Моноқалаларды қалай дамытамыз?

Моноқалаларды қалай дамытамыз?

Моноқалалардағы қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты елімізде бағдарлама әзірлеу қажеттілігі туындағаны белгілі.
Бағдарлама моноқалалардың қазіргі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, еңбек және экономикалық әлеуетті ескере отырып, ол қалаларды дамытуға, сондай-ақ табиғи басымдықтарын анықтауға бағытталған. Мәселен, біздің еліміздегі 27 моноқалада халық саны 1,53 млн адам, яғни республика халқының 16,8 пайызы.

Олардың ішінде 16 қала тиісті аудандардың әкімшілік орталықтары болып саналады. Степногор, Текелі, Серебрянск, Курчатов, Шахтинск, Сораң, Қаражал, Лисаков, Арқалық, Ақсу, Жаңаөзен тәрізді 11 қала аудан орталығы емес. Олардың бір бөлігі – облыстық маңызы бар қалалар, бір бөлігі аудандардың бірігуі нәтижесінде аудан орталығы мәртебесін жоғалтты. Қазақстандағы моноқалалардың тізбегін негізінен, халық саны 100 мыңнан асатын 4 қаланы (Теміртау, Рудный, Жаңаөзен, Екібастұз) қоспағанда, халық саны 50 мың адамға дейін ғана жететін шағын қалалар құрайды. Міне, біз моноқалаларды дамыту бағытында осыны ұмытпауымыз керек. Моноқалаларды дамытуда алдымен халық санын ескеруіміз қажет. Жергілікті әкімдіктер әрбір шағын қаланы дамытудың кешенді жоспарларын әзірлеу арқылы, моноқалаларға тән проблемалары бар шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жасауы қажет. Моноқалалардың әлеуетін көтеру үшін, нақты айтқанда «Моноқалаларды дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бойынша берілген тапсырмалармен жұмыс жасау керек. Осы құжатта моноқалаларда тұрып жатқан елдің барлық өзекті мәселелері қамтылған. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде міндеттерді шешу төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады:
а) Тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыру;
ә) Экономиканы әртараптандыру және моноқалалардың жұмыспен қамтылғандарының оңтайлы құрылымын қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнесті дамыту;
б) Моноқалалардың еңбек ресурстарының ұтқырлығын жоғарылату, жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуге ынталандыру;
в) Моноқалалардың әлеуметттік және инженерлік инфрақұрылымын тұрғындардың санына қарай есептей отырып дамыту.
Жалпы алғанда, әлемдік тәжірибені және елдегі мәселелерді ескере отырып, бағдарлама шеңберінде моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларын былайша басымдық ету ұсынылады:
1-басымдық. Әлеуеті төмен моноқалалардың бірінші кезектегі өткір проблемаларын шешу;
2-басымдық. Әлеуеті орта моноқалаларды дамыту үшін жағдай жасау;
3-басымдық. Әлеуеті жоғары моноқалаларды одан әрі тұрақты дамыту. Негізінен, моноқалаларды дамыту үшін ең өзекті мәселелер моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымын және халықтың әлеуметтік проблемаларын жолға қою, сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың жағдайын ескеру қажет. Сонымен бірге, моноқалаларды тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты оңтайландыру қажет. Тағы да ескеретін жағдай, аталған бағдарлама аясында моноқалалар бойынша, мемлекеттік және жеке инвестициялардың есебінен 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру арқылы 47 «зәкірлі» жобаларды іске асыру жоспарланса, қазақстандық кәсіпкерлер моноқалалардағы шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға ықылас танытуы нашар. Оны мынадан-ақ көруге болады: моноқалаларда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында биыл бөлінген 4,7 млрд теңгенің бар болғаны 1 миллиарды игерілген.
Моноқалаларға әлеуметтік екпін беру үшін онда жұмыс орындарын ашып, жұртты еңбекпен қамтамасыз ету керектігі түсінікті. Сонда ғана тоз-тозы шыққан шағын қалалардың тамырына қан жүгіріп, халық тұрақтанады. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаның басты мақсаты – осыны жүзеге асыру. Бағдарлама қабылданған кездері бәрі де ойдағыдай болатынына жоғары билік сенімді болғаны да рас. Себебі осы уақытқа дейін шағын және орта бизнеспен айналысқылары келетіндер «дұрыс қолдау болса ғой, шіркін» деген ойын жасырмайтын. Қаржылай қолдау көрсетілсе, тау қопарып тастайтындай сенімді көретінбіз олардың жүзінен. Енді не болды? Ұсынылып отырған қолдауға олардың құлқы неге жоқ? Олардың құлықсыздығы биліктегілерді де таңдандырып отырған сыңайлы.
