Қазақ бизнесі мен қайырымдылық концепциясының ара қатынасы қалай?
Қайырымдылыққа қатысты бизнес әлемінде көптеген қағидалар бар. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Бір қолыңмен берсең екінші қолыңмен аласың» дегенді бүгінде әрбір қазақ кәсіпкері жадында ұстағысы-ақ келеді. Жалпы, бизнестің қайырымдылық қағидаларын ескерер болсақ, қайырым мен мейірімді атақ шығару үшін әсте қолдануға болмайды. Осыны ескергендіктен Батыс елдеріндегі бизнес біліктілері «қайырымдылықты неғұрлым жарияламай жасырын істесең, соғұрлым табысың еселенеді» деседі.
Өкініштісі сол, қазақтың қазіргі бизнес серкелері қызды-қыздымен қайырымдылықты атақ шығарудың жаңа тәсіліне айналдырып алғаны да жасырын емес. Мысалы, жетімдер үйіне бір теледидар мен бір компьютер сыйлап, сонысын бүкіл БАҚ өкілдерін шақырып алып көрсетіп, өзін-өзі жарнамалап жүргендер бізде жетіп-артылады. Мұндай әрекеттерге қарап «біздегі қайырымдылық концепциясының сипатының жеткен жері осы» дейсің амалсыз.
Негізінен, қайырымды іс жасауда шын мұқтаж адамның алғысынан артық разылық жоқ. Бастысы көрсетілер қайырымдылық ешқандай есепсіз, айла-амалсыз, жарнамасыз, шынайы болғаны жөн. Бұл жөнінде отандық қаржыгер Ғалым Байназаровтың: «Қайырымдылық жүректен шынайы шығуы керек. Қайырымды істің кейін қайтымы болады-ау немесе осы арқылы ұпай жинаймын ғой деген оймен жасау дұрыс емес. Мұндайда сізге кірер кіріс теріс айналады. Абзалы қайырымдылық ілімін жетілдіріп, арнайы жоба жасап отыру керек» дегені бар еді.
Қайырымдылықтың да «ақылды-ақылсызы» болады
Бағамдасақ, қайырымдылықтың да ақылды-ақысызы болатын көрінеді.
Мысалы, қандай да бір кәсіпкер балалар үйіне қымбат теледидарлар, унитаздар әкелді делік, шатыр, дуал орнатты, тіпті лагерьлерге балаларды демалуға апарды делік. Рас, бұл – қайырымдылық. Бірақ нақ осы қайырымдылықты мамандар «ақылсыз» қайырымдылыққа жатқызады. «Өйткені бұл игі істер балалар үйіндегі негізгі әлеуметтік мәселелерді шешпейді. «Бүгінгі күні балалар үйінің тәрбиелеушілерінің біліктілігін арттыру, балаларды ересек өмірге дайындау үшін және басқа көмектер қажет» дейді мамандар.
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
- Жоғарыдағы ресурстар текке кетіп, жәрдем нысанадан тыс кетеді. Сол барлық қымбат дүниелерді, теледидарларды жинап алып, сатып, бірнеше ұзақ мерзімді жобалар жасауға болар еді. Жобалар балалар үйінің жұмыс жасау жүйесін, ұжымды, балаларды өзгертетін еді. Бұл дегеніміз жүйені, қарым-қатынасты өзгертетін, стереотиптер мен мифтерді жоятын «ақылды» қайырымдылық болатын еді. Тағы бір мысал, жетім балалар жазда лагерьлерге кетіп, уақыттарын босқа өткізетін жағдайды алайық. Әрине, бұл да дұрыс. Бірақ мұның орнына өзге де шетелдерде тренингтер, семинарлар, оқыту арқылы оларды ересек өмірге дайындауға болады емес пе? Ертеңгі күні бұл оларға маңыздырақ болатын еді. Міне, біздің қазақ бизнесіндегі қайырымдылық жасау мәдениеті осындай деңгейге көтерілсе, біздің болашағымыз да жарқын болар еді.
