Қазақ киім-кешекті қашанғы өзгеден сұрайды?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласының даму қарқынына көңілі толмайтынын білдіргенін білеміз.
Өткен айда «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң жобасы Мәжілісте талқыланғанда, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева: «Елімізде бір ғана мамандандырылған арнайы киімдердің жылдық бюджеті100 млрд теңгеге жуықтайды екен. Ендеше, осындай киімдерді сатып алу арқылы біздің осы көлемдегі қаражатымыз сыртқа кетіп жатқаны белгілі. Ал енді жоғарыда аталған заңның кейбір тетіктерін жетілдіру арқылы отандық текстиль саласын жетілдірсек, жоғарыда аталған сомадағы қаражат саланы жандандырып жіберуге жеткілікті емес пе?» деді.
Отандық киім өндірісі саласын дамытудың бір ұшы заң аясында жатқаны анық. Орта кәсіпкерлік сала мен мемлекет арасында белсенді байланыс болса, отандық киім өндірісі саласы жанданар еді. Алайда, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Любовь Худова кәсіпкерліктің дамымауын салықтан көреді. «Жағдайды реттеу үшін осы саладағы кәсіпорындарға қосымша құн салығын азайтып, 5 жыл бойы салық салмау қажет. Сонда ғана отандық кәсіпорындардың аяғынан тік тұрып кетуіне мүмкіндік бар. Қазір елде сырт киім бойынша импорт экспорттан 200 есе. Сондықтан, шетелдік тауарлармен бәсекелестікте озу үшін бұл саланы салықтан құтқару керек» дейді Любовь Худова. Шынында, Қазақстандағы киім-кешектің 70 пайызы бізге Түркия, Қытай, Ресей және Қырғызстаннан келеді екен. Осылайша, өзіміздің өнімдерімізді өзге елдердің киімдері басып қалған.
Тігіншілікпен айналысып жүрген кәсіпкер Құмар Жұмахан: «Жеңіл өнеркәсіп саласында шикізат тапшы, құрал-жабдық ескі, жаңа технология мен жұмысшы кадрлар жетіспейді. Отандық тоқыма-тігін өнімі ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтеп тұр. Елдегі киім-кешектің 90 пайызы бізге импорт арқылы келуде. Импорт қос өкпеден қысқаннан кейін жеңіл өнеркәсіптің жаны шығар-шықпас күйде» дейді.
Міне осылайша, арзан бағамен сырттан келетін киім-кешектің көптігінің кесірінен біздің кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіптен қашқақтайды. Кәсіпкерлердің киім өндірісінен қашуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, өндірісті жабдықтауға мол қаржы, үлкен бейнет керек. Екіншіден, біздің елде отандық киім өндіруге арналған құрал-жабдық, инфрақұрылым дамымаған. Үшіншіден, қолжетімді дайын өнім – импортқа әбден бауыр басып алдық.
Алайда, бұл бізде отандық киім өндірушілер жоқ деген сөз емес, бар. Бірақ қазір біздегі киім тігумен аты шыққан мекемелердің көбі – сән үйлері. Аты айтып тұрғандай, олар көбіне киімдерін дөкейлерге, эстрада әншілеріне арнап тігеді. Бағалары да қымбат. Мысалы, Аида Қауменованың ұлттық брендтегі киімдері 120-300 мың теңге аралығында. Құралай Нұрқаділова, Лидия Досалина, Сәкен Жақсыбаевтың киімдері қарапайым халық үшін қолжетімсіз. Бағаның қымбаттығы – бір. Екіншіден, отандық киім өндірісінде бәсеке жоқтың қасы. Заман талабына сай сәнді киімдер арзандау бағамен сатылса, тігін фабрикаларының тамырына қан жүгірер еді.
Бізде өнімдерін өзімізге ұсынып қана қоймай, шет елге экспорттап, басқа мемлекеттерден шығатын киімдерге бәсекелес бола алатын отандық киім тігетін мекемелер де бар. Мысалы, «KaznexІnvest» компаниясы Қазақстанда жасалған өнімдерге сервистік және қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бұл жайында компанияның PR-менеджері Анар Шүкіровадан сұрағанымызда, «Біздің компания отандық киім өнімдерінің көрмесін, шет елдерге таныстырылымын үздіксіз жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылдары компания тарапынан спорттық киімдер шығаратын «КазСПО-N», ерлер костюмдері мен мектеп формасын дайындайтын «Гласман», аяқ киім өндірумен аты шыққан «Казлегпром – Алматы», әйелдер киімін шығаратын «Inspiration» компанияларының өнімдерін шет елге экспорттау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, алматылық «Ажар», семейлік «Роза», тараздық ««ПОШ-Тараз», ақтөбелік «Сириус-Оптиум», оралдық «Девятко», шымкенттік «Гауһар» сынды отандық киім-кешек өнімдерін шығаратын компанияларға сервистік және қаржылай қолдау білдірілді» деп жауап берді Анар Шүкірова.
«Казлегпром – Алматы» мекемесін атақты деуіміздің себебі бар. Өйткені, кейбір шенеуіктеріміз осы мекеменің аяқ киімдерін киім жүр. Фабрика директоры Айбек Бектұрғановтың айтуынша, кәсіпорында қазіргі уақытта 450-ден астам адам жұмыс жасайды. «Фабрика жанынан екі айлық оқыту курстары ашылған. Мұнда жылына 500 мың жұп аяқ киім, 1,5. млн жеңіл киім костюм-шалбар, жейде, күртеше, тағы да басқа киім түрлері шығарылады» дейді мекеме басшысы.
«Гауһар» тігін фабрикасының да бүгінде аты озып келеді. Фабриканың директоры Әнипа Халбаева: « Бұрын біздің мекеме негізінен қорғаныс, төтенше жағдайлар саласы мамандарына қажетті арнайы киімдер тігетін. Ал бүгінде сәнді де сапалы, заман талабына сай өнімдер шығарып жүрміз. Мемлекеттің қолдауының арқасында 3 өндіріс ошағын ашып, 450 адамды жұмыспен қамтып отырмыз» дейді Әнипа Халбаева.
Иә, отандық киім өнімдерін мемлекет үнемі қанатының астына алса, дамымағанда қайда барады? Біздің қыз-келіншектеріміз о бастан ине-жіпке икемді ғой, кәсіпкерлікке қолдау болса, қай істі де дөңгелетіп әкетуге даяр. Айтпақшы, біздегі бір мәселе отандық тігін фабрикаларының көпшілігі тек тапсырыспен ғана күнелтеді. Мәселен, қыркүйек қарсаңында мектеп формаларын тігеді, сосын тоқтап қалады. Халықаралық сапа сертификатын алу, шетелдік компаниялардың талабына сай болу сияқты жұмыстарға бас қатырмайды. Оны айтамыз-ау, отандық мекемелер өнімдерін жарнамалауға, маркетингін жүргізуге құлықсыз. Бәлкім, содан болар, біз әлі күнге шейін өзімізде тігілген киімдерді таба алмай жүргеніміз.
aikyn.kz
Түпнұсқадағы тақырыбы:
Отандық киім өндірісі неге олқы соғып тұр?