Моноқалалардың жағдайы оңалып келе ме?

Моноқалалардың жағдайы оңалып келе ме?

Қостанай облысы Жітіқара ауданының әкімі Мейрам Өтешов дабыл қақты. Аудан орталығы Жітіқара қаласынан жас дәрігерлерге деп былтырдан бері бөлініп келе жатқан пәтерлер қаңырап бос тұрған көрінеді. Ауданға 4 педиатр, 3 терапевт, онколог, гинеколог, эндокринолог, невропатолог, реаниматолог, рентгенолог пен эпидемиологы бар – ұзын саны 15 дәрігер қажет екен.
Білікті кадрлардың келмеу себебін әкім Жітіқараның қала мәртебесі болғандықтан ауылды жерде жұмыс істегені үшін жалақыға қосымша берілетін 25 пайыз үстемақының қарастырылмауымен байланыстырды. Аудандағы маман тапшылығын жоюдың мүмкін болмай тұрғаны да сондықтан дейді М.Өтешов. Егер мәселенің шешімі сол 25 пайызға байлаулы тұрса, дабыра қылмай-ақ, неге реттей салмасқа? Ауданның, облыстың қазынасы 15 дәрігердің «еркелігін» көтере алмайды дегенге сену қиын. Шындығында, жастардың моноқалаларға барғысы келмеу себебі басқа.
«Моноқала» деген ұғым сөздік қолданысымызға сыналап енгеніне көп бола қойған жоқ. Халқының басым бөлігі бір бейінді және шикізаттық бағыттағы бір немесе бірнеше кәсiпорынның маңайына топтасқан, экономикалық және әлеуметтік жағдайы сол кәсіпорындардың әлеуеті арқылы айқындалатын қалаларды осылай атап жүрміз. Мұндай шаһарлар құбылыс ретінде күні кеше пайда болған жоқ. Бір ғана кәсіпорын төңірегінде қала тұрғызу Кеңес Одағының тәжірибесі арқылы Қазақстанда да кең етек жайды. Өндіріс ошағының қуаты тұтас қаланы асырауға жетті. Алайда нарық заманының талаптары өзгеріп, өндіріс тұралап қалған соң бұл шаһарлар бұрынғы сән-салтанатынан айрылды. Тұрғындар жылы ұяларын тастап, жұмыс күшіне сұраныс көп басқа қалаларға үдере көше бастады. Шағын қалалар мәселесіне жайбарақат қарауға болмайтынын Жаңаөзен оқиғасының ащы сабағы дәлелдеп берді. «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту Бағдарламасының» дүниеге келуіне де қордаланған түйткілдердің тым көбейіп кеткені түрткі болғанын мойындауымыз керек. Басқа қалалардың да тағдыры сондай болмасын деп, моноқалалар экономикасын әртараптандыру, яғни қала тіршілігіне тың серпін беретін басқа да өнеркәсіп орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі сол кезден бастап күн тәртібіне қойылды.
Қалаларды алалаған бағдарлама
2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Елбасымыз Үкіметке Қазақстандағы моноқалаларын дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Құжат іле-шала дайын болды да, өз миссиясына кірісіп кетті. Алайда қолданысқа енген 2 жыл ішінде аталмыш бағдарламаның тиімділігінен гөрі шикілігі көп қылаң берді. 2020 жылға дейін территориялық-кеңістіктік дамытудың Болжамдық сызбасын іске асырудың басты тетігі, халықтың еңбекпен қамтылуын, шағын және орта кәсіпкерлікті жандандырудың тиімді құрылымы деп жалау етіп жүрген құжаттың құзырына 1,5 миллион адам тұратын 27 моноқала қарайды. Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, олардың алтауы әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейіне көтерілсе, 19-ы орташа және 2-і төменгі деңгейде. Осы орайда тағы бір сауал алдымыздан кесе-көлденең шығады. Бағдарламаға неліктен тек 27 моноқаланың тізімі енгізілген? Экономикасы бір ғана салаға телмірген өзге шағын қалалар мемлекеттің шапағатынан неге шет қалды? Мәселен, тізімге Оңтүстік Қазақстан облысынан 61 мың тұрғыны бар Кентау қаласы ғана енген. Үкімет Шардара, Жетісай, Ленгер, Сарыағаш сияқты қалалардың болашағы бағдарламасыз-ақ баянды болады деп шешсе керек. Алматы облысынан бір ғана Текелі қаласы қамқорлыққа алынған. Сонда елеусіз қалған Жаркент пен Есіктің, Үштөбе мен Сарқандтың гүлденіп кеткені ме? Ақмола облысында да тізімге енгендерден гөрі еленбеген қалалар көп. Ал Солтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысы қамқорлықтан мүлдем құралақан. Ойдағысы мен қырдағысын түгендесек, мемлекет назарынан тыс қалған моноқалалардың ұзын саны – 41. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұралап, өндірісі өркен жая алмаған бұл қалалардың келешегі не болмақ? Құжаттан құр қалған шаһарлардың инфрақұрылымы мен жолдары, байланысы мен құрылысы, өнеркәсібі мен өндірісін дамыту екінші кезекке ысырылатыны сөзсіз. Үкімет моноқалаларға кірмеген шағын қалаларға да көңіл бөлінеді дегенге сендірумен келеді. Алайда құжаты жоқты құнттамайтын жергілікті билік өкілдерінің бағдарламасыз аттап басуы екіталай. Тізімге енбей қалған 41 қалада 966 мың тұрғын өмір сүруде. Бұл – еліміздегі халықтың 9 пайызы. Сандарды сөз арасына сыналай беруіміз бекер емес-ті. Шағын шаһарлардың өнеркәсібі өркендеп, әлеуметтің әлеуеті артса, мемлекеттің де жағдайы жақсаратынын ұқтырмақпыз.
