Отандық тауардың орны бөлек
Егемендік алған 1991 жылдағы Қазақстан экономикасының, индустриясының жағдайы бізге белгілі.
«Индустрия» деп аталатынның шеңберіне енген зауыттардың шамамен 70-80 пайызы Қазақстанға бағынбайтын, тек Мәскеудегілерге ғана есеп беретін, қаражат пен құрал-жабдықтарды, тіпті киім-кешек, тамақ, дәрі-дәрмек дегендердің өздерін сол орталықтан тікелей алатын, КСРО державасындағы Орта машина жасау министрлігі деп аталатын құрылымға енген әскери қару-жарақ немесе солардың шикізаты мен бөлшектерін шығаратын кешен еді. Айталық, Қазақстанда уран кені өндірілді, бірақ ол сол жер жынысы күйінде Қырғызстан мен Ресейге тасымалданып, сол жақтарда өңделді. Ал қазір Қазақстан ядролық энергияға қатысты шикізат өндіруден ядролық отын жасаушы және «ВестинХаус» компаниясының 10 пайыз акциясына ие ел ретінде ядролық реактор жасаушы елге, әлемге ядролық отын экспорттаушы ғана емес, сонымен бірге, АЭС-тер салып беруші елге айналып отыр. 1991 жылға дейін Қазақстанда темір жол вагондарының күрделі жөндеуін өткізуге рұқсат етілмеген екен. Осы саланың шегесіне дейін одақтас республикалардан тасымалданыпты. Бұл күндері біз вагондар мен әлемдегі ең қуатты локомотивтер шығаратын ел болдық. Байқадыңыздар ма, салалар түгелдей дерлік импорттан құтылып, керісінше, экспорттаушы жақ болып өзгерді. Бәрінде де «Қазақстанда жасалған» деген тамаша таңба бар. Оның үстіне, бәрі де озық технология, нағыз индустрия. Осыған қарап-ақ «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлы өндіріс жасауға, олардағы өнім көлемін молайтуға толық мүмкіндік бар екенін білуге болады. Тек әр қазақстандық азамат пен азаматша, әр отандас, әр қазақ өзін осындай игілікпен шындап айналысуға «көндірсе» болғаны. Тіпті, бұл мәселеге Елбасы арнайы көңіл бөліп, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар өндірісін молайтуға, оларды сатып алуға отандастарды шақыруы мақсатты орындауға ашылған даңғыл жол іспетті. Мұны пайдаланбасақ, ұяттың ұяты сол. Десек те біздің елде қарапайым кез келген отандастың қолынан келетін істі сырттағылар жасап беріп жатқаны жасырын сыр емес. Сондықтан бізде әлі де болса күнделікті пайдаланатын көптеген азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық басқа да тауарлар импортталып келеді. Бұл үшін миллиардтаған доллармен есептелетін қаражат шетке кетіп жатыр. Сондықтан біз мемлекет бойынша қолға алынған «акцияға» үлес қосу үшін оқырман назарына қазақстандықтардың қай-қайсысы да жасай алатын бірнеше тауар түрлерін «ойсалар» ретінде ұсынбақпыз.
1. «Кока-Коладан» құтылуға болады
Алматыдан Қордайға жеткізетін үлкен жолдың бойында Тарғап деп аталатын ауыл жатыр. Бір тамашасы, сол ауылдықтар жол бойында «жайма базар» саудасын жасайды. Әр үйдің дарбазасының алдына үстел қойылған. Онда аларманға ұсынылатын тауар түрлері тұр. Арасында қазақтың ежелгі сусыны – қарапайым жолмен жасалатын бидай көже де бар. Ол кәдімгі шұбатпен, қымызбен қатар қойылыпты. Ал біреулерде шұбат пен қымыз жоқ та, тек көже тұр. Осыдан-ақ бұл үйде түйе мен бие жоқтығын байқауға болады. Десек те «жоқтан барды» жасауға қабілетті әйел көже қайнату арқылы табыс табуға болатынын өз ісімен дәлелдеп шыққан.
Қазір Қазақстанның қалалары түгіл ауыл-ауылдарында «Кока-Кола», «Пепси Кола», «Буратино» дейтін сусындар қаптап кеткен. Бірақ солардың бірде-бірі пайдалылық қасиеті жағынан да, зиянсыздығы жағынан да қазақтың кәдімгі бидайдан жасайтын қара көжесімен бәсекелесе алмайды. Салқындай ішкенде мейірді қандыратын осынау сусынды өндіріп сатса немесе оны қалталы кәсіпкер өнеркәсіптік жолға қойса, ұлттық сусын жоғарыда аталған жасанды сусындардың бәрін алмастырар еді. Тіпті көп кешікпей игілігін көретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік тасымал жолында осы сусын тұрса, оны шетелдіктер бір рет ауыз тиіп ішіп көрсе, колаларды енді қайтып ішпейтініне кепілдік беруге болады. Өйткені көже – табиғи сусын. Ешқандай қоспа жоқ. Тек оны жасаушылар өз ісіне адал қараса болғаны. Ал егер жоғарыда айтқандай, көже өндірісін өнеркәсіптік негізде шығарсақ, онда ол «Қазақстанда жасалған» нағыз өтімді тауар болар еді. Бұл қолдан келе ме, келеді! Тек құлық керек.
