Неолиберализм күйреп, мемлекет пен бизнес үзеңгілеске айналды
Енді банк секторындағы проценттік саясаттағы монополияға шектеу қойылады. Бұл туралы кеше несиенің жылдық тиімді сыйақысы мөлшерлемесін белгілеу жөніндегі Ұлттық банктің құзырын айқындау туралы заң жобасын Мәжілістің қабылдауы барысында белгілі болды.
Аталған заң жобасына сәйкес, несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі несие келісімшарты жасалған күннен бастап Ұлттық банктің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің сегіз есесінен ары аспауы керек делінген. Алайда Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттардың басқа балама ұсынысы енгізілді. Яғни оған сәйкес, несиенің жылдық тиімді сыйақысы мөлшерлемесін Ұлттық банк белгілейтін болады, бірақ оны алдымен Қаржылық қадағалау агенттігімен мақұлдатып алуы керек. Бұл өзгерісті ҚР Президенті жанындағы Қаржылық тұрақтылық және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес те құптап отыр.
Негізі, әлемде, мысалы, АҚШ-тың федералды резерв жүйесі, Еуропаның, Қытайдың орталық банктері несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін белгілеген кезде оны ешкімге мақұлдатпайды. Яғни бұл істі жеке-дара жүргізеді. Онда да «нарық өзін-өзі реттейді» деген заңдылыққа жүгінеді. Енді Қазақстанда Ұлттық банк бұл істі Қаржылық қадағалау агенттігінің мақұлдауымен жүзеге асыратын болады. Бұл не деген сөз?
Қаржыгер-маман Ілияс Исаевтың айтуынша, 70 жыл бұрын дүниеге келген нарық өзін-өзі реттейді деген теорияның негізі неолиберализм ілімінің күйреуін және оны әлемнің басқа елдері секілді Қазақстанның да мойындағанын, ол өз кезегінде біздің банк секторында мемлекеттік реттеудің күшейтілетінін байқатады.
– Неолиберализм ілімі нарық өзін-өзі реттейді, сондықтан мемлекет бизнес ісіне араласпауы керек дегенді айтады. Алайда бұл заңдылық көп жылдар бойы әлемде сақталған жоқ. Сондықтан әлемдік қаржы дағдарысы орын алды. Оның салдары осы неолиберализм ілімінің ойсырай күйреуіне әкеліп соқты. Біздегі жағдай да нарық өзін-өзі реттей алмай жатқандығын көрсетеді. Сондықтан оған мемлекеттің араласуы міндетті түрде керек болып жатыр. Әсіресе банк секторына. Негізі, біздегі банктер тумасында монополистік сипатқа ие. Мәселен, «Жол картасы» бойынша бөлінген несие 12 пайыз болса, оның 5 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал қалған 7 пайызын банк беруі керек. Бірақ депутаттардың өзі осы несиені беруге қазақстандық банктер көнбей отыр деп дабыл қағып жатыр. Біз нақты секторды дамытамыз дейміз, бірақ банк секторы оған құлықты емес. Мұны қалай түсінуге болады?.. Сол себепті мемлекеттің бұл салаға реттеу жүргізуі міндетті түрде керек болып тұр. Демек, енді мемлекет пен жеке бизнес үзеңгілес болады, – дейді маман.
Сондай-ақ І.Исаев: «Қазір федералдық жүйенің дисконттық мөлшерлемесі – 0 пайыз. Бұл федералды резервтің «арзан ақша» бойынша жүргізген саясатының әбден шегіне жеткенін көрсетеді. Енді олар резервке 1 триллион доллар құймақшы. Халықаралық қаржыгерлердің айтуынша, бұл әлемдік қаржы дағдарысының келесі толқынын туындатуы ықтимал», – дейді.
Шындығында, аталған заң жобасындағы өзгерістерге сүйенсек, банк секторын қадағалау мен реттеуге көбірек басымдық берілген. Мәселен, аталған заң жобасына сәйкес, банк заемы келісімшарты бойынша төлем мен міндеттемелер индексациясына жол берілмейді. Демек, осыған дейін банктер халықаралық қаржылық жағдай немесе инфляция сияқты түрлі себеп пен салдарға сүйеніп, несие пайызының мөлшерлемесін белгілі бір кезеңде өсіруге құқылы болған. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталады, несие беріліп, оны өтеу мерзімі аяқталғанша, бастапқы келісімшартта көрсетілген пайыз мөлшерлемесі өзгеріссіз қала береді. Сондай-ақ оффшор аймақтарда бой көрсеткен тұлғаларға несие беруге тыйым салынады. Міне, осындай басқа да қатаң тәртіп пен ережелер біздегі несие сыйақысын белгілеу шарттарын толықтыра түскен. Осы жағынан, біздіңше, мұны өз кезегінде екінші деңгейдегі банктерді ел экономикасын несиелендіруге жұмылдыруға, несие алған азаматтардың құқығын толыққанды қорғауға бағытталған оң өзгерістер деп бағалауға болады.