Моноқалаларды дамытудың түйткілдері өткен айдың соңында ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Өңірлік саясат пен мәслихатпен жұмыс жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланған болатын. Осы салаға жауапты министрлік өкілдерінің есебі тыңдалды. «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту Бағдарламасының» екі жылдағы нәтижесін талдап-таразылаған жиын құжатта көрсетілген меженің орындалуында олқылық көп екенін анықтады. Мемлекет назарына алынған 27 қаланың бағдарламадан бақ тапқаны шамалы екен. Моноқалалардың оңалудың орнына ойрандалып бара жатқанын депутаттар жарыса айтқан еді. Әсіресе, Серікжан Қанаевтың даусы өктем шықты. Депутат шағын қалалардың сүреңсіз тіршілігін, мәні бұрмаланған бағдарламаны сынға алды. Халық қалаулысы моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған қаражаттың желге ұшқанын да БАҚ өкілдеріне жайып салды:
– Біз моноқалалардың халқын шағын несиелеуге қатысты мәселелердің шешілетінін әлдеқашан айтқанбыз. Қомақты гранттар бөлеміз деп жалпақ әлемге жар салдық. Ақыры не болды? Менің қолымда ең соңғы деректер тұр. Атырау облысының Кұлсары қаласында 2012 жылдан бастап 3 несие, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 5-ақ несие берілген. Қарағанды облысында 8 моноқалаға, Алматы облысындағы Текелі қаласына бірлі-жарым несие үлестірілген. Несиелеуден Павлодар облысы мүлдем шет қалыпты. Бір қарағанда жақсы бағдарлама сияқты, қаражат молынан берілген, бірақ дұрыс игерілмеген. 12 моноқалада өндіріс көлемі өсудің орнына керісінше құлдилап, жұмыссыздық деңгейі еселеп артқан. Әсіресе, бағдарламаға сәйкес қомақты қаржы бөлінген Арқалық, Жаңатас, Курчатов, Зыряновск, Серебрянск, Степногорск, Балқаш, Сарань, Теміртау, Ақсу, Жітіқара және Қаратау қалаларының экономикасы төмендеп кетті. Ала жаздай ән салып, қытымыр қыс келгенде қандай инженерлік инфрақұрылымды жасай аламыз? – дейді депутат. С.Қанаевтың бұл сөзінен кейін И.Крыловтың Абай Құнанбаев аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалы еріксіз ойға оралды. Еліміздегі қыс түскенде басталатын қарбалас «қызықпен жүріп жазды алған» шырылдауық шегірткенің шарасыздығына ұқсап кетеді.
27 шаһар үшін бюджеттен қарастырылған 90 млрд. теңгеге жуық қаржының 50 млрд. теңгесі аймақтардың қазынасына әлдеқашан құйылған. Мәжілісте жиналған қауым осы қаржының қаншалықты тиімді игерілгенін Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтан сұрады. Ведомство өкілі орындалған жұмыстың жоспарда көрсетілген межеге маңайламайтынын мойындады. Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша жоғары деңгейлі 6, орташа деңгейлі 19 және төменгі деңгейлі 2 қаладан тұратын бұл моноқалаларда жоспар бойынша 1,1 трлн. теңгені құрайтын 48 «зәкірлі» инвестициялық жоба жүзеге асып, 26 мың жұмыс орны ашылуы тиіс болған. Алайда қазіргі таңда олардың 14-і ғана іске қосылып, небәрі 2,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты.