2. Тоқыма өндірісі
Қазақстандықтар жыл сайын ондаған, тіпті жүздеген мың тонна жүнді шетелдерге тиын-тебенге сатқанына мәз болып жүр. Оның есесіне сол шетелдерден жүннен тоқылған күртелер мен шұлықтар, балалар мен қыздардың бас киімдерін алдыртып, валюталық шығын жасаудамыз. Ал осы күнделікті қажетті тауарлардың бәрін өзіміз шығаруға болады ғой. Қазір осы саланы дамытып, отандық жеңіл өнеркәсіпті аяғынан тік тұрғызамыз деушілер баршылық. Әрине, солай істеген дұрыс. Десек те, бұл жұмыста ауылдықтар негізгі тұлға болса, онда біраз игі іс тындырған болар едік. Ол үшін ауылда тұратын бір әйел тоқыма тоқуды білсе болғаны. Мұндай мүмкіндік ауылдарымызда бар екені де даусыз. Демек, сол ауылдардың әкімдері әлгі «білімді әйелді» бас қылып, әуелі сондағы қалған әйелдерді содан «оқыттырып», нәтижесінде, ауылда шағын тоқыма кәсіпкерлігін ұйымдастыруға болады ғой. Бұл үшін арнайы цех ашып қажеті де жоқ. Әркім өз үйінде қолы бос уақытында айналысатын және табыс табатын іс ретінде ұйымдастырылса да жеткілікті. Баяғыда, Ұлы Отан соғысы кезінде аналарымыз майдандағыларға қолғап, шұлық, жылы күртені үйлерінде тоқып, жөнелтіп тұрған. Дәл сол жолды бүгіндері де пайдалануға болады. Сонан соң сол тоқылған дүниелерді қалалардағы базарларда сатуды ұйымдастырса, бар іс тынды дей беріңіз. Әрине, бұл ретте қаладағы базарлардан «орын» беретіндей қала әкімімен арнайы келісімшарт жасалуы тиіс. Бұл да – «Қазақстанда жасалған» дүниелерді көбейтетін жол.
3. Байпақ Ресейде де өтімді
Қазақстанда ең құнсыз тауар жүн болып тұр. Ал бұл – ең бағалы тауар болуға лайық шикізат. Әттең, ауыл әкімдері «істің ыдығын» білмейді. Айталық, қойлы ауылдардың бәрінде дерлік, әсіресе, қазақтың қылшық жүнді қойын өсіретін жерлерде пима, байпақ цехын ашуға болады ғой. Ауылдарда осылай істей алсақ, онда Қытайға тиын-тебенге жүн сатып, бағалымыздың құнын кетірмес едік.
Орайы келгенде айта кетейік, пима, байпақ іргедегі алып базар Ресей федерациясында да өтімді, күнделікті қолданыс тауары екені даусыз. Олардың қысы біздегіге қарағанда қатқылдау. Селолық жерлеріндегі тұрғындардың бәрі дерлік пима, байпақ киеді. Оларда да халқының 45 пайызы селоларда тұрады. Демек, село тұрғындарының саны Ресейде 65 миллионның сыртында. Демек, пима, байпаққа тапсырыс беретін 30 миллиондай сатып алушы бар деген сөз. Осынау базарды Қазақстанның ауылдағы қой өсірумен айналысатын тұрғындары игерсе, біраз іс тынар еді. Мінекей, нағыз «Қазақстанда жасалған» тауар осылайша бәсекелестікке қабілеттілік жағынан ешқандай қарсылас шыдатпайтынын осы мысалдан-ақ көруге болады. Бұлай деп батыл айтатын себебіміз, ол жақта қой өсірілмейді ғой. Ал егер сол пима, байпақпен қоса бөкебай, шұлық, ұйық, қолғап, күрте секілділерді өз қойымыздың жүнінен тоқып, экспорттар болсақ, онда ауылдықтарға түсетін кіріс те молаяр еді.
