Қаржы мекемелерінің бірігуі жауапкершілікті күшейтеді
12 сәуірде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының қаржы нарығын мемлекеттік реттеу жүйесін әрмен қарай жетілдіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі мен Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі таратылды. Олардың қызметі Ұлттық банктің құзырына берілді.
Қазір кейбір сарапшылар Ұлттық банк пен агенттік бөлінгенге дейін бірқатар кіріккен компанияларды бір мезетте реттеу әрі қадағалау мүмкін болмағанын айтады. Екінші реттеуші мекеменің бөлек шығарылғаны да – содан. Оның негізіне елдің бас банкі мен қадағалау органы бөлек әрекет ететін ағылшын жүйесі алынды. Ал бірігу туралы мәселенің қозғалуына банктердің қызметін бақылаудан (әсіресе, дағдарысқа дейінгі сыртқы қарызды шектеусіз алуына қатысты) тыс қалдырған Ұлттық банк пен Қаржылық қадағалау агенттігі тарапына айтылған сын-ескертпелер ықпал еткенге ұқсайды.
Оның үстіне қаржы саласын реттеудегі тәсілдер мен механизмдерді қайта қарау мәселесі дағдарыс жағдайында өзекті бола түсті. Бүгінде әлемдегі барлық дерлік мемлекет дәл осыған көңіл бөлуге мәжбүр.
Еске түсірсек, Ұлттық банк пен Қаржылық қадағалау агенттігінің басын біріктіру жөнінде 2009 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын басқарып тұрған Қайрат Келімбетов ұсынған болатын.
Оның пікірінше, мұндай қадам қаржы саласындағы қадағалауды күшейтіп, банк жүйесінің қолайлы кезеңде қаржы жинақтап, қиыншылық кезеңде экономиканы қаржыландыруына түрткі болады. Сонда экономиканың қалыпты дамуы жағдайында «мықты реттегіштің» банктерге қояр талабы күшті болып, олардан «қауіпсіздік жастығын» дайындап отыруды талап етер еді. Әрі дағдарыс кезінде заемшыларға қоятын талаптар тым қатаймас еді. Мұндай реттегіш банктер қаржыландыратын жобаларды тиімді бақылауға, қаржы мекемелерінің оффшорлық юрисдикциясын қатаң қадағалайтын еді.
Бірақ бұл бір күнде атқарылатын шаруа емес екені белгілі. Сондықтан Қ.Келімбетов бұл мәселені 2010-2011 жылдары талқылауға шақырған-тұғын.
Жақында Қаржылық қадағалау агенттігін басқарған Елена Бахмутова екі мекемені біріктіру жайында «бұл тартымды, бірақ тиімсіз» деп бағалады. «Бақылау мәдениеті кез келген мәдениет секілді сиқырлы таяқшаның көмегімен пайда болмайды. Ол үздіксіз, біртіндеп, көп адамның еңбегі мен тәжірибесі арқасында жүзеге асады», – деді ол.
Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы:
«Ұлттық банк те, ҚҚА да қаржы нарығын реттеуші. Біріншісі Ұлттық банк туралы заңға сәйкес, банк қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, екіншісіне бақылау-қадағалау қызметі жүктелген. Екі құрылым да медальдің бір жағы іспетті.
Қазіргі кезде экономикадағы ақша массасының көлемі Ұлттық банк тарапынан реттеледі. Ал оның қаржы жүйесіндегі қозғалысын ҚҚА реттейтін. Экономикада ақшаны осылайша реттеудің тиімсіздігі соңғы жылдары Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің өзгеруі банктердің несие мен депозит мөлшерлемесінің өзгеруіне ықпал етпеуінен көрінеді. Реттеуші, бақылаушы және қадағалаушы органдардың бытыраңқылығы инфляция көрсеткіштерінің өзгерісіне де әсер етеді. Әрине, соңғы жылдары тауарлар мен қызмет көрсету бағасының өсуіне қарай туындайтын баға инфляциясының проблемасы жиі айтылады. Сонымен қатар қаржы институттарының әрекеті ақша массасының өзгеруіне әсерін тигізетінін де ескерген жөн. Себебі қаржы институттары несие бойынша жоғары мөлшерлеме арқылы тауарлар мен қызмет көрсету бағасының көтерілуіне, сондай-ақ экономикадағы ақша массасының көбеюіне әсер етеді.
Қаржы нарығын реттеуші Ұлттық банк пен ҚҚА-ны біріктіру қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етіп, реттеу нәтижесіне қатаң жауапкершілікті қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл қаржы нарығын реттеуде жүйелілікке жетуге және мемлекет қаржы секторына бөлген қаржының пайдаланылуын және оның қайтарымын бақылауға мүмкіндік береді. Әлемдік реттеуге келсек, бұл арада қатаң бір қағида жоқ. Нәтиже біреу-ақ болуы тиіс – қаржы жүйесінің тұрақтылығы. Экономиканы мемлекеттік реттеуді күшейту тұрғысынан осы екі құрылымды біріктірудің маңызы бар. Ендігі мәселе – жұмысты тиімді жүргізу. Қаржы саласында мемлекеттік саясат болуы керек. Дүниежүзілік процестерді мониторинг жасайтын қоғамдық пікірлесу қажет».
Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымының докторы:
«Бұл бұрыннан бері қолға алынатын мәселе еді. Агенттік әу бастан-ақ өз бетінше дербес мекеме болған жоқ. Оны Ұлттық банктің бюджетінен қаржыландыратын. ҚҚА ешқашан өздігінен шешім қабылдаған емес. Ұлттық банктің мамандарымен кеңесіп барып қабылдайтын. Заңды түрде бірігуі дұрыс, себебі жауапкершілік артады. Бір-біріне сілтеп отырмайды. Алайда Ұлттық банк уақытының көбі банк саласын қадағалауға кетсе, оның ақша-несие саясатына әсер ете ме деп ойлаймын. Ал өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігін о бастан-ақ ашпау керек еді. Оған жүктелген қор нарығын қадағалау қызметі Ұлттық банк пен Қаржылық қадағалау агенттігі атқара беретін шаруа. Сондықтан бұл да өзегі жеткен мәселе деп ойлаймын.
P.S.
Бір қызығы, Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко былтырғы сәуір айында осы бірігуге қарсы екенін айтқан.
Бас банкир: «Агенттік пен Ұлттық банкті біріктіру қадағалау шараларын жүргізу кезінде мүдделер қақтығысына әкеулі мүмкін», – деген еді.