Қапшықтың да түр-түрі бар
Кәдімгі полиэтилен қапшықсыз өмір сүру қиын. Үйде де, түзде де пайдаланамыз оны. Пакет деген пәлекет тіпті ит тұмсығы қияндағы ну ормандарда, теңіздерде, шөлдер мен көлдерде, таулар мен бауларда да жата береді. Орташа есеппен 20 минут қана пайдаланатын мұндай дорбалар шірімей 400 жылға дейін теңкиіп жата беретін көрінеді. Жерорта теңізінде 500 тоннадан астам целлофан қалдығы жүзіп жүр деседі. Жер бетіндегі теңіз-мұхиттардың түбіндегі қалдықтардың 60 пайызы – өркениеттің осы «жетістігі».
Былай қарағанда, пакеттер мен құстардың, балықтардың, басқа да жан-жануарлардың бір-біріне қатысы жоқ сияқты. Бірақ әлемдегі әр құстың құрсағында пластикалық қалдық бар екен, бір жылда бір миллион қанатты полиэтилен қалдығын жеп өледі. Жыл сайын осы пакеттерді қорекке ұқсатып жұта беретін бейшара киттердің, су тасбақасы мен итбалықтардың 100 мыңнан астамы өледі. Зерттеп көргенде өлген киттердің асқазандары полиэтилен пакеттерге толы екендігі анықталған. Құрлықта да пакет жұтып түйнеліп, пышаққа түскен жануарлар жөніндегі дерек көп.
Жыл сайын дүниежүзінде 3 триллион түрлі қапшық пайдаланылады. Оның бар болғаны 5-10 пайызы ғана қайта өңделетін көрінеді. Қалғаны қалған жерінде қалады. Жер бетіндегі қоқыстардың 10 пайызы — осы полиэтилен өнімдер. Оның көзін құртпасаң, «өгіз өледі»: жантайып жатып жерге зиянын тигізеді, өртесең, «арба сынады»: жанып жатып аса улы органикалық қосындылар бөліп шығарады. Сенсеңіз, сол полиэтилен дорбаларыңыздың қоршаған ортаға, жалпы тіршілік иесіне жаһандық жылынудың қаупіндей қаупі бар екен.
Қазір әлемнің бірқатар елінде бұл өнімге қарсы «соғыс» жүріп жатыр. Өткен ғасырдың 80-90 жылдары селдің салдарынан пакеттердің бүкіл канализация жүйесін саңылау қалдырмай бітеп тастағандығы себепті Бангладеш астанасында оны қолдануға нүкте қойылды. Тайвань да сөйтті. Германия, Ирландия, Италия, Сомали секілді елдер де солай жасады. Оңтүстік Африка, Кения, Уганда өте жұқа полиэтилен қапшықтарды пайдалануды қойды. Біріккен Араб Әмірліктері қоршаған ортаға, әсіресе жануарларға, соның ішінде түйенің өміріне қаупі бар деген себеппен алдағы жылдан бастап ыдырамайтын пакеттерді біржола нарықтан алып тастауға белін бекем байлап отыр.
Біздің елімізде де былтыр полиэтилен пакеттерін өндіруді, пайдалануды қою керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ оған ешкім құлақ асқан жоқ. Алайда бұл өнімді шығарумен айналысатын отандық өндіріске тыйым салу арқылы ештеңені шеше алмайтынымыз анық, себебі қазіргі нарықта, негізінен, басқа елдерде, әсіресе Қытайда жасалған пакеттер пайдаланылады. Қазақстанның әр қаласында полиэтилен қапшықтарын шығаратын өндіріс орындары бар болғанына қарамастан, жағдай осындай. Ақтөбедегі «Поливест» ЖШС – Қазақстанның батыс өңіріндегі осындай өнім шығаратын бірден-бір өндіріс орны. Және Қазақстандағы биологиялық жолмен ыдырайтын, яғни шіріп кететін пакеттер шығаратын санаулы өндіріс орындарының бірі. Төрт жылдан бері, негізінен, «майка» түріндегі полиэтилен пакеттері, орайтын бума қапшықтар, қоқысқа арналған көлемі әртүрлі дорбалар, полиэтилен пленкалары т.б. полиэтилен өнімдерін өндірумен айналысады. Өндіріс орны, негізінен, Ақтөбедегі «Дина», «Олжа», «Анвар» секілді супермаркеттердің, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы ірі сауда орындарының, жеке тұтынушылардың сұраныстарын өтеп отыр.
