Нарықтық экономиканың социалистік анықтамасы
Бір ұрпақтың өміріндей уақытта екі түрлі қоғамдық-экономикалық формацияны бастан өткеріп отырған қоғамымыз үшін бүгінгі мейрамның орны ерекше. Бүгін бұл күнді қалай атасақ та ол аға ұрпақ үшін, социализмнің шетін ғана көрген орта буын үшін ең алдымен – Еңбек мейрамы, Әлеуметтік теңдік мейрамы болып қала береді.
Осы орайда МаркстІң «Капиталын» қазақша сөйлеткен, қазақ тілінде тұңғыш экономикалық сөздік жасаған экономист Молдабай Әбдіровтің 1974 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазақша қысқаша экономикалық сөздік» кітабынан бірқатар экономикалық ұғымдардың анықтамаларын ұсынып отырмыз. Бүгіндері бәрімізге түсінікті көрінетін нарықтық экономика социалистік тұрғыдан қарағанда қандай реңк алады, ондағы жазылған жайлар бүгінгі нақтылыққа, өмір шындығына сай келе ме, ол арасын бағамдауды оқырманның өзіне қалдырдық.
Ақша – ...Ақша товар өндірушілердің арасындағы өндірістік қатынастарды бейнелейді, сондықтан ақшаның мәні өндіріс әдісіне байланысты өзгеріп отырады. Капиталистік товар өндірісі жағдайында ақша қанаушы азшылықтың баю процесіне қызмет етеді. Социалистік шаруашылықта ақшаның мәні де, экономикалық ролі де мүлдем өзгереді.
Ақша системасы – ...Капитализмнің жалпы дағдарысы кезінде, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және соның нәтижесінде буржуазиялық дүние елдерінде алтынның орнына көп шығарылатын қағаз ақша жүретін болды. Социализм тұсында өндіріс құрал-жабдығына қоғамдық меншіктің болуы, ақша системасының жоспарлы түрде ұйымдастырылуы ақша дағдарыстарының болуына жол бермейді.
Советтік бір сом 0,987412г. алтынмен бағаланады.
Аренда – ...Көп таралған аренда түрі – жер арендасы, бұл – жерді пайдаланудың бір формасы. СССР-де жер – мемлекет меншігі, ол сатылмайды, сатып алынбайды да, арендаға да берілмейді.
Баға – ...Империализм тұсында монополиялық баға үстемдік етеді.
Банк – ...Капитализм тұсында банк кредиторлар мен қарыз алушылардың арасында сауда жасайтын капиталистік кәсіпорын. Басқа капиталистік кәсіпорындар сияқты банктің де мақсаты – пайданы көп табу. Банктің қызметі капиталистік өндірістің дамуын жеделдетіп, жұмысшыларды қанауды күшейтуді, сонымен қоса капиталистік қайшылықтарды да күшейте түседі, бұл дағдарысты тездетеді. Банк монополиясы мен өнеркәсіп монополиясы біте қайнасып, финанс капиталын құрады.
Социалистік қоғамда банк системасы шаруашылықты социалистік жолмен қайта құруға көмектеседі.
Банкрот болу – экономикалық дағдарыс кезінде етек алып, көбейіп кететін өнеркәсіп, сауда кәсіпорындарының банкротқа ұшырауы биржаны да, банкті де күйретеді, ақша-кредит системасын ірітіп, дағдарысқа ұшыратады.
Бизнесмен – коммерсант, саудагер, кәсіпкер-капиталист, көп пайда түсіру үшін ешнәрседен қаймықпай кірісетін, пайдаға құныққан капиталист; бизнесмен, әсіресе АҚШ-та көп айтылады. Капиталистің жеке бас пайдасын көздеп, байыған үстіне байи түсу үшін қолданатын барлық айла-шарғысы, іс-әрекеті, қызметі – бизнес деп аталады.
Бөлу – социализм тұсында өндіріс құрал-жабдығы қоғамдық меншікке жатады, бүкіл қоғам дәулеті болып саналады. Мұнда өндіріс құрал-жабдығын бөлу де, тұтыну заттарын бөлу де бүкіл қоғамның және оның әрбір мүшесінің мүддесімен есептесе отырып жүзеге асырылады.
Бум – шаруашылық істердің жандануын жасанды түрде қолдау үшін капиталистердің биржалық қулық-сұмдығын күшейтуі, әдейі саудагерлікпен товардың бағасын қымбаттатып, құнды қағаздардың курсын көтеруі.
Валюта дағдарысы – белгілері: алтынның және барлық формадағы алтын стандарттары айналысының күйреуі; капиталистік елдерде үнемі инфляция болуы. Қазіргі кезде дамыған капиталистік елдерде валютаның бәрі дерлік құнсыздануға бет алуда, валюта курсы тұрақсыздық жағдайға ұшырап отыр. Бұл, алдымен, АҚШ-тың милитаристік саясатының салдары.
Валюта паритеті – біздің бір сомның валюта паритеті 0,987412 грамм, АҚШ доллары – 0,88867 грамм алтын, бірақ доллардың алтын паритеті 1971 жылы девальвация жасалып бір өзгерсе, 1973 жылы тағы 10% кеміді.
Мысалы, АҚШ-тың бір доллары (1971 жылға дейін) біздің 90 тиынға тең болса, қазір 75 тиынға тең (1974ж. – ред.).
Еңбекке қарай бөлу заңы – социалистік қоғамда туады, мұнда адамды қанау деген болмайды, әр еңбеккер өзі үшін, өзінің қоғамы үшін қызмет істейді. Социалистік тең праволылық өнімді тең бөлуде ғана емес, барлық еңбекшілердің қанаудан азат болуында, қоғамдық меншік болып табылатын өндіріс құрал-жабдығына қатынастың, еңбек ету міндетінің ақыны еңбекке қарай алу принципінің барлығына бірдей болуында. Кімде-кім жұмысты көп және жақсы істесе, оның қоғамдық еңбек өнімінен алатын үлесі де мол болады.
Жер бағасы – ...капитализм дамыған сайын жер бағасы да өсе береді.
Жер қоры – ...капитализм тұсында жер қорының көпшілігі ірі жер иелері мен капиталистік монополиялардың қолында болады, олар жерді еңбекші бұқараны қанаудың құралы ретінде пайдаланады.
Ипотека – шаруаларды қанап, тұралатудың құралы, олар өздерінің тапқан табыстарын түгелінен дерлік алған қарызының проценті үшін банкке төлейді. Ал ипотекалық қарызын төлемеген жағдайда ол шаруаның жері сатылып жіберіледі. СССР-де және басқа социалистік елдерде ипотека системасы мүлдем жоқ.
Капитализм – қоғамдық құрылыс, адамды адамның қанауына негізделген ең соңғы қоғамдық-экономикалық формация.
Коррупция – қанаушы мемлекеттердің бәріне тән құбылыс, ол әсіресе империализм дәуірінде капиталистік елдерде кеңінен етек алуда. Бұларда коррупцияға байланысты қылмыстар (пара алу, зымияндық, жалдаптық жасау, т.б.) көбінесе жазаға тартылмайды.
Финанс олигархиясы – империалистік елдердің өнеркәсіп пен банк монополияларының қожасы болып табылатын, іс жүзінде шаруашылықтың аса маңызды салаларын өз қолдарына ұстайтын және экономикалық жағынан да, саясат жағынан да үстемдік ететін ірі финанс капиталистерінің ат төбеліндей шағын тобы. Оның үстемдігі таптық және ұлттық езгінің күшеюіне, капиталистік паразитизмнің тереңдеуіне жағдай туғызады.