Мыс бағасы маусым сайын қымбаттауда
Түсті металдар нарығында мыстың алар орны ерекше. Қара темірдің өзі қымбаттап жатқан шақта қызыл металл тіптен шарықтау шегіне жетті десе де болады. Бұрын-соңды тарихта болмаған бағаға дейін көтерілді. «Бұл тіпті мыстың соңғы тұрақтаған бағасы да емес», дейді мамандар. Мыстың бағасы әлемдік нарықта бұдан да жоғары шекке жетуі бек мүмкін. Мәселен, былтыр мыстың тапшылығы 560-570 мың тоннаға дейін жетті дейді Forex Club-тың сарапшылары. Ал бағасы Қытайда – 8,5 пайызға, Жапонияда – 1,4, Германияда – 2,6, АҚШ – та 3 пайызға дейін жоғарылаған.
Өткен жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 404 мың тоннаға сұраныс болғанымен сатуға деген ұсыныс болмаған. Қызыл металл дағдарыс уақытында да беделін жоғарылатып, жаңа тарихи бағаға көтерілді. Фунты 4,6370 доллар болды. Түсті металдардың бағасының өсуі биыл да тоқтамайды деп отыр мамандар. Әлемдік нарықта әсіресе мыс бағасының мүлдем түспеуі инвестициялық салым ретінде де бағалануда. Осы бағалы металды өндіруден еліміздің аты алысқа жетіп, танымалдығы артып келеді. «Қазақмыс» – әлемде мыс өндіруші компаниялардың алғашқы ондығына енген әрі 2005 жылдан бері Лондондағы қор биржасына өз акцияларымен қосылған отандық компания. Бұрынғы кеңес одағы елдерінің ішіндегі алғашқы компаниялардың бірінен саналады. Осы уақыт ішінде компания акциясының жалпы құны 10 миллиард долларға дейін жеткен. Бүгінде ол жылына 400 мың тоннадай мыс өндіреді. Компания өндіретін осыншама көлемдегі мыстың тек бір пайызы ғана Қазақстанның ішкі нарығына арналып, қалған 99 пайыз өнім шетелге жөнелтіледі екен. Әсіресе соның ішінде негізгі бөлігі Қытайға сатылады. Елімізде компанияның мысын Жезқазғандағы мыс жіптерін жасау зауыты алып, өңдеп, оны Павлодардағы трансформатор зауытына жөнелтеді. Бұдан басқа елімізде мыс алып оны кәдеге жарататындай ешқандай зауыт та, өндіріс орны да жоқ. Жуырда ғана Лондон биржасында бір тонна таза мыстың бағасы 6 930 АҚШ долларын құрады. Бұл қатып қалған баға да емес, себебі жыл сайынды айтпағанда бұл металдың бағасы күн санап көтеріліп келеді. Соңғы бір жылда мыс өндіру әлем бойынша 0,8 пайызға өскен екен. Өндіруге тыйым салынғанына қарамастан, әлемде мыс өндіру 3,8 пайызға артқан. Қандай дағдарысыңа да қарамастан, мысты пайдалану жоғары деңгейде қала береді. Сондай-ақ өндіру мен қайта өңдеу саласында да ілгерілеу бар.
Әлемдегі мыс тұтыну жағынан бірінші орында Қытай тұр. «Қазақмыс» қытайдың «Цзиньюй» компаниясымен Ақтоғай-Айдарлы мыс кен орнын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімге келді. Соколов-Сарыбай кен-орны бірлестігі Қытайға жылына 6 миллион тонна темір кен өнімдерін жеткізіп беріп отыр. Бұл – жер байлықтарын қопара отырып, өндіріліп жатқан өнім. Ал қолдағы яғни, бұрын тұрмыста пайдалануда болған тұрмыстық техникалардан бұзылып алынған мысты металл қабылдау орындары былтыр келісіне 1 200 теңгеден сатып алған болатын. Араға аз уақыт салып 1 500 теңгеге дейін көтерілген кезі де бар. Бүгінде әр қалада бар осындай металл қабылдау бөлімдері жинап-тергендерінің бәрін Қытайға асырып жатыр. Осыдан оншақты жыл бұрын бір келісі 50 теңгеге бағаланған бағалы металл бүгінде шарықтау шегіне жетті. Енді аз ғана уақыттан кейін тіпті ескі, пайдалануда болған мыс атаулы қалмауы да мүмкін. Одан бері де мыс кен орындарын барлау жұмыстарында да шабандылық бар. Еліміздегі қазба байлықтарға геологиялық барлау жұмыстарына жыл сайын 40 миллиард теңге бөлінуі тиіс. Бұл туралы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комитетінің төрағасы Болат Ужкенов мәлімдеген болатын. Бұл – қаржы жер қойнауын пайдаланушылардан түскен салықтың 5 пайыздайы ғана. 2000-2009 жылдар аралығында жер қойнауын пайдаланушылардан түскен салық көлемі 7,8 триллион теңгені құраған. Яғни, жыл сайын 780 миллиард теңге түседі деген сөз. Бірақ барлау жұмыстары ойдағыдай емес. Егер тау, қойнау, қолаттарды әлі де зерттей түссе небір пайдалы қазбалардың көзі ашылары сөзсіз. Бүгінде астын аршып алынып жатқан қазба көздері де бір кездері сарқылары белгілі. Сонда жаңа пайдалы қазба көздерінің қажет болары айдан анық. Ол үшін бүгіннен бастап-ақ геологиялық барлау жұмыстары басталуы тиіс…