Мұнай компаниялары құрдымға таяу тұр
Әлемдік мұнай бағасы әлі де әл жиятын емес. Салдарынан жаһандық экономика зиян шегіп жатыр. Арзан мұнай алпауыт АҚШ-тың өзіне үлкен шығын әкелуде. Мәселен, елдегі тақтатас мұнайын өндіретін компаниялар былтырдан бері тоқырау көріп келеді. Нәтижесінде көптеген компаниялар капитал көлемін қысқартып, ақыры банкроттықтың аз-ақ алдында тұр. Осылайша тақтатас мұнайындағы биылғы өндіріс көлемі 60%-ға дейін азаяды деген болжам бар. Арзан мұнай бағасының кесірінен АҚШ-тың тақтатас мұнай өндірісіндегі ірі компаниялары салаға инвестиция тартуын тыя бастады. Осы аптада қара алтын өндіруде аты танымал Continental Resources және Hess компаниялары болашақ жоспарларын қайта қарап, шығын мөлшерін қысқарту туралы ресми мәлімдеме жасады. Қос компания да капитал көлемін былтырдан бері үнемдеумен келе жатыр. Сарапшылардың болжауынша, егер мұнай нарығындағы жағымсыз жағдай жалғаса беретін болса, америкалық компаниялар біртіндеп құрдымға кетуі мүмкін. Continental Resources компаниясы мұнай өндірісіне қаржы құю көлемін 66%-ға, яғни 920 млн долларға қысқартпақ ниетте. Былтырғы қысқарту 50%-ды құраған еді. АлHess компаниясы болса 40%-ға үнем жасамақшы. Бұл – шамамен 2,5 млрд доллардың қаржысы деген сөз. Осылайша қос компания да қара алтын өндіру көлемін былтырғысынан 10%-ға азайтуға мәжбүр. Мұндай қиындықтар АҚШ-тың мұнай саласына оңай батып тұрған жоқ. Эндрю Лебоу, тауарларды зерттеу тобының төрағасы: - Кейбір тәуелсіз өндіруші компаниялар мұнай бағасы қымбат кезде-ақ хеджирлеу әдісін пайдаланып үлгерген. Яғни олар сол кездегі бағамен қауіпсіз күйде күн көріп келеді. Бірақ, өкінішке қарай, ол да ұзаққа бара қоймас. АҚШ-тың мұнай өндіру көлемі әсіресе тақтатас мұнайындағы өркендеудің арқасында 2009 жылдан бері тұрақты өсімге қол жеткізгені белгілі. Жоғары мұнай бағасы, технологияның дамуы және арзан несие саланың құлаштап қанат жаюына қосымша қуат берді. Оның үстіне былтыр мұнай экспортына 40 жылдан бері келе жатқан эмбарго алынып тасталды. Бірақ қара алтын нарығындағы арзан баға саланы бәрібір есеңгіретіп жіберді. Бүгінде америкалық қатпарлы мұнай компанияларының қарызы 150 млрд доллардан асып жығалады. Сарапшылардың болжауынша, жыл соңына дейін бірнеше компания банкроттық жариялауы мүмкін. Владислав Иноземцев, Постиндустриалды қоғамды зерттеу орталығының директоры: - Менің ойымша, биылғы жылы мұнай бағасы 30-35 доллардан сәл ғана төмен түспесе, одан әріге бара қоймас. Оның әлемдік экономикаға қаншалықты әсер етері сонда белгілі болмақ. Ал 2017 жылға қарай баға 40-45 доллардың айналасында тұрақтауы мүмкін. Робин Манн, Deloitte компаниясының өкілі: - Қалыптасқан жағдайға қарап 1930-40-жылдарға қайта кетіп бара жатқандаймыз. Мұнай бағасы үшін бірінші тоқсан құбылмалы екенін байқап отырмыз. Меніңше, баға екінші тоқсанда нығая түсетін сыңайлы. «Әлемдік мұнай бағасы барреліне 40-50 доллар болғанда ғана қатпарлы мұнай өндірушілері қалыпқа келеді» деп есептейді экономистер. АҚШ энергетикалық басқарамасының ақпаратына сәйкес, егер баға құлдырауын тоқтатпаса, мұхиттың арғы жағындағы мұнай өндірісі осы жылы шамамен 700 мың баррельге дейін кеми түспек.
Авторлары: Жігер Сәрсен, Ренат Садыров
24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/103603-a-tayau-t-r