Оңтүстік Қазақстан да қант қызылшасына ойысты
Оңтүстік Қазақстан облысында көп жылдан бері тұңғыш рет 3 мың гектарға жуық қант қызылшасы егілді. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Қанатбек Оспанбеков мәлімдеді. Қазір 2 мың 900 гектар алқап мың гектарға жуығы Шардара ауданына тиесілі, қалғаны Мақтаарал, Сарыағаш, Отырар аудандарының үлесінде.
Жалпы, Шардара ауданының қант қызылшасын өсіруде аз-маз тәжірибесі бар. 90-жылдары мұнда қант қызылшасынан тәп-тәуір өнім алынған еді. Алайда оны өткізуде кедергілерге ұшырағандықтан, мақтаға ойысқан. Биыл мемлекет қант қызылшасын өсіруге арналған жоғары субсидия қарастырыпты – бір гектарына 40 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын өндірушілер қайтадан қызылшаға бет бұрды. Әрі аудан әкімдiгі тек мақта бағасына тәуелді болмау үшін, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруді жөн санайды. Өнімді өндіру үшін Алматы облысындағы қант зауыттарына тасымалдамас үшін жергілікті жерде зауыт салу қажеттігі туындайды. Осыған орай, «Рахман» ЖШС Өскеменде қант зауытына қажетті құрал-жабдықты сатып алды.