Медетжанның ши бауырсағы ұлттық тағамды қолдауға шақырады
Бүгінде еліміздің барлық түкпірінде қолдау таба бастаған отандық өнімді насихаттау және оны сатып алу шараларына әркім өз әлінше үлесін қосуда. Расында да «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнім сауда сөресіне қойылса, кімнің болсын назарын аударатыны анық. Осы тұрғыда ой келеді: «Отандық өнімді насихаттаған жөн-ақ болсын. Ал ұлттық тағамдарымызды неге осылай насихаттап, осылай ел көлемінде өзгелер қызығатындай етіп шығара бермеске?».. Өкінішке қарай, біздің ұлттық тағамдарымызды мақтан етуге келгенде жер шұқып қалатынымыз шындық. Қымызымызды немістер жетілдіріп әкетті деп байбалам салдық, ешкімнің ештеңесі кетпеді. Өзіміздің енжар әдетімізбен «е» дедік те қойдық. Жылқының қазы, жал-жаясын әнге қосамыз деп, Розадай әншіміздің халық көңілін қалдырғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. «Сонда не істемек керек?» дейсіз ғой. Жауап біреу-ақ: ұлттық тағамға құрметімізді іспен дәлелдеуіміз керек. Ал бұл тұрғыда тілге тиек етер кәсіпкер азаматтарымыз санаулы болса да бар. Сол сиректің бірі - есімі ақпарат кеңістігінде тележурналист ретінде де танымал әріптесіміз – Медетжан Ізғұттинов.
Медетжан өткен жылдың соңынан бері қазақтың ши бауырсағын өндіруді қолға алды. Бауырсақтың түр-түрі болғанымен, оның дүкен сөрелеріне қоя бастаған ши бауырсағының жөні бөлек. Алдымен өзі айтсын:
Медетжан Ізғұттинов, кәсіпорын басшысы, жеке кәсіпкер:
-Осыдан 2 жыл бұрын ата-анамды Семейден Астанаға көшіріп әкелдік. Үйге қонақ шақырғанда анам бауырсақтың түр-түрін пісіретін. Үлкенін, ұсағын дегендей... Әсіресе, ши бауырсақты көргенде көршілер, қонаққа келген достарым таңданысын жасырмай, дәмін татқан бойда, ұнатып жататын. Қызық көрген кейбіреулер: «Бұл не, печенье ме?» деп те сұрайтын. Содан ойлана келе: «Осы ұлттық тағамымызды көбірек шығарып, елге насихаттайық» деген ой келді. Көп сұзамай бизнес - жоспар жасап, ақша жинадық. Қазіргі күні өзіміз тұратын Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Р.Қошқарбаев ауылынан арнайы ғимарат таптық. Бар қаржымызға құрал жабдықтар алдық. Шикізат алуға, ғимаратты жалдауға тағы қаржы керек болды. Банктен несие алып, тағы салдық. Бастапқыда анам мен жұбайым рецепті өндіріске бейімдеп, пісіріп көрді. Кейіннен жұбайым жалғыз өзі цехта пісіріп жүрді. Ақыры инновациялық тәсілді өндіріске енгізіп, құрал-жабдықтардың көмегімен ши бауырсақты жасап шықтық. Алғашқы бауырсақтарды жұмыстағы (телеарнадағы) әріптестеріме алып кеп, дәм татқызатынмын. Олар дәм-тұзы жетпеген жерлерін айтады. Оны тез түзейміз. Сөйтіп жүріп қазіргі пішіндегі ши бауырсақты жасап шықтық.
Міне сөйтіп кәсіпкерліктегі алғашқы қадамын бастаған Медетжанға одан ары қарай да біраз жүгіруіне тура келді. Жай уақытта айтыла беретін «кәсіпкерлікті қолдау» дегеннің көбіне сөз жүзінде ғана екенін көроген кездері де аз болған жоқ. Өнім шығауға рұқсат етілген сертификат алу үшін алдымен ғимараттың ішін СЭС-тің талаптарына сәйкестендіріп, жөндеп біраз тер төкті. Өз қаржысына. Сосын мамандарға ғимараттың ішін, құрал-жабдықтарды, су мен шикізаттың құрамын тексертті. Соңында бауырсақтың өзін сараптамадан өткізіп, СЭС-тің қорытындысы бойынша сертификат беретін мекеме «сапа сәйкестігі» туралы құжат бергенде барып, еңбегі зая кетпегенін көріп көңілі жайланды.
Бүгінде Медетжанның ши бауырсағын астаналықтар жақсы біліп қалды. Қазіргі күнде өзі тұратын ауылдан 10 шақты адамды жұмысқа алып, өндірісті бастап кетті.
«Қазір ұлттық тағамның «ши бауырсақ» және «ұсақ бауырсақ» деген түрін жасаймыз. Ешқандай қоспалар қосылмайды, яғни экологиялық таза өнім. Тек отандық өндірушілердің өнімдерін қолданамыз. Яғни: ұн, қант, тұз, май, сұйық май сияқты өнімдерді, бауырсақты салатын қап пен қорапты да өзіміздің өндірушілерден аламыз. Қазіргі уақытта өнімдерімізді Астана қаласы мен оның маңындағы елді-мекендерге таратып жатырмыз. Қаладағы дистрибьютерлік қызметпен айналысатын жеке компаниямен келісім жасадық, солар дүкендерге таратады. Енді еліміздің өзге де қалаларына өз өнімдерімізді шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, таяуда Еуразиялық одақ аясындағы елдерге, соның ішінде Ресейдің Мәскеу қаласына да бауырсақ жөнелтпекпіз. Қазір ондағы сауда орындарының иелерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз» дейді Медетжан әріптесіміз.
Сырт қарағанда, асығы алшысынан түсіп тұрғандай сыр білдірмей жүргенімен, кәсіпкер-журналистің арқалаған жүгі аз емес. Әсіресе, ұлттық тағам өндіруге кіріскенімен, Үкімет тарапынан бөлінетін субсидия, грант қаражатына қол жеткізе алмай жүргенін жасыруға болмас. «Қазақстанда жасалған» ұлттық тағамымызды насихаттау жолында жан-тәнімен іске кіріскен жігіттің бұл тұрғыдағы ізденісі аяқсыз қалмас деген үміттеміз. Айтпақшы, Медетжанның тектінің тұяғы екенін де орайы келгенде, айтып өткен артықтық етпейді. Ол - заманында Құнанбайдың серігі болған Ізғұттының ұрпағы. Ізғұттының Шыңғыстаудағы Тобықты еліне қалай келгені, қай әулеттен тарағаны туралы өзі де тереңінен қалам тербеген жігіт. Ендеше тегіне тартқан жігіттің жүрегінде жатқан ұлттық тағамды қолдау ниетінен қайсымыздың болмасын, сырт қалмағанымыз жөн болар.