Микроэкономика – сенімділік негізі
Елбасымыз Үкіметтің кеңейтілген жиынында «Қазақстанда жасалған» деген сөзге айрықша мән беру керектігін биліктегілерге қадап айтты. Мұны біз «микроэкономиканы дамыту керек» деген тапсырма деп ұқтық.
Жасыратын несі бар, осы уақытқа дейін макроэкономиканы қолдап келдік. Ал біздің макроэкономикамыз негізінен, шикізат өндірісіне бағытталған тірлік еді. Әлемдік тауар биржаларында шикізат бағасы түссе болды, ел экономикасы тәлтіректеп қалады. Осыны дер кезінде көре білген ұлт Көшбасшысы бұдан біраз бұрын шикізат бағасына тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы ретінде индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын ұсынды. «Ауызды қу шөппен сүртуге» болмас. Біраз іс тындырылды. Десек те, солардың өзі де шикізат бағасына тәуелділікке тап болды. Өйткені макроэкономика жасауға ынтасы ауғандар шикізаттан шикізат алатын зауыттарды өмірге әкелді. Мұнайдан полимерлер, рудадан металдар алуға көштік. Иә, бұл да бұрын-соңды бізде болмағандықтан, инновациялық индустрия деуге болатын жобалар. Сондай-ақ олардың өнімдерінде қосымша құн да бар. Сонымен бірге осы жолмен алған кезекті тауарымыз да іркілістер мен әлемдік биржалардағы бағаға тәуелді болып шықты.
Мұндайда «енді не істеу керек?» дейтін табиғи заңды сұрақ алдан шығады. Біздіңше, Елбасымыз Үкіметтің соңғы кеңейтілген мәжілісінде осы сұраққа жауап бергендей. Қалай десек те, бұған дейін тек қана «макроэкономиканы дамытумен» әуестеніп келсек, мұның өзі де сенімді жол емес екен. Басқаны былай қойғанда, алпауыт АҚШ қазір осыдан зардап шегіп жатыр. Айталық, мұнай бағасы төмендеп еді, бұл елдің трансұлттық компаниялары қара алтын соратын құбырларының біразын тоқтатты. Ол ол ма, жаңа жобаларды игеруге қажетті техника мен технология сатып алуға кететін шығынды азайтты. Сөйтіп, елде мұнай өнеркәсібі техникасы мен технологиясын жасап шығаратын өндіріс іркіліске ұшырады. Бұл металлургия саласының өніміне сұранысты азайтты. Ақыр аяғында металлургтер өндірісті қысқартатын болды. Бұл күндері АҚШ-тың оңтүстігінде жұмыссыз қалған мұнай өндірушілер шеруіне енді металлургтер қосылып жатса, бұл осындай «тізбекті реакцияның» салдары. Демек, алпауыт елде жағдай осылай болып тұрғанда, біз де бұдан сабақ алуға тиіспіз. Орайы келгенде айта кетейік, макроэкономика әлемнің барлық елінде сенімсіз және қатерлерге шыдамсыз, дағдарыстар жағдайында бір жерде тұтанған өрт басқа жақты да жайпап кететін тізбекті реакция түзуші дүние екені баяғыда дәлелденген. Сондықтан да әлем негізінен, микроэкономикаға арқа сүйеп, күнелтуде. Егер басқаны былай қойғанда, соңғы дүниежүзілік дағдарыстарға талдау жасасақ, онда бір ақиқат айқын көрінеді, ол – макроэкономиканың дағдарыс жемтігіне айналып, микроэкономиканың айтарлықтай зардап шекпегені.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан кейін Елбасымыздың тапсырмасын орындау, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар массасымен түрін көбейту елді кез келген болашақ дағдарыстар жағдайында төзімдірек ететін жалғыз жол екенін оқырманға ескертпекпіз. Жалпы, егер атқарушы билік Елбасымыздың осы тапсырмасын дұрыс түсініп, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетсе, онда Қазақстанның тасы өрге домалар еді. Ал бұл «жерде» игерілмей жатқан резервтер жетерлік. Қарапайым қазаққа түсінікті болу үшін 1-2 мысал келтірейік. Айталық, отандастардың басым бөлігі көйлек, бешпентті сатып алады. Ал соларды матадан өзіміз тігіп шығарсақ, қаншама валюталық қаражат импорт үшін сыртқа кетпес еді. Сондай-ақ шетелдерден көрпе-жастық тасымалдап жүрміз-ау. Бұл үшін қаншама шығын, қаражат кетті! Жалпы, халықтың күнделікті тұрмысына қолданатын тауарлардың денін елімізде жасап шығаруға болады. Егер осылай істей алсақ, біріншіден, импорт үшін жұмсалатын ондаған миллиард долларлық валюта шығын болмайды. Екіншіден, қаншама жұмыс орны ашылады?! Мұндай шағын кәсіпорындарды ауыл-ауылдарда құруға болады ғой?! Демек, жергілікті әкімдер ауылдықтарды жұмыспен қамтамасыз етемін десе, осындай шағын кәсіпкерліктердің ұйытқысы болғаны дұрыс.
Қорыта айтқанда, әлемнің дағдарысқа төзімді елдерінің көбісі өзінің жеңіл және тамақ өнеркәсібіне әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Айталық, Германия Қытайдан көрпе-жастық, көйлек-көншек алдырып жатыр дегенді естімейсіз. Сондай-ақ бұл ел голланд ірімшігін көп сатып алмайды. Осының бәрі өздерінде шығарылады. Ескерте кетейік, қазіргі дағдарыс жағдайында Германияның қыспаққа ұшырағаны – озық техника мен технология жасаушы макроэкономикасы. Ал микроэкономикасы «сыр берген жоқ». Бұл да бізге Елбасымыздың тапсырмасына атқарушы билік ерекше маңыз беріп, қарауы керек дегенді білдіреді. Солай ағайын, «Кока-коланың» орнына «Бидайкөжені» ішсек, бұдан микроэкономика қуат алатынын ұмытпайық. Ал ол – дағдарыстарға төзімді экономиканың негізі.