарын шошытатындай дабыл қақты. Өзен суы әбден ластанып, гепатит, тырысқақ, ішек-құрт ауруларын тарататын індет ошағына айналған. Қошқарата кесенесі шырақшысының айтуынша, бұлақ суын ішсе, асқазан, ішек жолдарын тазартып, қан айналысын жақсартатын көрінеді. Псориаз ауруына да ем. Тек бұл ғана емес, өзеннің қасиеті есінен адасып, аяқ-қолы істемей сал болып қалған, көзі көрмей қалғандарға, өкпе қабынғанда, қан қысымы мазалағандарға, түсік тастай беретін әйелдерге, буын аурулары мен түрлі жаралардан айықтыратын қасиеті бар. Осындай керемет емдік қасиеті бар өзенді өз қолымызбен қатер ошағына айналдырып отырғанымыз өкінішті.
Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы:
– Қошқарата өзенінің суын осыдан екі-үш жыл бұрын да тексергенбіз. Ол кезде таза болатын. Ал биылғы тексеру дабыл қақтырарлықтай. Өзен суынан ауруға ем болады деп дертіне дерт жамап алуы әбден мүмкін. Өйткені судан аса қатерлі жұқпалы аурулардың паразиттері анықталып отыр. Сондықтан да мұнда шомылуға рұқсат бермеу қажет. Қазір осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Иә, киелі судың қасиетін қашырып отырған – адамдардың өзі. Табиғаттың тамаша сыйын көздің қарашығындай сақтау қажеттігін қаперден шығарғандарға не істеуге болады?