Аталмыш жиын барысында бағдарламаның орындалуына қатысты облыс басшыларының есебі де жұмыстың істелгенінен істелмегені көп екенін шегелей түсті. «Атқарылған жұмыс қайсы?» деген сауалға әкімдер жөндеуден өткен инфрақұрылымдар, бой көтерген парктер мен жаңғыртылған скверлерді санамалаудан әрі аспады. Ал бизнеске қолдау жасап, экономиканы әртараптандыру бағытындағы нақты іс-шаралар көңіл көншітпейді. Ашынып кеткен Мәжіліс депутаты С.Қанаев нәтиженің жоқтығына жергілікті басшылардың іскерлігінің төмендігі себеп екенін айтып, моноқалалардың әкімдерін түйреп өткені есімізде. Жиілеп кеткен ауыс-түйістің де шағын қалаларды өрге бастырмайтынын қадап айтты. Депутат арнайы зерттеу жүргізіп, соңғы 2 жылда 27 моноқаланың 23-інің әкімі ауысқанын, ал 7 қалада олардың үш рет, тіпті Арқалық, Жезқазған мен Сәтбаев қаласы басшыларының төрт рет ауысқанын анықтапты. Әкімдер өзара кресло алмасып жүрсе, жауапкершілікті өз мойнына алып, дамуды даңғыл жолға бастайтын басшы болмаса, Үкімет қабылдаған бағдарламалар Министрліктер үйінің қабырғасынан ары аса алмайтын тәрізді.
Алаңдаған Арқалық
Экономикасы бір ғана өндіріс ошағына телмірген моноқалалардың келешегі күмәнді. Әсіресе, боксит өндірісін өнеркәсіптің өзегі еткен Арқалық қаласының қалт-құлт еткен тіршілігіне алаңдаушылар көп. Экономикалық өсімнің тежелуі ұзаққа созылатын болса, қаланың республика картасынан жоғалып кететінін болжағандар да бар. Мамандардың есебінше, Арқалық қойнауындағы боксит қоры бар-жоғы 8 жылға жетеді екен. Қала тұрғындарының басым көпшілігі осы салаға жұмылдырылғанын ескерсек, кеннің сарқылуы елдің тарығуына әкеп соғатыны анық. Өндіріс орны жабылса, қала халқының тым-тырақай қашпасына кім кепіл? Арқалықтың тағдыры қыл үстінде тұрғанын Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау да ашық айтты емес пе? «Қостанай облысындағы моноқала – Арқалықтың мәселесі өзекті болып тұр. Біз бұл қаланы нысаналы түрде қолға алдық. Арқалықтың басты түйткілі – өңірде өндірілетін бокситтің мөлшері 8 жылға ғана жетеді. Демек, 8 жылдан соң ENRC (Табиғи ресурстардың еуразиялық тобы) ол қаладан кетеді деген сөз. Басқа амал жоқ. Қаланың айналасында барлауға болатынның бәрін біз барлап біттік, онда айтарлықтай ештеңе қалмады», – дейді А.Рау. Вице-министр мәселені шешудің балама жолын ұсынды:
– Қаладан 100 шақырым қашықтықтағы Есілдің астында 1 млрд. тонна темір кені анықталды. Қазір сол темір кенішінде «Тау-кен-Самұрық» компаниясы зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Боксит өндірісінде жұмыс істеп жатқан 1,5 мың адамды 8 жылдан соң сол компания темір өндірісіне жұмысқа алса, біраз түйін тарқатылатын еді. Басқа балама жоқ. Егер қалақұрушы жалғыз кәсіпорын күйресе, Арқалықтың келешегі бұлыңғыр, – деген А.Раудың ұсынысы қаншалықты қолдау табатынын дөп басып болжау қиын.
Арқалықтағы құс фабрикасының жағдайы да көңіл көншітпейді. Онда жылына орта есеппен 100 млн. жұмыртқа өндіріледі. Алайда Арқалық пен Державинскіні байланыстыратын күре жолдың жоқтығынан фабрика өнімдерін сыртқа тасымалдау мүмкін емес. Өңірге инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлерді бөгейтін де – жол мәселесі. Егер осы түйткіл шешілсе, 300 адамды жұмыспен қамтып отырған құс фабрикасының қуатын 2,5 есе арттыруға болады екен.
