Көктем туа тізеден су кешіп жүрмейміз бе?
Соңғы екі-үш жыл көлемінде еліміздегі кейбір ауылдарды су басуы әдетке айналды. Табиғаттың тосын мінезінен туындаған топан су қаптаған төтенше жағдай болса – түсінікті жайт, алайда «жаңбыр жаумай су болып», кәдімгі еріген қар суына «малшынып» жатқан кейбір ауылдардағы «төтенше жағдайды» өзіміз тудырып отырғанымыз жасырын емес. Көктемді қойып, ақпан айының басында күннің сәл жылынуының өзі Алматы маңындағы ауылдардың тұрғындарын әбігерге салды. Еріген қар суына таудан аққан су қосылып, Алматы қаласының төменгі бөлігінде орналасқан ауылдардың көшелеріне жайылып, үйлеріне дейін кіріп шошытты.
Жұртшылық қазірдің өзінде көктемнің келуін қорқынышпен күтіп отыр. Қорқынышының себебі де белгілі. Күннің күрт жылынуымен айналадағы еріген қар суына таудан аққан су қосылып, көктем бойына тағы да тізеден су кешіп жүреміз бе деген үрей. Айта кетер жайт – соңғы жылдары нағыз көктем келіп, сай-саладан су ағар кезеңде Алматы қаласының төменгі бөлігінде орналасқан Боралдай, Өжет, Қайназар ауылдары түгіл, қаланың жоғарғы, тауға жақын бөлігіне орналасқан Абай, Іргелі, Алғабас ауылдарының да көшелері мен жертөлелері суға толып, көшеден аулаға кірген су үйлерінің іргетастарын үгітіп жіберетін болып жүр. Әдетте еріген қар суы мен ағынды сулар көшедегі суағарлар мен арықтар арқылы ағып, белгілі бір өзен, тоған суларына қосылып жатуы тиіс. Ендеше, суды ағызып әкететін арықтар қайда кеткен?
Рахмет ӘБІКЕНОВ, Абай ауылының тұрғыны:
– Негізі, осы уақытқа дейін таудағы бұлақ сулары мен еріген қар суларын Абай ауылының жиегі арқылы егістіктерді бойлай төмен қарай ағызып әкететін арнайы қазылған арықтар бар болатын. Алайда соңғы жылдары тұрғындар қоныстанып, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруінің салдарынан арықтардың да бойы бітеле бастады. Кейбір тұрғындар арықтардың бойына күл-қоқыс тастайтын болды. Нәтижесінде бүгінгі күні арықтардың бойы қоқыспен бітелгеннен кейін, таудан ағатын су бұрынғы арнасын таппай, көшелерге жайылып, тұрғын үйлерге кіретін болып жүр. Ал арнасын таппаған су бірнеше ауылға жайылып, тұрғындарға елеулі материалдық шығын келтіруде. Сондықтан тез арада арықтардың бойын аршу керек. Алайда тұрғындардың ол арықтарды өз күшімен аршуға шамасы жетер емес. Сондықтан мемлекет тарапынан көмек жасалып, арықтардың бойын тазалауға көмектессе екен...
Осылайша арықтардың бойын бітеп, күл-қоқыс тастайтын кезде ешкімнен рұқсат сұрамаған ауыл тұрғындары, өздерінің салақтықтары бастарына таяқ болып тиіп, зиян келген кезде мемлекеттен қол жайып, көмек сұрап отыр. Осы орайда айта кетер жайт – кейбір ауыл тұрғындары өздерінің жер учаскелерін кеңейту мақсатында көшедегі арықтарды да өз жерінің аумағына кіргізіп алса, ал енді бір тұрғындар бұрынғы су арналарының үстіне үй тұрғызып алған. Бұл жерде бар кінәні тұрғындарға жауып, оларды кінәлай беру де артықтау. Мәселен, «осындай қауіпті аумақтардағы жер телімдерін заңдастыру кезінде жергілікті атқарушы билік өкілдері қайда қараған?» деген сұрақ та көңілде еріксіз көлбеңдейді.
Айдос МОЛДАБАЕВ, Қайназар ауылдық округінің әкімі:
– Негізі, бұрын ауыл ішінде арнайы су ағатын арналар болған. Алайда қай бір жылдары бұл арналардан су ақпай қалуы салдарынан, табиғаттың сан өзгеріп тұруынан олар қабат-қабат болып қатып қалған. Қазір қайтадан таудан аға бастаған су бұрынғы арнасын таппай, далаға жайылып ағып жатыр.
Осылайша бүгінгі күні қараусыз қалған ауыл ішіндегі арықтар мен арналардан зиян шегіп отырмыз. Егер еріген қар суы мен таудан аққан сулардың арнасын қалыпқа келтіріп, ауыл ішіндегі арықтарға көше бойлап ағатын жағдай жасасақ, ауыл тұрғындары оларды бау-бақша жұмыстарына пайдаланса, қазіргі беталды ағып жатқан кезінен әлдеқайда пайдалы болар еді. Көше бойлап сылдырап аққан су көшенің де әрін кіргізер еді. Ал қала ішіндегі арықтарды қалыпқа келтіру арқылы жауын-шашын суларын белгілі бір сүзгіден өткізу арқылы көлік жуатын мекемелер кәдесіне асырса, бүгінгі күні таза ауыз суды қалай болса солай қолданып отырған көлік жуатын мекемелердің жұмысына тосқауыл қойған болар едік. Алайда әзірге бұған ешкім мүдделілік танытпай отыр.
Жалпы, ауылдар түгіл, Алматы қаласының ішіндегі жауын-шашын суларын бұрып әкететін жерасты суағарларының жетімсіздігі, ал бұрыннан бар суағарлардың бітеліп қалуы салдарынан бүгінде қала көшелеріндегі асфальт беттерінің әрқашан кілкіген суға толып тұратынын байқаймыз. Бұл, жалпы, суағарлар мәселесінің бүгінгі күні тиісті орындар тарапынан қадағалаусыз қалғанының айғағы болса керек. Әзірге жергілікті жердегі ауыл әкімдері де мәселені көре тұра, халықты жұмылдырып, арналардың көзін ашуға құлықсыздық танытып отыр. Сондықтан көктем туа тағы да су басқан тұрғындар айқайынан құлақ тұнатын секілді.