Нашаның шөбін шеккенше, дәрі жасап ішпейміз бе?

Нашаның шөбін шеккенше, дәрі жасап ішпейміз бе?

«Шу» деген сөзді естісек, бірден көз алдымызға ұшы-қиыры жоқ қарасоралы алқап, есірткі, наркотрафик,  нашақорлар елестейді. Өйткені Шу өңірінде талайға сор болған, 138 мың гектар жерді алып жатқан қарасора алқабы бар. Соның салдарынан Қазақстан есірткі тасымалдайтын транзиттік ел ғана емес, оны өндіретін алып аймаққа да айналып отыр. Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар арасында есірткі пайдаланатындар да көп. Сондай-ақ қарасораны қара базарда сатып, пайда табамын деп қылмысқа ұрынып жататындар да жиі кезігеді. Алайда қара­сораның сорын емес, «сөлін» алып пайдаға асыруға болады. Тек соны жүзеге асыру жағы әлі де жолға қойылмай, әзірге біз оның тек зардабын ғана көріп отырмыз.
Мамандардың пайымдауынша, Шу алқабындағы қарасора 145 мың тонна марихуана, 6 мың тонна га­шиш өндіруге жетеді екен. Әрине, мұндай өнім қара базарға түссе, талай жанның басына қара бұлт үйірері сөзсіз. Ресми дерек бойынша, өткен жылы қа­зан айының 9-15-і аралығында өткен шара барысында рес­публика бойынша есірткіге қатысты 210 қылмыс анық­талған.  Ал сол жылдың 10 айында Қазақстанда 20 тоннадан астам есірткі заты тәр­кіленіп, оған қа­тысты 7 мыңнан астам қылмыс тір­кел­ген. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының дерегі бойынша, Қа­зақстанда ша­ма­мен 250 мыңнан астам адам есірткі тұтынады екен.
Алайда қарасораның сорын ғана көре бермей, оны өңдеп, тұтыну тауарларын да шығарып, пайдаға жа­ратуға болады. Мысалы, қарасора фар­ма­цев­тика саласында, автомобиль өндірісінде, жеңіл өнер­кә­сіпте де кеңінен пайдаға асырылуы мүмкін. Тіпті қа­ра­со­радан алынған мата төзімділік жағынан өзге мате­риал­дардан асып түсетін көрінеді. Сондықтан кей ел­дер­де арнайы жұмыс киімдері мен джин­си­лер­ді қа­расора өнімінен алынған матадан тігетін кө­рінеді.
Қарасораның пайдасы барын ескерген ел Үкіметі 2004 жылы Шу қаласынан есірткі шөптерінен тұтыну та­уарларын шығаратын, құны 54 млн доллар болатын FESO Textile Қазақстан–Германия біріккен кә­­сіпорынын салуды қолға алған. Мамандардың бол­­жамы бойынша, зауыт екі жылдан соң толық іске қо­­сылады деп күтілген еді. Өндірістің басты бағыты қа­расорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті ма­териалдар дайындау болатын. Сонымен қатар за­уытта болашақта техникалық талшықтар, құрылыс зат­тары, косметикалық өнімдер шығару да жос­пар­ланды. Сондай-ақ кәсіпорын жұмысын бастаса, есірт­кіге қатысты қылмыс азаяды, мыңдаған жұмыс орны ашы­лып, зауыт ел экономикасына қызмет етеді деп кү­тілді. Алайда үміт ақталмады. Жеті өлшеп, бір ке­сетін немістер келісіп тұрғанмен, біздің мемлекеттік ор­гандар тарапынан берілетін техникалық-өндірістік ке­лісімдер мен рұқсат беретін құжаттардың дайын болмауына байланысты зауыт құрылысы белгісіз мерзімге шегерілді. Сөйтіп, зауыт оты жанбай жатып сөнді.
Жалпы, қарасораны зерттеген мамандар оның пай­дасы көп екенін анықтаған.
Мысалы, ұлыбританиялық маман­да­р­дың айтуынша, қарасора құрамының 60-70 пайызы адам психологиясына әсер ететін заттарға жатпайды. Керісінше, оның құрамындағы марихуана экстрактілерін қатерлі ісік, эпилепсия мен шизофрения, семіздік пен қан қысымын емдеуде пайда­ла­нуға болады. Сондай-ақ олар мари­хуа­на негізінде крем шығаруды жоспар­лап отырған көрінеді. Ағылшындықтардың пайым­дауынша, адам ағзасынан бөлініп шығатын зат эндоканнабиноид мари­хуа­на­ның компоненттеріне өте ұқсас. Бұл тері ауруларының барлығын дерлік емдеуге болатын дәрі жасап шығаруға мүмкіндік береді екен.