Сөйтіп, мамандарымыздың пайымдауынша, қайырымдылық ілімін сызып, жобасын жасақтау елде қайырымдылық жасау мәдениетін көтереді. Бұл – біздің отандық бизнес үшін нақ қазір қажеттілік.
Мейірімділікті жоспарлау мүмкін бе?
Сөйтіп, ғылыми тұжырым бойынша қайырымдылық жасауға да арнайы жоспар құрып, дайындалу керек екен. Ол үшін алдымен өзіңізге-өзіңіз «Қайда? Қалай? Не үшін?» деген сауалдарды қоя білгеніңіз жөн. Мысалы, «қайда» деген сұрақ сіздің қай жерде, қандай қайырымдылық жасайтыныңызды анықтайды. Сөйтіп, бұл сауалды өзіңізге жиі қою арқылы сіз өз қажеттілігіңізді де өзгені де қанағаттандыра алады екенсіз. Ал «қалай» деген сауал сізді қайырымдылық жасауға жан-жақты дайындалуға бағыттайды. Демек, сіз жай ғана қайырым жасай салмайсыз, бұл орайда мұқтаж жанға не қажеттігіне зерттеу жасайсыз. Осыдан кейін сіз ізгілікті істі жоспарлағанда жоспар бойынша өзіңізді ұстана білдіңіз бе? Осы сауалдың астарына үңіліп көріңіз. Қаржы кеңесшілерінің айтуынша, алға белгілі бір мақсаттар қойып, ол мақсаттарды тізіп, оған жетудің бағасын біліп, мерзімін анықтау қажет.
Негізінде, жоспарлауға қатысты жоғарыда айтылған әрекеттер қайырымдылық жасай отырып, қалтаңыздағы қаржыны бақылаудың бір бөлігі болып табылады. Егер сіз «қайырымды іс жасауға кеткен шығысты келесі бір бизнес жоспарды іске асыру арқылы орнын толтырамын» деп ойласаңыз, ізгі істен аянбаңыз. Тіпті «қайырымды іс жасау үшін бұрын жоспарланған мақсаттардың бірін құрбандыққа шалсаңыз да артықтық етпейді». Мұндай қайырымдылықтың сізге керісінше күш-қуат беретінін ғылым әлдеқашан дәлелдеген.
Қайырымдылықтың формуласы қазақтың генінде бар
Жалпы, қайырымдылық тұрғысында Алаш айнасы пікірлескен мамандардың дені қарапайымдылыққа бастайтын формула қазақтың генінде бар дүние екенін нықтай түседі. Сондықтан сауатты түрде жетілдіріп жіберсе, әр істің басы-қасында жүрген қазақ азаматтарының қайырымдылық мәдениетін тереңдете алатынына күмәніміз де жоқ. Бұл турасында, жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары Бақытжан БЕКМАНОВ былай дейді:
- Қайырымдылықтың негізгі формуласын француздар альтруизм деп санайды. Алтуризм дегеніңіз - басқаларға риясыз қызмет етуге тырысу. Бұл эгоизмге қарама-қарсы сезім. Бұл ұғымды гендік теорияға енгізген француз философы әрі әлеуметтанушысы О. Конт. Ол бойынша альтруизмнің «басқалар үшін өмір сүр» қағидасы қоғамды моральдық тұрғыда жетілдіруге көмектеседі. Біздің жадымызда жүруі тиіс нәрсе - марапат пен мадақтау күтпейтін альтруизм түрі қазақтың генінде басым. Сондықтан альтруизм қазаққа таңсық дүние емес. Ендеше болашақта қазақ кәсіпкерлерінің қайырымдылық, ізгілік көрсету мәдениеті жоғарылайтыны даусыз. Себебі қазірде көптеген іскерлік танытып жүрген кәсіпкерлеріміз халыққа пайдалы істер атқарып жатқаны шындық. Бізге жабайы кәсіпкерліктен арылатын кез әлдеқашан жетті. Сондықтан әрі қарай кәсіпкердің әлеуметке көмек қолын созуын жетілдіреміз десек, халықаралық тәжірибеге сай, заманға лайық бастамаларды қолға алып оларды жетілдіргеніміз жөн.