Премьер-министрдің пікірінше, моноқалалар әкімдерінің назары бағдарламаның басты бағыттарына аударылмай отыр. Бірінші кезекте экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамытып, жұмыс орындарын ашу керек еді. 2012 – 2020 жылдар аралығында моноқалаларды дамыту бағдарламасы өткен жылы басталғанын естеріңізге сала кетейік. Бағдарламаның екпін ала бастағаны биылғы қаңтар айынан бері қарай деуге болады. Бірақ тоғыз ай деген де аз мерзім емес. Зулап өтіп бара жатқан осы уақытта бөлінген қаржының тек 1 миллиарды ғана игерілді деу, әрине, бағдарламаға үлкен үміт артқан билік үшін тым ауырлау. Әкімдердің басында әйтеуір инженерлік жүйелерді реттеп, жолдар мен желілерді жөндеп қойсақ болды дегеннен басқа еш идея жоқтығын айтып күйінген вице-премьер «бағдарламадан сол инженерлік коммуникацияларға бағытталған қаржыны алып қою керек шығар» деген ойын да жасырмады. Бағдарламаның басты бағыты ШОБ-ты дамытуға, экономиканы әртараптандыруға, сол арқылы халықты еңбекпен қамтамасыз етіп, моноқалалардың әлеуметтік деңгейін көтеруге арналғанын әкімдер шынымен түсінбей отыр ма, әлде түсінгілері келмей ме? Осы аражікті ажырату да, түсіну де билік үшін қиынға соғып тұрған сыңайлы.
– Әкімдер неге шағын және орта бизнесті дамытуға білек сыбана кіріспей отыр? Оның себебін әрқайсымыз білеміз, сеземіз, бірақ қолдарынан ұстап алмағаннан кейін айта алмаймыз. Біздегі барлық жүйеде ештеңе, мейлі, ол мемлекет тарапынан беріліп отырған жәрдем болсын, тегін берілмейді. Сен бір іспен айналысқың келіп, қаржы алатын болсаң, міндетті түрде оның бірнеше пайызын «шапка» ретінде беруің керек. Бұл жазылмаған заңға айналып, қанымызға сіңіп кеткен. Қолыңа тиген азын-аулақ қаражатқа жеке ісіңді бастау мүмкін емес. Бұл еңбектеген балаға дейін түсінікті мәселе. Тек соны ашық мойындау қиын. Сөйтіп келіп, «неге жеке кәсіп ашудан ел қашқақтайды?» деген сұрақты өзімізге-өзіміз қойып жүрміз.
Бұл – бірінші себеп, екіншісі – құжат дайындау. Енді мұны адам басына бермесін деп ойлайсыз, егер жеке кәсіппен айналысқыңыз келіп, құжаттарыңызды жинақтайтын болсаңыз. Бюрократтық кедергілерді біршама жойдық дегенімізбен, жергілікті жерлердегі бюрократтардың алдынан жүйкеңізді жұқартпай шығу мүмкін еместігін екінің бірі айтады. Құжаттарды түгел растатып, тіркеттіріп, ісіңді бастау ғана қалған кезде сілең қатып, жүйкеңе күш түскенін сезесің. Мен мұны аспаннан алып немесе «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп айтып отырған жоқпын. Өмірімізден берік орын алып, тамырын жайып жіберген қасірет, талай бизнесмендердің зары.
Жарайды, «шапкасын» да беріп, құжаттарын да түгендеп, тіркетті делік, бизнесмендерді алда күтіп тұрған тағы бір қорқыныш – тексеру бар. Әрине, мемлекет қолдау көрсеткеннен кейін оның қайда жұмсалып жатқанын бақылауы, тексеріп тұру міндетті. Бірақ бізде сол тексерулер тек қылмыскерді ұстауға құрылған бағыт бойынша жұмыс істейді. Кәсіпкерден міндетті түрде бір кілтипан тауып, оны тықсыру керек секілді. Бизнесмендердің мемқолдауға ықылас таныта қоймауының бір ұшы осында да жатыр. «Ертеңгі күні жұмысымыздан бір ши тауып, басымызды шырғалаңға сала ма?» деген күдік басым. Оның себебін жоғарыда айтып кеттім, біздегі тексерістер ескерту немесе қателігіңді тауып, жөн бағытты көрсету үшін емес, қылмыс ретінде қарастырылады. Кәсіпкерсің бе – міндетті түрде қылмыс тауып, ауызбастырық алу керек. Сондықтан да бизнесмендер мемлекетпен байланысқысы келмейді.
Үшіншіден, моноқалаларды дамыту емес, аймақтарды дамыту бағдарламасына бағытталуымыз керек еді. Тек жекелеген моноқалаларды таңдап алып, соларға басымдық беру дегеніміз біздің әлі де жоспарлы түрде жұмыс істей алмай отырғанымызды байқататын секілді. Жоспарлы жұмыс істей алмау жүйеге айналып отыр. Менталитетті өзгерту керек, онсыз болмайды. Бірақ осы арада «кімдердің менталитеті өзгеруі тиіс, бизнесмендердің бе, әлде әкімдердің бе?» деген сауал туындайды. Мен айтар едім, алдымен билік басындағылар өз менталитетін өзгертуі тиіс деп. Олар оң қолымен бағдарлама жасап, ұсынып, сол қолымен оның жүзеге асуына кедергі жасай беретін болса, бағдарламаның бәрі тек қағаз жүзінде қала береді. Егер қабылданған бағдарламаның жүзеге асуына шын ниеттес болса, жергілікті әкімдер бөлінген қаржыны экономиканың нақты секторын жұмыс істетуге бар жандарын салар еді. Бөлінген қаржыны бөліп-жармай, жеке ісін ашқысы келетіндермен әңгімелесіп, оларға бизнес-жоспарды қалай құру керектігін үйретіп, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне жәрдем жасар еді. Кәсіпкерлердің ашқан ісінің қалай жұмыс істеп жатқанын бақылап, ақыл-кеңесін беріп отырар еді. Міне, сонда ғана ел еңбекпен қамтамасыз етіліп, моноқалалар дамиды. Дәл қазіргі жергілікті биліктің менталитеті мұның бәріне тек кедергіден басқа ештеңе бермейді, – дейді белгілі сарапшы, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков.

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста