Өндіріс пен ғылым енді бір қазанда қайнайтын болды
Кеше Алматыда «Қазақстан Республикасы өндірістік секторына инновациялық ІТ және химия-технологиялық зерттеулерді енгізу туралы» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынның мақсаты – өндірістік үрдістерді ғылыммен ұштастыру механизмін енгізіп, ғылыми жаңалықтарды игеру. Басқосуға ғылым саласының беткеұстар ғалымдары мен ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төраға орынбасары, KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бұл басқосу – Елбасы бекіткен қарқынды индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудағы қадамның бірі. «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялар үшін де, жалпы бизнес қауымдастық үшін де бұл бағдарлама екі бағытта еңбек етуге негіз болып отыр. Біріншісі – өндіріс секторында еңбек өнімділігін арттыру, екіншісі – жаңа өнім түрлерін шығару. Осы мақсатқа жету үшін өндіріске технологиялық жаңалықтарды енгізіп, өнеркәсіп пен ғылымның арасын жақындата түсу керектігі анық. Заманауи ғылыми жаңалықтарды меңгермейінше, өнеркәсіпті диверсификациялап, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес.
«А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдарының институты мен Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институты ҚБТУ құрамына енетінін ескерсек, біз ғылыми жаңалықтың өндіріске енгізілуін жылдамдатамыз. Ендігі мақсатымыз – осы бастаманы жаңа деңгейге көтеру, ол үшін Қор тарапынан қажетті қаржылық көмек көрсетіледі. Институттарды модернизациялай отырып, біз олардың әлеуеті мен экономикаға әкелетін пайдасын арттырамыз. Осылайша, тек бірлескен жұмыс арқылы өнеркәсіптер мен ғылыми-зерттеу институттары индустриалды-инновациялық дамуға қол жеткізе алады», – деді Тимур Құлыбаев.
ҚБТУ-дың ғылым жөніндегі проректоры, ҰҒА төрағасы Мұрат Жұрыновтың пікірі де осыған үндес. «Елімізде кейінгі он жыл бойында ғылыми-зерттеу жұмыстарын өндіріске енгізу өте қиындап кеткені белгілі. Кеңес Одағы кезінде үлкен зауыттардың жанында арнайы зертханалар, жобалау институттары, конструкторлық бюролар және тәжірибе орталықтары жұмыс істейтін. Өкінішке қарай, олар жойылып кетті. Сондықтан ғылыми зертхана мен зауыт арасында жаңа көпір салу қажет-ақ. Міне, Кеден одағына кірдік, келесі жылы ДСҰ-ға мүше боламыз. Елбасының ұсынысымен, Еуразиялық экономикалық кеңістікке де енеміз. Сол кезде бәсеке өршиді. Алдағы ауқымды өзгерістерге бүгіннен бастап дайындалуға тиіспіз», – дейді ғалым.
Ұзақбай Қарабалин, Қазақ мұнай және газ институтының бас директоры:
– «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төраға орынбасары Тимур Құлыбаевтың бастамасымен өткізіліп отырған бүгінгі жиында ғылым мен өндірісті бір арнаға тоғыстыру мәселесі қаралды. Неліктен біз ғылым қызметінен күткендегідей нәтиже ала алмай отырмыз? Себебі ғылыми зерттеулер мен оны тұтынушылар арасында байланыс жойылған. Зерттеулердің басым бөлігі өндіріс дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес келмейді. Әлбетте, ғылымның қанатты болғаны дұрыс. Әйтсе де тым аспандап, жерге түспейтін болса, ол да ұмытылады. Ал өндіріске бүгінгі нәтиже керек. Ең бастысы, ғалымдар мен өндірісшілер жиында бетпе-бет жолығып, алдағы жоспарды талқылады. Өйткені бәрінің бір қайықта екенін жақсы түсінді. Жуырда Н.Назарбаев университетінде оқыған лекциясында Елбасы ғылымның ел экономикасында атқаратын рөліне тоқталып, студенттердің қазіргі заман талабына сай білім алуына айрықша мән берілетінін жеткізген-тұғын. Бүгінгі жиын сол лекцияның жалғасы іспетті. Мұнда Президенттің тапсырмасын қалай жүзеге асыру мәселесі қызу талқыланды.
Меніңше, таза ғылым мен таза өндіріс арасында тағы бір түйісетін нүкте – тәжірибелік жұмыстар, полигондарды қолға алу. Өндіріс дегеніміз, бұл – миллиондаған тонна мұнай және газ, металл және т.б. өнімдерді шығару деген сөз. Мұндай өндіріс тек әбден мақұлданған, әлемдік технологиялар негізінде ғана жұмыс істейді. Егер біз оған бірдеңені енгізе салсақ, бұл үлкен тәуекел болмақ.
ҚБТУ ректоры Ескендір Бейсембетовтің айтуынша, ғылыми-зерттеу институттары экономиканың нақты секторынан ажыраса, онда диссертация деңгейінде қалғаны. Уақыт өте олар технологиялық маңызын жояды. Екіншіден, ғылыми-зерттеу институттарының университеттермен байланысы жоқ. Бұған дейін ғалымдар өндірістің қажетін ескермей, өз бетінше жұмысын жүргізді. Ал өнеркәсіп бір ғана өнім өндіруге бейім болатын.
Сондықтан конференция – әркім өз қазанында қайнап жатқан өнеркәсіп өндірісі мен ғылымның арасында көпір орнатудың бастамасы. «Бұл арада университеттің қандай қатысы бар?» деген сауал туындауы мүмкін. ҚБТУ биылғы жылы нақты жағдайда кез келген технологиялық процесті есептеп бере алатын суперкомпьютерді іске қосты. Осыдан кейін мына тәсіл зертхана деңгейінде ғана жарамды болғанымен, ірі өндірісте қандай да бір шығынға әкеледі деген сияқты түйткілдерді айтып береді. «Кеңес Одағы кезіндегідей полигон құрып, шағын зауыт салып тәжірибе жасауға болады. Не болмаса, суперкомпьютердің көмегіне жүгінуге болады. ҚБТУ осы жағынан институттарға жәрдем береді. Біраз уақыттан кейін біз виртуалды тәжірибе жүргізе алатын мамандарды дайындап шығарамыз. Мұндай тәжірибелерді жүргізбейінше, бірде-бір ірі компания өндіріске жаңалықты енгізе алмайды. Институт деген тек үлкен ғалымдар емес, кіші ғылыми қызметкерлерден де құралатынын ұмытпаған жөн».
Алдағы уақытта тәжірибелік-конструкторлық жұмысты жүзеге асыруда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы институттарды өндірістік базаны модернизациялау жағынан қамқорлығына алады. Екіншіден, бұл жұмыстар «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына кіретін компаниялар тарапынан қаржыландырылады.
Қысқасы, жиынға қатысушылар мойындағандай, бұл – басқосу ғылыми емес, таза тәжірибелік маңызы бар оқиға. Өйткені ғалымдар, әдеттегідей, өзара әңгіме-дүкен құрмай, ұлттық компаниялар басшылары мен технологтармен пікір алмасты. Компания басшылары ғылыми-зерттеу институттары көмегімен күрделі мәселелерді шешу оңайға түсетінін жақсы түсінеді. Қанша дегенмен, батыстың ірі консалтингтік компаниялары біздің өндіріс жағдайына бейімделмегені белгілі. Ал ғылыми жаңалықты өндіріске енгізу оңай шаруа емес. Осы бағыттағы қиыншылықтан құтылу үшін ғылым да, өндіріс те бір қазанда қайнауы керек.