4. Шұжық, брынза, құрт бәсекелестің басымы
Біз ауыл өнімдерінің барлығын дерлік «бәсекелестікке қабілетті тауар» ете аламыз. Ол үшін Қазақстанның әр ауылында тек шұжық жасайтын цех ашсақ болғаны. Брынза мен құртты ауыл әйелдері майы алынған сүттен өздері-ақ жасай алады. Ал шұжық цехы – бүгінгі ауылдарға басты қажеттілік. Мұны ауыл, аудан, аймақ әкімдерінің түсінуі жеткіліксіз. Өйткені ол біраз қаражат тұрады. Сондықтан оған Үкімет деңгейінде маңыз беріліп, «Қазагроқаржы» холдингі арқылы жеңілдетілген лизингтік несие бөлінуі басты шарт. Сондай-ақ ауылдарда шағын тері илейтін және тон тігетін бір-бір цех болса, бұл да біраз мәселені шешер еді. «Қазақстанда жасалған» таңбасын көбейтетін және өтімді де пайдалы өнім шығаратын шикізат бұл күндерде ауылдарда пайдаланылмай жатқанын немесе оларды пайдалы дүниеге айналдыру ауылдықтарға оңай болмай тұрғанын ескерсек, онда алдағы үш жылда мықтап айналысатын жобалардың бірі осы болуы керек. Мемлекет халқының 46 пайызын қосымша құнсыз, бар болғаны шикізаттық өндіріске теліп қою білімді іс емес.
5. Көйлек-жейдені импорттамауға болады ғой
Қазіргі Қазақстанның кез келген ауылына барсаңыз онда тұратындардың бәрі дерлік «импортный» көйлек-жейде киіп жүргенін көрсеңіз таңғалмайсыз. Өйткені қазақстандықтар кешегі кеңестік заман қатты «еркелеткендіктен», қолдан көйлек-жейде тігіп кимейтін болған. Содан капиталистік қоғамға өтсек те әдетімізді тастауға әлсіз болып тұрмыз. Мата алып, одан көйлек-жейдені өзіміз тігіп киген әлдеқайда тиімді екенін түсіне алмай жүрміз. Егер басқаны былай қойғанда, ауыл тұрғындары өз көйлек-жейдесін өздері тігіп киер болса, онда әр отандас жылына ең кемі 10 мың теңгені қалтасында қалдырар еді. 10 мың теңге – әр отандас бір жылда киетін киім-кешектің өзіндік құнындағы тігін мен дизайнға, яғни пішуге кететін қосымша шығын. Ескерте кетейік, әр қазақ әйелі өз көйлек-көншегін өзі тігіп алуға қабілетсіз дей алмаспыз. Әрі-берідесін мұны әр ауылда бір цех ашу арқылы да шешуге болады ғой. Киім пішу онша көп оқитын қиын мамандық емес. Қысқасы, ауыл әкімінің қолынан келетін шаруа осы. Егер осындай іс тындырылып жатса, қазақстандықтар көйлек-көншек үшін шетелдерге импорт төлемі ретінде үш-төрт миллиард долларды шығындамас еді. Міне, «Қазақстанда жасалған» таңбасы көбейетін тұс – осы. Орайы келгенде айта кетейік, біздің елде осы саладағы жеңіл өнеркәсіп кеңес заманында да жөнді дамымаған еді. Бәсекелестік күшейген капитализм тұсында жеңіл өнеркәсіпті дамыту қиынның қиыны. Десек те, біз айтқан жолмен жүр-сек, ол үлкен істің бастауы болары даусыз.
Түйін. Тиімділік негізі қайда?
Егер «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауар түрлерін көбейтеміз десек, бұл істі әлі игерілмей жатқан мол шикізат көзі ауылдарымыздан бастасақ, дұрысы – сол. Олай дейтін себебімізді дәлелдеп кетейік.
Біріншіден, бұл күндері ауыл шикізаты – ет, сүт, жүн, тері тек осы күйінде базарларға тасымалданып жүр. Ал оларды халық тұтынатын тауар күйіне жеткізе алсақ, онда ең алдымен ауылға «қосымша құн» барады. Мұны шамамен шикізаттың 20 пайызы деп қарастырыңыз.
Екіншіден, ауылдықтар тасымал шығынын азайтады. 10 ірі қараны «КамАз» автокөлігімен қала базарына жеткізіп жүрміз. Қаншама шығын! Оның орнына сол 10 тайыншаның етінен шұжық жасап әкелер болсақ, барлық тауарды бір «Жигули» жеңіл көлігімен базарға әкелуге болады ғой. Бұл күндері сүтті қала іргесіндегілер қалалықтар күнде әкеліп сатады. Егер олар брынза, құрт секілділерді үйлерінде жасай алатын болса, онда тонналаған сүт құрамындағы құр суды қалалықтарға жеткізіп, ақша табу үшін бос шығын жасамас еді.
Оқырман қауым байқаған шығар, осы екі түйін-ақ біз ұсынған «жобалардың» «Қазақстанда жасалған» бағдарламасына енуге сұранып тұрғанын дәлелдейді. Демек, оны қайтсек те қолға алып, жүзеге асыруға тиіспіз. Өйткені ауылдарда Қазақстан халқының 46 пайызы тұрады. Кірістері аздар да солар. Егер біз айтқан жоба өндіріске ене қалса, олардың табысы ең кемі екі еселенер еді. Мінекей, мәселе қайда жатыр. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарды шығару, молайту мүлде қиын емес. Тек іске жауапты адамдар жауапкершіліктерін арттырса болғаны. Бұл – ел үшін пайдалы іс.