Мал сою алаңы ашылды
Алматы облысында биылғы жылы 93 мал сою алаңын ашу жоспарланған еді. Бүгінде бұл меже артығымен орындалып, 101 алаң іске қосылды. Бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарын қосқанда, олардың саны 150-ге жетті.
Осындай мал сою алаңдарының бірі Көксу ауданының Балпық би кентінде ашылды. «Жетісу нан» тұрақтандыру астық қоры жанынан ашылған алаңның тәулігіне 40 бас ірі қара, 200-ге тарта ұсақ мал союға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ мұнда таразы, 100 тонна ет сақтайтын тоңазытқыш қойылып, өнімді тексеретін зертхана жұмыс істейді. Мұндай алаңдарда сойылған етке ветеринардың инвентарлық коды басылады. Яғни мөрдегі код арқылы малдың қайда, қашан сойылғандығын анықтауға болады. Еттен жұқпалы ауру анықталып жатса, код арқылы мал иесін тауып алуға мүмкіндік бар. Облыс бойынша Қаскелеңде, Жаркентте, Талдықорғандағы бірнеше пунктте осындай мүмкіндіктер қарастырылған.
Өз зертханасы бар мұндай пункттерде сойылған мал етін тұтынушылар алаңсыз сатып алуына болады.