Меруерт БИҒАЗИНА, экономика ғылымының кандидаты:
– Бүгінгі таңда бірқатар елдер дәрі-дәрмек өндіру арқасында қыруар пайдаға кенеліп отыр. Егер біз де есірткі шөптерін өңдеп, дәрі шығаратын зауыт салсақ, ол фармацевтика саласына да, ел экономикасына да мол пайда әке­лері сөзсіз. Біздің елде шикізат ретінде қолданылатын есірткі шөптері жетіп-артылады. Бір ғана Шу өңірінде өсетін қарасора шикізат қоры бола алады. Оны өсіруге де шығын шықпайды. Оған қоса көптеген жұмыс орны ашылады.
Ал таяуда америкалық және испания­лық мамандар қарасорадан бөліп алы­натын зат – тетрагидроканнабинолдың рак және қант диабеті ауруынан айықты­ра­тынын анықтаған.
Демек, қарасораға деген сұраныс та, одан түсер пайда да мол. Тек есірткі шөп­те­рін өңдеуді дұрыс жолға қойсақ болғаны.
Әйтсе де ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біз де қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда Шу қаласында құны 80 млн долларға бағаланған есірткі шөптерін өңдейтін зауыт құрылысының жобасы іске асырылып жатқан көрінеді. Тек бұл жобада да әттеген-ай дейтін тұстар бар. Нақтырақ айтқанда, қарасораны өңдеумен айналысқалы отырған Xeloria кәсіпорнына өңдеуге лицензия беріл­гені­мен, есірткі шөптерін жинауға рұқсат беріл­меген. Мекеме басшыларының айтуы­на қарағанда, жұмыс жоспары да, жұмыс істеуге деген құлшыныс та бар. Алайда жоба іске асқан күнде де есірткі шөптерін жинауға рұқсаттың болмауы кәсіпорын жұмысына қолбайлау болғалы тұр. Бұл, расымен де, түсініксіз жағдай. Егер рұқсаты болмаса, зауыт шикізатты қай­дан алады? Жоқ, әлде қолында құзы­реті барлар шикізат жинауды басқа бір мекемеге бермек пе екен? Ондай болған жағдайда зауыт шикізатпен қамтамасыз ететін екінші біреуге тәуелді болып қалмай ма? Ал ол өз кезегінде шикізат құнын асы­рып, зауыт жұмысына тұсау болмасына кім кепіл?! Ойланатын мәселе. Сондықтан да мәсе­ле туындамас үшін зауытқа есірткі шөп­терді жинау құқығын да беру керек шығар.
Үдемелі инновациялық-индустриялық дамудың 2014 жылдарға дейінгі белгі­ленген бағдарламасына сәйкес Қазақ­стан­дағы дәрі-дәрмек өндірісі басым бағыт­тағы салалық бағдарламаға енді. Қазіргі таңда фармацевтика бизнесінің әлем бойынша есірткі мен алкогольдық өнімдер бизнесінен кейінгі үшінші орында тұрғанын ескерсек, есірткі шөптерін өң­деу­ді жолға қою фармацевтика саласына серпін беріп, ел экономикасына сүбелі үлес қосары сөзсіз.

Керек дерек
Қазіргі таңда Голландияда ел экономикасына қызмет етіп жатқан, есірткі шөптерін өңдейтін екі зауыт бар көрінеді. Ол зауыттарда автокөлік өнеркәсібіне арналған талшықтар, қағаз, жіп, мата, май, тіпті шоколад өндіріледі екен.

Дерек
Шу алқабында қарасораның қай уақыттан бері өсіп жатқаны белгісіз. Баз бір дереккөздері «ХVIII ғасырдың аяғында Түркістан губернаторы генерал Колпаковский үнді сорасының ұрығын алдырып, құм көшін тоқтату үшін өсірткен екен» деседі. Ал өзінің нашалық сапасымен белгілі үнді сорасы жаңа ортаға бейімделіп, сапасы күшейе түскен. Сондықтан болар Шу алқабының қарасорасы қара базарда жоғары бағаланады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста