Қай валюта сенімді?

Қай валюта сенімді?

Өткен жыл валюта нарығында талайлар опық жеген, талайлар майшелпекке кенелген бір аумалы-төкпелі кезең болды. 2015 жыл табалдырықтан аттағалы болған форекстік саудада валюталар бағамының құбылмалы күйі одан әрі жалғасты.
Анығын айтар болсақ, Ресей рублі онан сайын құнсыздана түсті. Евроның да бағасы біраз төмендеді. Иенаның да жағдайы мәз емес. Әрі-берідесін алтынға шаққанда доллар бағасы да біраз арзандады. Иә, жыл аяғына қарай арзандауға тиіс алтын онша бағасын түсіре қоймай, жаңа жыл басталысымен сары металл қайтадан қымбаттауға ұмтылды. Осылардан шығатын жалғыз қорытынды – әлемдік экономика тұрақты даму арнасына түскен жоқ, сол себептен де валюта нарығында сенімсіз болашақ жағдайындағы сауда-саттық жүріп жатыр. Сондықтан әлемдік интеграцияның жаһандану заманындағы бір елі Қазақстан екенін ескере отырып, мемлекеттің қазынасында да, халықтың қоржынында да әртүрлі валюталардың жүргендігін білетіндіктен, солардың қайсысы сенімді деген сұраққа жауап беруді осы мақаланың өзегі еттік.
Доллар. Халықаралық жалғыз валюта – доллардың күні қалай десек те «санаулы». Бұл жайлы бұдан 5-6 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мақала жазып, себеп пен салдардың барлығын және болатындығын ескертіп, әлемді баршаға бірдей қызмет ететін жаңа валюта жүйесіне көшуге шақырған болатын. Сол кезде Қазақстан ұлттық Көшбасшысының тосын пікірі үлкен талқыға түсті. Білімді топ көрегендікпен айтылған ойды қолдады. Десек те, доллардың қазіргі халықаралық валюта қызметінен айырылып қалуы мемлекет үшін аса күрделі, қиын, салдарлы болатынын ескерген АҚШ президенті Барак Обама «доллар әлі де он шақты жыл халықаралық валюта қызметін атқара алады» деп салды. Иә, бұл он шақты жыл «доллардың тұяқ серпер» кезеңі болары даусыз. Өйткені 2027 жылдың өзінде әлемдік экономиканың Көшбасшысы Қытай болмақ. Демек, әлем сенетін валюта «юани» болары сөзсіз. Қазірдің өзінде бұл бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Демек, доллар аса сенімді валюта емес. Солай бола тұрса да, 5-6 жыл көлемінде ол «тақтан тая қоймас». Сондықтан юаниден басқа валютаға қарағанда доллар сенімді айырбас құралы. Десек те, бағалы металдарға қарағанда, ол өз құнын аздап-аздап жоғалта береді. Сол себептен ұлттық қордағы доллар массасын азайту ең сенімді әрекеттердің бірі болары даусыз.
Евро. 18 мемлекеттің ортақ айырбас құралы евро – қазіргі таңда CDR қоржынындағы екінші валюта. Солай бола тұрса да, бұл валютаға ең бірінші аймақтағылардың сенімі азайғандай. Грекия еуроаймақтан шығуды болашақтың жоспарына енгізгендей. Ал Исландия жалпы Еуроодаққа кіру жөніндегі өтініштерін қайтып алатындықтарын мәлімдеп үлгерді. Ұлыбритания премьер-министрі алдағы сайлаудан өтсе, Еуроодақтан елді бөліп алып шығуға уәде берді. Қысқасы, Еуроодақ ішінде алауыздық пен іруге бетбұрыс басталғандай. Өткен жылдың соңғы айы мен жаңа жылдың басынан бергі форекс саудасында евро бағасының түсуі осының айғағы. Қалай десек те, біз қазақстандықтарға және ұлттық қорларды басқарушыларға қазынадағы евро массасын азайтуды ұсынар едік. Өйткені қазіргі жағдай осыны көрсетіп тұрса, алдағы жағдай бұдан да тұманды. Оның басты себебі – өндірістік экономиканың алға жылжымай қоюы. Тіпті Германия мен Францияның өзі 2014 жылда жоспардағыдай өсімге қол жеткізе алған жоқ.
