Майлы дақыл өсіру бидайдан бес есе тиімді
Нарық реттемейтін сала жоқ. Атакәсібіміз әрі елімізді әлемге танытып отырған алтын астығымыз да нарыққа бейімделіп келеді. Кеңестік жоспарлы экономика кезінде жыл сайын рекордтық өнім алуды диқандар алдына міндет етіп қоятын. Тәуелсіздік алып, барлық жер жекешеленген соңғы он шақты жылдың өзінде облыстар бітпеген егісті бітті деп ақпарат беріп, бұрын-соңды болмаған мол астық орғандарын жарыса жариялап келді. Бірақ сан көп болғанымен, сапа жоқ. Біз осылай ұрандатып жүргенде, көш жылжып, өзге жұрт әлдеқашан алға кетіп қалыпты. Бұны Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарып жүрген азаматтардың өздері соңғы кездері ашық айтып жүр. Сондықтан биылдан бастап егіс алқаптарын әртараптандыру ісі қолға алынып, дәнді дақылдардан басқа майлы және бұршақты дақылдар көптеп себіле бастады.
Жер көлемі жағынан алты құрлықтағы мемлекеттер ішінен тоғызыншы орын алатын алып Қазақстанның егістік алқаптарының ауданы да ауыз толтырып айтарлықтай. Шаруалар жылына шамамен 20 миллион гектардан астам жерге ырыс дәнін себумен келеді. Соның сексен, ал кейбір облыстарда тоқсан пайызына дейін тек арпа, бидай өсіріледі екен. «Арпа, бидай ас екен» деп ескі әнде шырқалатындай, астығымыз ел эконономикасына елеулі үлес қосып отыр. Дегенмен өткен жылғы бидай бағасының төмендігі, қазақ бидайының сапасыздығынан өтпей, әлі күнге дейін қамбада жатуы ойды сан салаға жүгіртеді. Тіпті нарығы түбі жоқ бөшкеге теңелген Қытайдың өзі балуызы 28 пайыздан төменгісін алмай отыр. Ал біздің диқандар өсірген дәннің 15 пайызы ғана осындай сапаға ие. Не істеу керек?
Диқандар егістікті әртараптандыру ісіне мықтап кірісті. Дақылдың бір емес, бірнеше түрін еккен пайдалы екенін ұқты. Мысалы, өткен жылы майлы дақылдардың бағасы бидайға қарағанда төрт-бес есе қымбат болған. Сондықтан да болар, биыл күнбағыс, рапс, зығыр тұқымдарын салушылар күрт көбейді.
Ел бойынша алдағы күзде диқандар бұрын-соңды болмаған – 1,7 миллион гектар жерден осындай дақылдарды оруды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, биылғыдай қуаңшылық болған жылы майлы дақылдардың бағасы одан да жоғары болады деп күтілуде.
Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов, Тайынша аудандарында егістіктің осы саласына мықтап ден қойылды. Бірнеше ірі компания егіс алқаптарын ұлғайтып қана қоймай, майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар салуға кіріскен. Дегенмен ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, майлы дақылдарды өңдейтін ірі кәсіпорындар өте аз, тіпті саусақпен санауға болады. Сондықтан да серіктестіктер өсірген өнімінің басым бөлігін экспортқа жөнелтеді екен. Алайда пайданы ғана көздеп, сыртқа жөнелте бермей, өзімізде өңдеу қарапайым тұтынушы үшін маңызды екенін ескерген жөн. Сонда ғана дүкен сөрелерінде самсап тұрған шетелдерде өндірілген күнбағыс майларының орнын өзіміздің өнім ауыстырар еді.
Қуандық ТІНЕЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
– Солтүстік облыстар, негізінен, бидай өсірумен шұғылданады. Соңғы жылдары шаруашылықтар егістік алқапты диверсификациялауды мықтап қолға алғанын аңғарамыз. Мысалы, былтыр бар-жоғы 200 мың гектарға күнбағыс, рапс сияқты дақылдар орналастырылса, биыл осы мақсатта игерілген жер көлемі екі есе артып отыр. Осы күзде 435 мың гектарды оруға кірісеміз. Диқандардың өздері нарыққа бейімделіп келеді.
Сергей КЛИМЕНКО, шаруа қожалығының басшысы:
– Астықтың бағасы тұрақты емес. Бір жылы көтерілсе, екінші жылы күрт түседі. Баға болмаған жылы қарызға белшеден батамыз. Осы себепті, егіс алқабын әртараптандыруға көштік. Биыл бір мың гектар алқапқа зығыр тұқымын септім. Бұрын айналыспаған кәсібім. Дәнді дақылдар да, майлы дақылдар да, негізінен, бірдей техникамен өңделеді, тек кейбір агрегаттарын ғана ауыстыру қажет. Яғни жаңа техникалар сатып алып, шығындалудың да қажеті жоқ.
Статистика:
Ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша жаздық дәнді дақылдар биыл 16,4 млн га алқапта себілді, бұл өткен жылғыдан 315,2 мың гектарға кем. Бұл ретте бидай
14,2 млн гектар алқапта орналастырылды, бұл өткен жылғыдан 80,5 мың гектарға кем.
Майлы дақылдар 1720,5 мың га алқапқа себілді, бұл 2009 жылдың деңгейінен 535,1 мың га артық, тиісінше, күнбағыс – 878,9 мың га және 156,7 мың га, қытай бұршақ – 58,4 мың га және 5,4 мың га, рапс – 359,3 мың га және 164,2 мың га, мақсары - 174,4 мың га және
22,5 мың гектарға көп.