Жол жөнделмесе, шағын және орта бизнес өкілдеріне несие берілмесе, жаңа жұмыс орындары ашылмаса, бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? Бұл сұрақты «Азаттық радиосының» тілшісі Арқалықтың бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиға қойған екен. Биліктен кеткен соң экс-әкім сауалға ашық жауап беріпті:
– Арқалық қаласына бөлінетін қаржы 600 миллион теңгеден аспайтын. Сұралған ақшаның көп бөлігін бермей қоятыны тағы бар. Бюджет қаржысының жетіспеуіне байланысты біраз жобалар кейінге қалды.
Министрлік өкілдері моноқала әкімдерін «қаржыны инфрақұрылымға ғана жұмсауды біледі, ал басты мақсат – қалада жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыс жасамаған» деп айыптайды. Шалғайдағы қалаларда кезегін күтіп тұрған мәселе көп. Оның ішінде елдің қайта-қайта мазасын алып жатқан – әбден тозған жылу-су құбырлары. Екіншіден, қалаға тірек болып тұрған кәсіпорынға тәуелділіктен құтылу мәселесі бар. Бірақ әр қаланың жағдайы әртүрлі. Сондықтан, меніңше, әр қаланың ахуалын үкімет бөлек қарастыруы керек. Қала әкімінің қолына біршама өкілеттілік берілді. Бірақ әлемдік деңгейдегі инвесторларды әкелу, шағын және ірі өндіріс орындарын ашу моноқала әкімінің қолынан келмейді. Бұл іске облыс әкімі араласуы керек, – дейді ол. Берік Әбдіғали моноқалаларды дамыту бағдарламасының болашағына қатысты ойларын да ортаға салыпты: «Қазір моноқалаларға бөлінетін қаражат оны дамытуға емес, қаланың әр жеріндегі «жыртықтарды» жамауға ғана жұмсалып жатыр. Бағдарламаның қаланың дамуына, экономикасын әртараптандыруға қызмет етіп жатқаны шамалы. Сондықтан моноқаланың бүгінгі жағдайын жалпылама бағдарламамен шектемей, әр қаланың тыныс-тіршілігін майшаммен қарау керек. Қаланың инфрақұрылымын дұрыстағанмен, оның экономикасы дамымайды», – дейді.
Жабырқаған Жаңатас
Жұмыссыздық моноқалалардың бас ауруына айналды. Үкімет қайта жасақталардың алдында Өңірлік даму вице-министрі болған Қайырбек Өскенбаевтың осы мәселені бір емес, бірнеше рет көтергені есімізде. Оның айтуынша, жұмыстың болмауы салдарынан халықтың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр. Кентау халқының 8,7 пайызы және Ақсу қаласы тұрғындарының 7,9 пайызы жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Бұдан бөлек, көптеген моноқалаларда экономикалық белсенді, яғни еңбекке қауқары бар халықтың үштен бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың санатына жатады. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысындағы Қаратау (49,7 пайыз) және Жаңатас (37,1 пайыз) қалалары көш бастап тұр. Аталған қалалар «жабық қала» атануы мүмкін деген алыпқашпа әңгілемердің де ел арасын кезіп жүргеніне біраз болды. Алайда Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл деректерді жоққа шығарды. Облыстағы моноқалалардың гүлденіп келе жатқанына сендіріп бақты.