Рубль. Әлемнің ерекше мазасын кетірген жағдай – рубльдің құнсыздануы. Ол өткен жылдың соңғы жартысынан жаңа жылдың басындағы форекс саудасына дейін бағасын шамамен 50 пайызға түсіріп алды. Бұған әлемдік тауар биржасындағы мұнай бағасының түсуі мен елден жатжұрттық инвесторлардың ақшасын алып қашуы себеп болған делініп жатыр. Қалай болса да рубльдің бүгінгі жағдайы көз алдымызда. Десек те солтүстіктегі көршіміздің бұл жағдайы рубльден мүлде түңілдірмейді. Бұл валюта, бәлкім, көктемнің өзінде-ақ бағасын өсіруге ұмтылады. Себебі әлемдік базардағы мұнай бағасы сол маңайда қайтадан өсуге тиіс. Мұны да жасайтын халықаралық нарықтағы басты ойыншылар – мұнай өндірумен айналысатын трансұлттық компаниялар. Демек, рубль 2015 жылы біздің теңгеге шаққанда 1=4 дәрежесіне жетіп қалуы әбден мүмкін. Олай болса, қазір 1=3 деңгейінде тұрған рубльді «құрта бастауға» асықпаған жөн.
Юань. Біздің пайымдауымызша, қазірден бастап үміт артатын ең сенімді валюта юани. Біріншіден, ол АҚШ доллары секілді әлемге «есепсіз шашылған» валюта емес. Сондықтан ол әрқашанда бағасын жоғалтпайды. Керісінше, АҚШ жағы Қытай билігінен «юань бағасын өсіруді» талап етіп келеді. Бірақ бұл ел экономикасына пайда бермейтін қадам екенін білетін Қытай билігі ұлттық валюта бағамын жоспарлы деңгейден асырмай тұр. Біздіңше, мұның өзі уақытша жағдай. Өйткені Қытай қазірдің өзінде әлемдегі ондаған мемлекетпен ұлттық валюталар бойынша есеп айырысуға келісімшарт жасасқан. Ал бұл – түптің түбінде юанидің қымбаттауын туғызатын бір күш. 
Сонымен, біз біраз жағдайдан мәлімет бердік қой деп ойлаймыз. Бұдан шығатын қорытынды жалғыз, ол – теңгенің ең сенімді валюта екендігі. Ал ақшаның құбылуы болмай қоймайтын бір әрекет екенін есерсек, онда қолдағы юани массасын көбейткеннен пайдалысы жоқ. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазір қалтада болса рубльден құтылуға асықпаған жөн. Ол да салмақ жинайтын валюталар тобына жатады. Сөз соңында айтарымыз, Ұлттық банк алтын құймаларын отандық базарда сатуға рұқсат ететіндей заң қабылдаттыруға мұрындық болса, дұрысы сол. Өйткені ұлттық қорымызда да, отандастардың сақтық қоржынында да сом алтын жатса, ең сенімдісі сол болар еді. Өйткені алтын мезгіл-мезгіл бағасын өзгерткенімен, оның түпкі құны бәрібір жойылмайды. Осы тұрғыдан алғанда отандастар жағдайын жақсартудың бір жолы да осы екенін ескерткіміз келеді. Қазақстандықтардың жағдайы жақсармай, санаулы олигархтар да, мемлекет те бай бола алмайды. Олай дейтін себебіміз ол екеуіне де құятын жалғыз нәр қалың бұқараның тапқан-таянғаны, қалтасындағы байлығы. Бұқара бай болса, олигарх та, мемлекет те бай. Міне, осыны ұмытпайық.

Жұмабек Жанділдин
aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста