Өскеменде өзгеше ауыл бой көтерді
Шығыс Қазақстанның орталығы Өскемен биыл жазда бір көркейіп қалды. Ауқымды шаралар өтіп, қаланың түр сипаты өзгеріп шыға келді. Қалалықтар үшін де, қонақтар үшін де ең басты жаңалық қала шетінде жаңа ауылдың пайда болуы еді.
Жаңа ауыл – этноауыл деп аталады. Бұл ауыл басқа ауылдан ерекше. Ауылға келген адам қазақты да, кәрісті де, орысты да, татарды да кездестіреді. Оларды жүзбе-жүз көріп қана қоймай, сол ұлт өкілдерінің ең байырғы бабадан қалған тұрақтарына, дәстүрлі баспаналарына кіріп тамашалай алады.
Жалпы, этноауылды салу туралы ой облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынысынан туындаған болатын.
Дегенмен ауылда адамдар кәдімгідей тұрады деп айтуға болмайды. Қалаға сыйлы қонақтар келгенде, немесе оқушы, студент жастар танысуға келгенде ғана этнокешендегі тірлік қыза түседі. Ән де, жыр да сол кезде төгіледі. Әр үйдің алдында.
Әр үй демекші, бұл жерде 11 ұлт өкілінің байырғы баспана түрі 7 гектар жерге орын теуіпті. Оның ішінде ХХ ғасырдағы отырықшы қазақтардың үй-жайы, тастан салынған баспанасы, сол ғасырдағы орыс үйі, сол ғасырдағы поляктардың үй-жайы, армян халқының баспанасы және тағы басқалары бар. Әрқайсысы ерекше бір ыждағаттылықпен салынғанға ұқсайды. Бір айдың ішінде салынған ауылды жазда Елбасымыз да тамашалап қайтты. Риза болды. Өйткені мұндай ауылды тек Өскеменнің іргесінен ғана табасыз.
Эльдар ТӨЛЕУБЕКОВ, Шығыс Қазақстан облысы «Достық үйінің» директоры:
– Осы ауыл арқылы біздің еліміздің басқа қалаларына үлгі боларлықтай жайымыз бар. Бізден көріп, тіпті Астана қаласы да осындай ауыл салмақшы екен. Бірақ әрине Астанада ол ауыл тіпті ерекше салынатын шығар. Дегенмен біздің этноауыл да қаламыздың бетке ұстар жеріне айналды.
Роза ДӘУІТОВА, Өскемен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы:
– Этноауыл әрине біз үшін мақтанарлық дүние, бірақ, әттең-ай деген тұстары да бар. Оларды тәптіштеп айтпай-ақ қояйын, олар болашақта жөнделеді. Диаспоралардың барлығы риза. Өйткені олар өз көздерімен көрді, сол үйлердің салынғандығын. Әр ұлт өкілі өздері бақылап отырды. Сондықтан бұл жердегі ұсақ кемшіліктерден үлкен мәселе жасап керегі жоқ. Түзеледі. Менің ойым, ол жердегі қазақ халқының үйлеріне басымдылық беру керек. Сондықтан сол ауылдың бір шетін қазақ ауылына айналдырса деген ойым бар. Қазір осы ойымды жүзеге асыру үстіндемін.
Этноауыл да қысқа қамдануда
Жалпы, этноауыл мұражайлар қатарына еніп, Өскемендегі этнографиялық қорық-мұражайының қарамағына берілген. Осы ұжымның директоры Николай Зайцевтің мәлімдеуінше, этноауылға әлі талай қосымша дүниелер салынады. Әлі бұл ауыл өзгеріп, түрленеді. Тіпті осы ауылдың ішінде арнайы шеберхана да жұмыс істеуі мүмкін. Ол жерде әр ұлт өкілі өздеріне тән қолөнер түрімен еркін айналыса алады. Өзге елге де үйрете алады. Ауылдың ортасы ұлттық орталықтардың өнерін паш ететін арнайы сауық өтетін алаңға айналмақ. Ал бұл үйлердің Алтайдың қаһарлы қысына қалай төтеп берерін енді кім білсін?!. Дегенмен ол үшін де қам жасалған көрінеді. Этнографиялық қорық-мұражай мамандарының түсіндіруінше, қазір этноауылдағы үйлерді қыс маусымына дайындау жұмыстары басталды. Кешендегі үйлердің ішіндегі жәдігерлер жылы жерлерге көшіріліп, баспаналардың есігіне қара құлып салынады. Ауылды көрем деушілер үйлерді тек сыртынын ғана тамашалай алады. Сөйтіп, келесі жылдың мамыр айына дейін этноауыл қысқы ұйқыға батады.