Коммуналдық базар ашылды
Ақтөбе облысының халқын картоп және көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында қаланың Оңтүстік-батыс ауданында коммуналдық азық-түлік базары ашылды. Былтыр басталған құрылыс жұмыстарына 481 миллион теңге инвестиция тартылды. Сауда орнының көлемі ондағы барлық өндірістік бөлімшелерді қосқанда 4752 шаршы метр, ал құрылыс алаңы 4500 шаршы метрді құрайды.
Тұсаукесер барысында мәлімделгендей, базар ішінде 510 шаршы метр алаңға ет-сүт өнімдерін сақтайтын тоңазытқыш сөрелері, 300 шаршы метрге сауда алаңы, 108 шаршы метрге зертхана, 230 шаршы метрге өнімді сақтау, 120 шаршы метрге тоңазытқыш камералары орналастырылған. Нысанның абаттандырылған аумағы, автокөліктердің келіп-кетуіне ыңғайлы жолдары, арнаулы күзет бөлімі, бейнедидар жабдығы арқылы рыноктің ішкі және сыртқы тынысын бақылап отыру көтерме және бөлшек сауда жұмыстарын сәтті ұйымдастыруға жақсы жағдай туғызады.
Алдағы уақытта тұтынушылардың сатып алу қабілетін жақсарту үшін қаладағы банктердің банкоматтары орналастырылатын болады. Айта кету керек, коммуналдық базар ашылып, қосымша 1000 жұмыс орны пайда болды.
Мұнда делдалдарды болдырмау арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өздері өндірген өнімдерін тұтынушыларға өздерінің өткізулеріне мүмкіндік береді. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға, азық-түлік тағамдары рыногында әділ бәсекелестікті орнықтыруға жағдай жасалмақ.
Алдағы уақытта өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері осы рынокта ұйымдастырылатын болады.