Болат ЖҮСІПОВ, «Поливест» ЖШС директоры:
– Біз жылына шамамен 60 тоннадай қапшық шығарамыз. Ал Ақтөбеде жыл сайын 150-200 тоннадай полиэтилен пакеттерін пайдаланады. Біздің өнімдер жергілікті нарықтың тек 15-20 пайызын ғана «жабады». Қалғаны – Қытайдың өнімдері. Рас, бұлардың сапасы бірдей. Бірақ қытайлықтар пакеттерге тез ыдырататын қоспа қоспайды. Себебі бұл – өте қымбат тұратын технология. Жұрт Қытайдан шыққан бұл өнімдерді арзан деп алады. Бірақ өздерінің алданғандарын білмейді. Оның үстіне, мысалы, 500 пакет деп сыртына жазып қойған ораманың ішінде 120-130 пакет қана болады. Оны санап жатқан ешкім жоқ. Біз осыны анықтадық, — дейді
Мұндай қапшық жасайтын шикізат, негізінен, Ресей, Корея, Сауд Арабиясынан, ал оларды тез ыдырататын қоспа Англиядан, Швециядан әкелінеді. Алдағы жылы Атырауда полиэтилен шығаратын өндіріс орны іске қосылады. Шикізатты жақын жерден алу өнімнің өзіндік құнын арзандатпақ. Ал, жалпы, полиэтилен әлемдік рынокта биржалық тауар болып есептеледі.
Тегін дүниенің қашанда құны болмайды. Мысалы, Алматы, Ақтау тағы да бірқатар қалаларда супермаркеттерде пакеттерді тегін береді. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Экологиялық тұрғыдан қарағанда пакеттерді сату керек. Сатып алған нәрсенің құны болады, оны адам әр жерге лақтыра бермейді. Тегін алса, текке тастай береді. Кей елдер мұндай полиэтилен қапшықтар өндірісіне тыйым салды. Бізде де сондай ұсыныстар болды. Әйтсе де олай істесек, базардағы бұл өнімнің орнын Қытайдан келетін зиянды пакеттерге босатып бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, ыдырататын қоспа қосу арқылы өндіруге, осындай өнідірістерді қолдауға бар күшті салу керек. Біз өнімдерімізді Англияға жіберіп, арнайы сараптамадан өткізіп, сертификат алдық. Біздің өнімдер бір жылдың ішінде ыдырап бітеді, — дейді ЖШС директоры.
Қолдау демекші, аталған серіктестік бұл жетістікке «Даму» қорының қаржыландыру бағдарламалары ұсынып отырған жеңілдіктер арқылы жетіп отыр. 2008 жылы алдымен несиеге пакет өндірісі бойынша желі алды, содан соң лизингілік мәмілелерді қаржыландыру бағдарламасының артықшылықтарына иек артты. Кәсіп аясы кеңейіп, өндірілетін өнім саны артты.
Келесі кезең — қолданылған пакеттердің қалдығын қайта өңдеу. Ол үшін қалада полиэтилен пакеттерін салатын арнайы қоқыс жәшіктері қойылмақ. Бұл да «Даму» қорының қолдауы арқасында жүзеге аспақ.
– Жылына 200 тонна пакет қолданылатын болса, 200 тонна пакет қалдығы шығады деген сөз. Сондықтан тұтынушылардан пакеттің 1 келісін 30-35 теңгеден сатып алатын боламыз. Егер осының ізіне түсетін адам болса, біршама табыс табуына да болады, — дейді Б.Жүсіпов.