Фосфор кенімен аты шыққан Жаңатас қаласының Кеңес үкіметі тұсындағы дамуына зер салатын болсақ, қаланың бүгінгі жағдайымен мүлдем салыстыруға келмейтінін түсінесің. Мәскеуден тікелей басқарылып тұрғанда тұрғындардың саны 60 мыңға дейін жеткен. 1993 жылдан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері күрт төмендеп, өндіріс көлемі азайып, жұртшылықтың қаладан жаппай көшуі басталды. Жеке үйлер тұрмақ, ірі мөлтек аудандар тұтасымен қаңырап бос қалды. Өндіріс орындарында қысқартулар жүргізіліп, жұмысшылар жалақыдан қағылды. Қалада жылу, жарық, ауызсу мәселесі тапшы болып, көшуге шамасы келгендер көшіп, барар жері, басар тауы жоқтар келер күннен жақсылық күтіп, сүреңсіз тіршіліктерін жалғастыра берді. Қаланың қазіргі тұрғындары да – сол көштен қалып қойып, өсіп-өнгендер. Әйтпесе, сырттан көшіп келгендер саусақпен санарлық. Бір кездері қалада 9 ықшамаудан болды дегенге сену қиын. Қала халқы «Қазфосфаттың» өңірдегі филиалы «Қаратау» тау-кен комбинатына иек артатын. Кеңес үкіметі кезінде жылына 25-30 миллион тонна фосфор өндіре алатын кәсіпорын бүгінде 1 миллион тонна кенді әрең өндіреді екен. Бұрын 20-25 мыңға тарта адам еңбек ететін кеніш қазір 2 мыңға жуық адамды ғана жұмыспен қамтып отыр. Соңғы жылдары қала экономикасын әртараптандыру бағытында бірнеше жоба қолға алынған-ды. Үдемелі-индустриалды инновациялық даму бағдарламасы бойынша металлургиялық комбинат, цемент зауыты салынды. Бірақ қаланың қақ ортасынан бой көтерген цемент зауытына тұрғындар қуана қоймады. Өйткені одан тарайтын түтін мен сыртқа шығатын зиянды қалдықтардың залалы зауыттың қала экономикасына тигізер пайдасынан асып түсетін еді. Түтіннен тарайтын зиянды заттарды ұстап қалатын фильтр орнатып, халықты уақытша болса да алдарқатам деп ойлаған зауыт басшыларының әрекетінен түк шықпады. О баста құрылыс жобасы дұрыс бекітілмеген өндіріс орны ақыры жұмысын тоқтатты. Қазынаның миллиардтаған ақшасы желге ұшты.
Әуелде фосфор өндірісін өркендету үшін құрылған моноқаланы тек сол кеніш құтқара алатынын түсінген аудан басшылығы тұралап қалған саланы қайта қолға алды. Мамандар Қаратау алқабында фосфор қорының талай жылдарға жететінін анықтады. Нақты есепке жүгінсек, қойнауда жатқан кеннің салмағы 7 млрд. тоннаға жуықтайды екен. Оның үстіне, атақты геолог И.Машкарадан бастаған көптеген ғалымдар Қаратау фосфоры сапасы өте жоғары екендігін дәлелдеп кеткен. Шетелдік инвесторлардың бұл аймаққа ерекше қызығушылық танытып отырғаны сондықтан. Ресейдің «ЕуроХим» компаниясы өзге әріптестерінің алдын орап кетті. Облыс басшылығымен ұзақ уақыт келіссөз жүргізген компания өңірде өз зауыттарын сала бастады. Өткен жылы Қаратаудың құйқалы биігіндегі Көкжонға қарасты Аралтөбеде компания жұмысшылары алғашқы қопарылысты жасап, кеніштің сол жерге орнайтын мәлімдеген болатын. Жаңарық ауылдық округіне қарасты Көкжон, Аралтөбе мен Түркістан ауылдық округіне қарасты атақты геолог Гимельфарб ашқан Кесіктаста да кеніштер орнығатыны белгілі болған-ды. Дәп осы өңірлерде кен байыту кешені орналасып, онда фосфор концентраттарымен қатар, минералдық тыңайтқыштардың алуан түрі өндірілмек.Жоба иелерінің мақсаты үлкен. 2018 жылы химиялық кешен толық іске қосылғанда жылына 1,2 миллион тонна сульфат, декальций фосфат пен 1 миллион тоннаға жуық құрылысқа арналған гипс пен кальцийлендірілген сода өнімдерін шығарады деп болжанып отыр.
Өз елдерінде фосфордың табиғи қосылысы – апатит кенінің қоры таусылғандықтан, елімізге көз тіге бастаған ресейліктер Қазақстанның шалғайда жатқан елеусіз қаласын дамыту үшін келді дегенге сенімнен гөрі күдік басым. Фосфорға бүкіл әлем мұқтаж болып отыр. Ресейлік компанияның өңірдегі өрнекті істерін ақпарат құралдары жар сала жазған сайын қазақтың қазынасы талан-таражға түспей ме деген екіұшты ой кесе-көлденең шыға береді алдымыздан. Аудан әкімі кәсіпорын қызметкерлерінің небәрі 10 пайызы сырттан келетінін, қалған 90 пайызын Сарысу тұрғындары құрайтынын айтып көңілімізді орнықтырғандай болды. Қойнауында фосфордың төрт түрі де кездесетін Қаратау жергілікті халықтың игілігіне қызмет етсе дейміз. Құлдыраудан көз ашпаған Жаңатастың тамырына қан жүгіріп, бойына қуат бітсе болғаны.
Анар ЛЕПЕСОВА

turkystan.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста