Көлінен қонақ қашса, қазақ кінәлі болғаны ма?
Қырғыздар Ыстықкөлін мақтаныш тұтады. Мақтанса, мақтанғандай-ақ. Түбіндегі тасы көрінетін тұнық судың емдік қасиетіне сенетін біздің адамдардың осы көлге аңсары ауады да тұрады. Мұны құрғақ статистика да дәлелдейді – көлде демалушылардың 70 пайызын қазақстандықтар құрайтын.
Бүгінгі жағдай басқаша. Шілде басталғанда қырғыздың Кәсіпкерлер одағы туризм бойынша кеңесінің төрағасы Михаил Халитов «Қазір Ыстықкөл пансионаттарындағы адам саны 1 пайыздан аспайды» деп дабыл қақты. Бұрнағы жылдары маусым айында демалыс үйлері 20-30 пайызға дейін толушы еді. Биыл кейбіреуі қақпасындағы құлпын да алмапты. Ал жергілікті жұрт бұл төңірекке демалыс күндері ғана жөңкіледі. Бірақ олардан түсетін табыс демалыс орындарының жыртығын жамауға да жетпейді. Сондықтан айыр қалпақты ағайын біздің ел мен Ресейге жаутаңдайды. Екі елден ат арытып жететін туристердің қалтасы қалыңдау. Солардың арқасында көл жағасындағы халық бір жылға жететін нәпақа тауып қалатын. Биыл ол да көзден бұлбұл ұшты. Қандай да бір болжам айту қиын. М.Халитовтың сөзіне сенсек, шетелдіктер алдын ала жоспарланған сапардан жаппай бас тартуда. Кейбір туроперторларға берілген тапсырыстың 70 - 90 пайызы кері қайтарылыпты. Ал Франция биыл бұл жаққа қарай аттап баспайтынын мәлімдеген. «Көптеген елдер өз азаматтарына Қырғызстанға бармауға кеңес беріп отыр. Мәселен, Қазақстанның ресми өкілдері осындай әрекетке барды» дейді М.Халитов. Сөйтіп, ол туристердің құлшынысын Ресей мен қазақ БАҚ-тың «қара ниеті» тежейді деген пікірде. Бәріне кінәлі Ыстықкөлдегі инфрақұрылымды белсенді сынайтын тілші қауым көрінеді.
Өткенде Қырғызстанның экономикалық реттеу вице-министрі Санжар Мұқанбетовтің «Біздің елге туристердің ағылуы ақпаратқа, оның ішінде Қазақстанда қандай ақпараттың таралуына байланысты» деп тұжырғаны бар. «Ақпарат құралдарында жарияланып жатқан деректер шындыққа жанаспайды, сондықтан келем деушілерді үркітеді» деп байбалам салушы да табылады.
Ыстықкөлде біздің елден баратын демалушы санын нақты айту мүмкін емес, өйткені өз бетімен баратындар өте көп. Былтыр ресми есеп бойынша 390 мың турист демалған көрінеді. Жыл сайын 12 мың алматылық көлге жолдама алушы еді. Қазір туристік агенттіктердің жарнамасына көз салсақ, Ыстықкөл бағытын ұсынатындар некен-саяқ. Terra Incognita фирмасының қызметкері Ыстықкөл тақырыбын жылы жауып қойғандарын айтты. Бәрінің айтатыны біреу – қырғыз еліндегі саяси ахуал жақсармайынша, біздің туристерге жол жабық. Оған биліктің қатысы жоқ. Еліміздегі туризм саласында қызмет ететін компаниялардың шешімі осындай. Алматыдағы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының туризмді дамыту бөлімінің бастығы Рүстем Әсенов: «Уақытша үкіметтің демалушылардың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қосымша күзет, автобустарды алып жүретін көлік береміз деген уәдесіне қарамастан, біз турфирмаларға ол бағытты жауып қоюға кеңес бердік. Себебі туристер бір жағдайға ұшыраса, оған жауап беретін турфирма», – дейді ол.
Рас, Ыстықкөлдегі баға биыл арзан дейді. Қырғыз кәсіпкерлері ерінбей-ақ зерттеу жүргізіпті. Мәселен, мұндағы екі-үш жұлдызды қонақүйдегі тоғыз тәулік демалыс, жан басына небәрі 270 доллардан келеді. Оған біздің елден барғандар жол шығынын қосуы керек. Автобуспен келсе, 40 доллар. Жеке автокөлікпен барса, жанармайға 100-120 доллар жұмсайды. Бес жұлдызды қонақүй – 540 доллар және көлік шығыны. Ал Египетте олай «шалқақтай» алмайсыз. Екі-үш жұлдызды мейманхана трансфертті қосқанда 950 долларға түседі. Қырғызстанға қарағанда үш есе қымбат. Түркияда алты түн – 900 доллар. Болгарияда екі-үш жұлдызды қонақүйде алты түнге 670 доллар төлейді. Бірақ Ыстықкөлдегі екі-үш жұлдызды қонақүй мен Түркия, не болмаса, Мысырдағы екі-үш жұлдызды қонақүйді салыстыруға келе ме? Қызмет деңгейі жайында тіпті сөз жоқ. Осы уақытқа дейін олармен тек көлдің суы ғана бәсекеге түсе алатын. Оған саяси жағдай қосылды. Кейбір қырғыз мамандары сұраныстың төмендеуіне елдегі саяси ахуал онша әсер етпейді дегенді айтып жүр. Мұнымен келісу қиын. Өйткені биылға дейін инфрақұрылым сияқты «ұсақ-түйекке» мән бермей-ақ біздің адамдар жаз шықса, «Ыстықкөл қайдасың» деп тартып отыратын. Кім не десе де, биылғы демалыс маусымына саяси ахуалдың әсер еткенін мойындаған жөн. Қарап отырсақ, қырғыз елінде төңкерістің көктемде басталуы дәстүрге айналып барады (2005 жылды еске түсіріңіз). Соған қарағанда, қырғыз ағайындар өздері отырған бұтақты өздері кесетінін байқамайтын сыңайлы.
Кезінде ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов «Ыстықкөл – халықтың жан-дүниесі іспетті: онда болып жатқанның бәрі айнадағыдай анық көрінеді. Бүкіл әлем осы айнаға қарайды» деген екен. Қазір айнаның бетін мұнар басты. Бірақ оған көрші елдердің қатысы қанша?